Төрткүл дүние көз тігіп, күллі жанкүйерді Ресей еліне телмірткен футболдан әлем чемпионаты өткен жексенбі күні өз мәресіне жетті.
Отыз екі үздіктің ішінен дара шығып, оза шапқан Франция мен Хорватия Мәскеудегі «Лужники» стадионында финалда кездесіп, кубок тағдырын сарапқа салды. Футбол мамандары чемпионат басталмас бұрын Францияны үміткерлер қатарына қосқан болатын. Фовариттер қатарында Франциядан бөлек Бразилия, Аргентина, Германия, Испания сынды мықтылар да болды. Бірақ, бұлардың ешқайсысы жартылай финалға жете алмай, елдеріне ерте қайтты. Бұл орайда Хорватияның финалға шығуы кішігірім сенсация болды.
Финалдық ойында қос команда да аянып қалмады. Жастардан жасақталған Франция құрамасы жасындай жарқылдаса, орта шебі оғыландардан құралған хорваттар да қалыспады. Ойынның он сегізінші минутында француздар тепкен айып допты Марио Манджукич өз қақпасына абайсызда салып алды. Араға он минут салып Хорватия құрамасы есепті теңестірді. Домагой Видадан пас алған Иван Перишич дәл соққы бағыттап, француз қақпашысын қапы қалдырды. Содан кейін тартыс тіптен қыза түсті. Сондай қарбалас сәттің бірінде допты қолмен ойнағаны үшін Хорватия қақпасына пенальти белгіленіп, оны Антуан Гризман мүлтіксіз орындады. Сөйтіп, бірінші тайм 2:1 есебімен француздардың пайдасына шешілді. Екінші таймда да қос қарсылас ойын қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Әсіресе француздардың қарқыны қатты болды. Он минуттың ішінде қос француз Поль Погба мен Киллиан Мбаппе бір-бірден гол соғып, есепті еселеді. Намысқа тырысқан хорваттар ойын соңына дейін есепті теңестіруге тырысты. Хорваттардың қайта-қайта жасаған шабуылынан қаймықты ма, француз қақпашысы пас беруде қателесіп, соны ұтымды пайдаланған Марио Манджукич гол соғып кетті. Ойын одан әрі алма-кезек шабуылмен өрбіді. Сөйтіп, тоқсан минут түгесіліп, төреші ысқырығы естілді. Есеп 4:2. Франция екі дүркін әлем чемпионы! Франция құрамасы бұған дейін 1998 жылы өз елінде өткен додада алғаш рет чемпиондық тұғырға көтерілген еді. Міне, араға жиырма жыл салып, сол жетістіктерін қайталап отыр. Ал, жарыстың қола жүлдесін Бельгия құрамасы жеңіп алды. Олар үшінші орын үшін болған додада ағылшындарды 2:0 есебімен жеңді. Бір айға созылған турнирдің «Үздік сұрмергені» болып алты гол соққан ағылшын Гарри Кейн танылса, «Үздік ойыншы» атағы хорват Лука Модричке, «Үздік жас ойыншы» атағы 18 жастағы француз Киллиан Мбаппеге берілді. Ал, Бельгия қақпасын күзеткен Тибо Куртуа «Үздік қақпашы» атанды. Сөйтіп, Ресейдегі футбол тойы тәмамдалып, чемпионат эстафтетасы 2022 жылы әлем чемионатын өткізетін Катар мемлекетіне жолданды. Осы орайда, айта кетейік биылғы доп додасы қызылқоғалық жанкүйерлер үшін де ерекше есте қалды. Өйткені, аудан әкімі Арман Баженовтің бастамасымен Миялыдағы «Жастар» паркінде ашық аспан астында футбол тамашалайтын экран қойылып, жанкүйерлерге ерекше сый жасалды. Аталмыш экраннан барлығы жиырмаға жуық матч көрсетілді. Ал, жартылай финалдық ойындар алдында жанкүйерлерге қай команда ұтатыны, кімдер гол соғатыны жайлы сұрақтар қойылып, ойын соңында нәтижені дәл тапқандарға «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігі атынан сыйлықтар берілді.
Осы орайда, айта кетейік әлем чемпионаты басталмас бұрын біздің басылымда да «Болжам бәйге» сайысы ұйымдастырылған болатын. Бәйге қорытындысы газетіміздің келесі санында жарияланатынын оқырмандар қаперіне береміз.
Дулат БЕРІК.