24-26 қараша күндері Талдықорған қаласында қазақ күресінен ардагерлер арасында алғаш рет ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында жерлесіміз Жандос Тілекбаев жеңіс тұғырына көтеріліп, алтын медаль иеленді.
Еліміздің барлық облыстарынан 150-ден астам ардагер палуан қатысқан байрақты бәсекеде 40-44 жас аралығында 70 келі салмақта сынға түскен Жандос Тілекбаев төрт белдесу өткізіп, барлығын да таза жеңіспен ұтты. Ақтық белдесуде самбодан екі дүркін әлем чемпионы алматылық Самат Алтыбаевпен кездесіп, жауырынын жерге тигізді. Сондай-ақ, дүбірлі додада 35-39 жас аралығында +100 келі салмақта белдескен тағы бір жерлесіміз, мұқырлық Бекболат Салықов та қарсыласын шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Ел чемпионатынан жеңіспен оралған Жандосты ауыл сыртынан әріптестері мен шәкірттері қарсы алып, қошемет көрсетті.
Айта кетсек, бүгінгі күні Миялы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, Атырау облысы бойынша жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аға жаттықтырушы болып жұмыс жасап келе жатқан Жандос Тілекбаев самбодан Қазақстан чемпионы, ардагерлер арасында әлемнің қола жүлдегері атанса, қазақ күресінен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Ендеше, облыс намысын қорғап, аудан абыройын асқақтатқан білекті палуан, білікті бапкер Жандосты жеңісімен құттықтап, алдағы сайыстарда да жеңіс тұғырынан көріне берсін демекпіз.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.