Уақыт көші көлбеңдеп, көз ұшынан ұзаса да мәнін, мағынасын жоғалтпайтын шығармалардың бірі - жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасы. Елдік пен ездік, бақыт пен қайғыны қоса өрген қаламгер шығармасы қазіргі заманда да өз маңызын жойған жоқ.
Ауданымызда қараша-желтоқсан айларында «Білгенге маржан» атты кітап оқу сайысы өткізілді. Осы кітап оқу шарасы басталар кезде бір жеткіншектің: "Айтыңызшы , неге осы шығарма таңдалды? Неге мен онсыз да тығыз уақыт кестемде осы шығарманы оқуым керек?" деп сұрақ қойған еді. Қазіргі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда бардың қадірін білуі үшін, жоғалтқан қанағат сезімін ояту үшін барлық жеткіншек осы шығарманы оқу керек. Өмір жолында кездесетін аз ғана қиындыққа мойымауды үйрететін бұл шығарма бағыт көрсетер темірқазық болуы тиіс.. Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толған мерейтойы аясында 6-7 сынып оқушылары арасындағы байқауда «Балалық шаққа саяхат» кітабынан тест сұрақтары берілді. Осы байқауда Мұқыр ауылындағы №2 орта мектептің 6 «б» сыныбының оқушысы Айна Тілеш бірінші орынды иеленіп, қаржылай 100 000 мың теңгеге ие болды.
«Білімді жұртта білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер. Білім жарысында ақшам босқа кетті деген болмайды» деп Ахмет Байтұрсынов жазып кеткен еді. Бұл игі шараның өтуіне мұрындық болған атыраулық азамат Амандық Есқалидың еңбегі зор. Бұл осы шараны өткізу арқылы қаншама шәкірттің білім нәрімен сусындауына септігін тигізді десеңізші?! Сол үшін де мыңда бір алғыс айтамыз.
Ж. АРЫСТАНҒАЛИЕВА