Жақында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың ХХІІ сессиясы болып өтті. Сессияға аудандық мәслихат депутаты Гүлнар Каримова төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары және бөлім, мекеме басшылары қатысқан сессия отырысында алдымен аудандық жастар ресурстық орталығының өткен жылы жасалған жұмыстары тыңдалды.
Орталық басшысы Нұрбол Бижановтың айтуынша ауданда 14-29 жас аралығындағы 7979 жас бар. Оның ішінде жұмыссыздар саны – 320. Өткен жылы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастарды діни экстремизммен, терроризмнен алшақтату және жастар саясатын дамыту мақсатында 43 іс-шара ұйымдастырылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 30 жас маманға бір жолдық жәрдемақы берілсе, 15 жас бағдарлама аясында баспаналы болды. Сонымен қатар, ауданымызда былтырғы жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы қарқынды жұмыс жасап, оған барлығы 225 жас қатысқан. Өткен жылы аудан жастарының жеткен жетістіктері де аз емес. Әсіресе, Жайдарман ойындарында аудан намысын абыроймен қорғап жүрген «Сағыз», «Маями», «Тайсойған», «Қарабау құрама штаттары», «Қызылқоға жастары» командалары сәтті өнер көрсетіп, облыстық, республикалық дәрежеде толағай табысқа қол жеткізді. Сол сияқты, былтырғы жылы аудандағы округтерде жастар ісімен айналысатын мамандар жұмысқа алынып, соның нәтижесінде облыс бойынша барлық округтерде мамандары бар алғашқы ресурстық орталық болып отыр. Хабарламадан соң мәслихат депутаттары жастарды діни эстремизмнен алшақтату, «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысын жүйелеу бағытында сауалдар қойып, аудан жастарының белсенділігін арттыру керектігін тілге тиек етті.
Содан кейін күн тәртібіне сай аудандық мәслихаттың «2018-2020 жылдарға арнал-ған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Венера Төлеуғалиева хабарлама жасаса, аудан шекарасын өзгерту, 2018-2019 жылдарға арналған жайылымдық жерлерді пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту, жер салығының базалық мөлшерлемелерін жоғарылату жайлы аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Махметова баяндап берді. Одан әрі аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың кейбір шешімдері мен қаулыларын бекіту, күшін жою туралы хабарламалар жасалып, мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі баяндамалар мен ұсыныстарды бірауыздан қабылдады.
Дулат БЕРІК.
Суретті түсірген автор.