Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Ізғұлов атындағы турнир ізгіліктің өнегесі болды

Өткен аптаның жұмасы күні аудан орталығы Миялы ауылында дүйім жұртты дүбірге бөлеген дода болып өтті.

Ол аудан дамуына өлшеусіз үлес қосқан атпал азамат, бірегей тұлға Төкен Ізғұловты еске алуға арналған қазақ күресінен Батыс аймақтық турнирі. «Жастар» паркінде өткен додаға Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан сайдың тасындай іріктелген елуге жуық балуан қатысты.

Балуандар бәсекесі 66 және 100 келі салмақ дәрежелерінде өтті. Бұл турнир туралы аудандық «Қызылқоға» газетінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлағандай 66 келіде жерлесіміз Наурызбек Майлашев жеңімпаз атанып, бірінші орынға тігілген автокөлікке ие болса, одан финалда ұтылған атыраулық Айболат Ыстыбай 1 миллион теңге байраққа ие болды. Ал, үшінші орын үшін болған белдесуде маңғыстаулық Әмірбек Жеңісовті ұтқан тағы бір жерлесіміз Аманбек Аруов қола жүлдемен қоса 500 мың теңге сыйақыны қанжығасына байлады.

Ең тартысты белдесулер 100 келі салмақта өтті. Апайтөс атан жілік палуандардың белдесуінде жерлесіміз Сұңғат Закарияев қарсыластарын түгел ұтып, бас бәйгеге тігілген екінші автокөлікті иеленсе, екінші және үшінші орындарды атыраулық Арман Қалиев пен батыс қазақстандық Ерназар Хамзин өзара бөлісіп, оларға да 1 миллион және 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал, жарыс барысында үздік техникасымен көзге түскен Айболат Ыстыбайға Ізғұловтар әулеті ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, жеңіске деген жігері үшін тағы бірнеше балуан арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ізғұловтар әулеті ұйымдастырған дүбірлі дода барысында «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Нұрлыбек Мамай, Аян Сейітов сынды өнерпаздар ән мен әзілден шашу шашты. Ал, жарыс аяқталған соң сахнаға жерлесіміз Шалқарбай Ізбасаров пен ақтөбелік Қайнар Алагөзов шығып, айтыс көрігін қыздырды. Сөйтіп, аудан халқына ұмытылмастай қызық сыйлаған Ізғұловтар әулеті ертесіне «Ақнұр» мейрамханасында әкелеріне ас беріп, ұлағатты ұрпақ екендіктерін тағы бір дәлелдеді.

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

Суреттерді түсірген: Жайлау ТАЛАСОВ.

Көліктен бұрын көңіл қымбат Бір жарыста қос бірдей көлік тігу бұрын-соңды аудан тарихында болмаған оқиға. Жарысты ұйымдастырушылардың тіккен көлігінен бұрын көңіліне риза болдық. Асқар тау әкесін еске ала отырып, бүкіл Батыс аймағына сауын айтып, қазақ күресінен жарыс өткізу Төкен ағамыздың ұрпақтарының көрегендігін көрсетті. Жарыста жеңімпаз атану оңай болған жоқ. Алғашқы белдесулерде өздеріңіз көргендей ауылдас інім Кенжеғали Закария мен атыраулық Шынболат Хасановтан басым түсіп, жартылай финалда самбо күресінен спорт шебері Аманбек Аруовты ұпай санымен ұтып, ақтық сынға шықтым. Финалдағы қарсыласым дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, спорт шебері Айболат Ыстыбай болды. Аллаға шүкір тартысты өткен белдесуде оны да жеңіп, жарыс жеңімпазы атандым. 100 келіде Сұңғат бауырым жеңімпаз атанды. Бұл жарыста жеңбесек бізге сын болары анық. Маған жерлестер алдында күреспегелі де он шақты жыл болған екен. Жерлестердің қошеметі демеу беріп, соның арқасында жеңімпаз атандым. Сөйтіп, елдің де, бапкерлердің де сенімін ақтадық.

Наурызбек МАЙЛАШЕВ,

жарыс жеңімпазы.

Қазақстан чемпионатынан кем болмады Миялыдағы бұл жарыс өзіме ерекше әсер етті десем болады. Турнирдің ұйымдастырылуы, тігілген жүлделер, жарыстың өтуі барлығы да жоғары деңгейде. Жарыс Батыс аймақтық аталғанымен Қазақстан чемпионатынан кем болмады. Себебі, бұған батыстың «сен тұр, мен атайын» дейтіндей жігіттері қатысты. Арасында әлем және Азия чемпиондары, «Қазақстан барысына» қатысушылар бар. Менің тағы бір риза болғаным – бұл турнирде кіші салмақ дәрежесінің ескерілуі. Бұрын осындай еске алу мен ас беру турнирлерінде көлік көбіне түйе балуандарға тігілетін. Бұл жолы түйе балуандар емес кіші салмақтағылар белдесті. Есесіне жарыс қызықты да, тартысты өтті.

Бақтыбай ҚИСЫҚОВ,

Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы, ұлттық дәрежедегі төреші.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT