Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Абай балаларға қуаныш сыйлады

Әлбетте, «Берсең балаға бер» дейтін халықпыз ғой. Балалардың жайдарлы жүздері мен қуанышты көңілдеріне не жетсін шіркін! Олар ата-ананың аялы алақанын сезініп, алдыңғы буын ағалардың қамқорлығына бөленіп жатса керемет емес пе?! Міне, осыны жете сезінген кәсіпкер, «Сисенбек-Сұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Абай Сисенғалиев Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, балаларға қуаныш сыйлағанды жөн санады. Ол Миялы ауылындағы «Арай» кафесіне дастарқан жайып, аудандағы 14 орта мектептен келген 40 оқушыға құрмет көрсетті.

Шара барысында, тек қана дастарқан жайып қана қоймай, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, әз Наурыз» атты концерттік бағдарлама ұсынылып, дастарқан басында балалар асық ату, арқан тартыс, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындардан сынға түсті.

Өз кезегінде сөз алған кәсіпкер Абай Есенғалиев барша шараға қатысушыларды әз Наурыз мерекесімен құттықтап, жоғарыда айтқан қырық оқушының әр қайсысына 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріп, «Елдің абыройлы асқақ азаматы деген атқа лайық болыңдар», – деп тілек білдірді. Одан соң сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов:

– Барша бүлдіршіндерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Мерекеде сіздерге арнап, осындай шара ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған кәсіпкер Абай Есенғалиев ағаларың. Бүгінгі күні ол өзінің осындай жетістікке жетіп, туған жеріме кішкене де болса қол ұшымды созсам деп жүрген азаматтардың бірі. Халқымызда «Балаңды тәрбиелеймін десең алдымен өзіңді тәрбиеле» деген әдемі сөз бар. Иә, біз қандайма ісіміз болмасын өзімізден кейінгілерге үлгі боларлықтай іс болуы қажет. Соны көріп өскен бала болашағын да солай бағдарлайды. Бүгінгі шара да соның бір бөлшегі. Ағаларының қамқорлығын, қайырымдылығын көріп өскен балалар жаман болмайтыны белгілі, – деді.

Сөйтіп, қайырымдылықтың қадірін арттырған Абай Сисенбекұлы жас ұрпаққа ұмытылмас ұлағат сыйлады. Ендеше, осындай азаматтар ауданымызда көп болса игі дейсің.

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT