Жақында, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалымен бірлесе отырып «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын түсіндіру мақсатында «Бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.
Жәрмеңкеде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:
– «Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасына орай азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағдарламалар қабылдап, оны тиімді іске асырып келеді. Оған аудан кәсіпкерлерімен бірге еліміздегі шетел компаниялары да атсалысуда. Бүгінгі бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне облыстағы бірқатар шетел компаниялары қатысып отыр. Сондықтан, жұмыс іздеушілер мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие, – деді.
Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов жәрмеңкенің мақсатын түсіндіріп, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі. Аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында ұйымдастырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне алты шетел компаниясы қатысып, 381 жұмыс орындарына сұраныс берді. Солардың бірі – «Консолидейтид Контрактинг Инжини-ринг&Прокьюрмент С.А.Л. Офшор» компаниясының кадр бөлімінің аға инспекторы Гүльфайруз Оңғарбаева жұмыс іздеуші азаматтармен сұхбаттасып, түйіндемелерін қабылдады. Ұйымдастырылған жәрмеңкенің қорытындысымен 57 жұмыссызға жұмысқа орналасуға жолдама берілсе, 10 адамға несие алып, жеке ісін ашу және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жөнінде түсінік берілді. Жалпы, аталмыш жәрмеңкеге 70 жұмыс іздеуші қатысты.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.
Суретті түсірген автор.