26 тамыз күні Астана қаласында қазақ күресінен Азия чемпионатының жалауы желбіреп, оған сары құрлықтың маңдайалды балуандары түгел жиналған болатын.
Дүбірлі додаға білек сыбана кіріскен балуандардың ішінде жерлестеріміз Нұрболат Ізімғалиев пен Наурызбек Майлашов та болды.
66 келіде күрескен Нұрболат алғашқы белдесуде түркіменстандық балуаннан айласын асырса, екінші белдесуде тәжік мықтысын жеңді. Алайда, тәжікпен күрес оған оңайға соқпады. Белдесудің алғашқы секундтарының бірінде иығын шығарып алған ол дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Шыққан иығын салдырған соң, кілемге қайта оралған Нұрболат бір қолын ауырсынып жүрсе де, намысқа тырысып, ақыры тәжік балуанының жауырын жер иіскетті. Нұрболаттың бұл ісін көбі ерлікке бағалап, зал толы жанкүйер орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті. Сөйтіп, ақтық сынға шыққан жерлесіміз жарақаты салдарынан моңғол балуанынан жеңіліп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Ал, 74 келіде белдескен Наурызбек Майлашов қырғыз балуанынан жеңіліп, Үндістан елінің өкілін ұтып, жартылай финалға шықты. Үшінші орын үшін болған тартыста тәжік балуанын таза жеңіп, Азия чемионатының қола жүлдегері атанды. Бір күнде қос медаль иеленген жерлестер Қызылқоға күресімен күллі Азия құрлығы санасатынын көрсетті.
Дулат БЕРІКҰЛЫ.