Жақында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт сарайында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлерінен 2018 жылғы конфедерация кубогі аяқталды.
Турнирде еліміздің барлық аймағынан спорттың дзюдо, грек-рим, еркін күрес, қазақ күрестерінен, таэквондо және бокс түрлері бойынша 200-ден аса спортшы бақ сынады. Осы орайда, дзюдо күресінен Атырау облысының командасы жеңімпаз атанды. Олар жартылай финалда Батыс Қазақстан облысы командасын 4:2 есебімен ұтса, финалда Қарағанды облысы командасын дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Осы тұста, Атырау облысы құрамасы сапында қызылқоғалық Наурызбек Майлашев пен Сұңғат Закарияев белдескенін айта кетейік. Нәтижесінде, оқ бойы озып шыққан командаға бас жүлде чемпиондық кубок пен 25 000 000 теңге ақшалай сыйақы берілді.
Осы тұста, дзюдодан Атырау облысы сапында конфедерация кубогін жеңіп алған Наурызбек Майлашев:
- Биылғы жыл дзюдодан Атырау облысы үшін өте сәтті болды. Атап айтқанда, Қазақстан біріншілігінде дзюдошыларымыз жүлдегер атанса, енді міне, конфедерация кубогында жеңімпаз атандық. Жалпы, конфедерация құрамына кіретін алты спорт түрінің ішінде финалға Атыраудан жеткен біз ғана. Финал өте тартысты өтті. Қарағанды спортшылары мықты балуандардан құралған. Дегенмен, бабымыз бен бағымыз қатар шапты. Бұл турнир биылғы маусымды көтеріңкі көңілкүймен аяқтауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушыларға алғысым зор, - деп жеңістен кейінгі әсерімен бөлісті.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН.