Өткен аптаның сенбісі күні Миялы спорт кешенінде спортшылар күніне орай волейболдан әйелдер арасында аудандық ашық турнир болып өтті.
Турнирді ашқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекнұр Әжіғалиев мерекелік құттықтаудан соң аудан спортының дамуына үлес қосып, тәрбиелеген шәкірттері облыстық, республикалық сындарда аудан намысын қорғап жүрген Шойын Ізімқұлов, Бауыржан Досқалиев, Шынар Күздеубаева, Ақжол Ғатауов, Жомарт Есетовтерді аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, 11 жасар тоғызқұмалақшы Рауан Сисенғалиға «Спорт шеберіне үміткер» куәлігін тапсырды. Мерекелік құттықтау мен марапаттан соң әуедопшылар алаңға шығып, жарысты бастап кетті. Жарысқа Атырау қаласынан және Ойыл, Жангелдин, Миялы ауылдық округтерінен барлығы төрт команда қатысып, нәтижесінде атыраулық арулар топ жарса, Миялы ауылының құрамасы екінші орынды жеңіп алды. Ал, ойылдық қыздар үшінші орынды қанағат тұтты. Жарыстың «Үздік ойыншысы» атағына Әсем Серік, Айзада Алмазқызы, Шұғыла Тәжбен, Әсем Жәнібековалар лайық деп танылды. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері диплом мен кубоктармен марапатталды.
Дулат МӘТЖАН.