Бүгінде, төл күресіміз қазақ күресі туралы әртүрлі пікірлер айтылып, оның айла-тәсілдері самбо күресінен көшірілген деген күмәнді ойлар туып жатқаны жасырын емес.
Осы орайда, самбо, дзюдо, қазақ күрестерінен талай шәкіртті тәрбиелеп, түлетіп ұшырған жаттықтырушылар мен ауданның мақтанышына айналған палуандарға төмендегідей сауалдар жолдап, олардың пікірлерін білгенді жөн көрдік.
1) Осы күнгі қазақ күресі самбоның көшірмесі емес пе?
2) Неге жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған балуандар ересектер арасында топ жара алмайды?
3) Қазақ күресін олимпиадалық спорт түріне кіргіземіз деген қияли арман емес пе? Сол деңгейге жеткізу үшін не істеу керек?
Мәлік СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы:
– Ешқашан да қазақ күресін самбо күресімен шатастыруға болмайды. Самбо бөлек, қазақ күресі бөлек. Қазақ күресі ежелден бабаларымыздан бері қарай жалғасын тауып келе жатқан өнер. Негізі, самбоның өзі ұлттардың күресінің жиынтығы. Қазақшаға аударылғанда, «Өзін-өзі қарусыз қорғау» деген мағына береді. Сондықтан, ежелден бабаларымыздан бері қалыптасқан дәстүрімізді орыстың самбо күресінің көшірмесіне теліп қоюымыз дұрыс емес. Рас, кеңестік кезеңде қазақ күресінің киімі самбо күресіне ұқсас болды. Өйткені, ол кездегі заман солай. Ал, қазір заман өзгерді. Қазақ күресінің ережесі де, киімі де батырлар киген киімге ұқсап өзгерді. Шүкір, қарыштап дамып келе жатыр. Қысқасы, қазақ күресін самбо күресінің көшірмесі екен деп күмәндануға ешқандай негіз жоқ.
– Шет ел де бізден кем емес. Бірақ, біздегі бапкерлерде ғылыми тұрғыда жұмыс жасау кемшін түсіп жатыр. Онымен қоса, балуандарымыздың көпшілігі әдіс-тәсілдерді кішкентай кезінде қалай үйренді, өсе келе солай жасайды. Содан келіп ұтылу пайда болады. Ал, шет елде жасөспірім кезінде бала қалай ұтылды? Қандай қателік жіберді? Міне, осының бәрін ғылыми тұрғыда зерттеп, арнайы бақылап отыратын маман бар. Жасөспірімнен жастар, ересектерге өткенде сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыстанады. Бізде де солай ғылыми тұрғыда анализ жасалуы керек. Ол жағы кемшін. Тіпті, бізде 15-20 жылдан бері дайындалып келе жатқан балуандардың өзіндік ізденісі, әрбір әдіс-тәсілге ғылыми тәжірибесі жоқ екенін көріп, көңілімізге қаяу түседі. Сондықтан, осы мәселенің шешілу жолдарын қарастырғанымыз жөн. Сонда ғана жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған спортшы жастар, ересектер арасында да әлем чемпионы болады.
– Қазақ күресінің олимпиадаға кіргенін бізде армандаймыз. Алайда, жоғарыда айтқан мәселелерді шешпей олимпиадаға кіру қиын. Ол үшін сол мәселелерді шешу керек. Онымен қоса, кең көлемде насихатталуы тиіс. Шүкір, қазір қазақ күресін жан-жақты насихаттау жұмыстары жүргізіліп, түрлі елдерде жарыстар өткізіліп жатыр ғой. Сол үрдістен айнымауымыз шарт. Сөйтсе ғана қазақ күресі жоғары деңгейге көтеріле алады. Марат ӘБДУАЛИЕВ, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы: – Қазақ күресін самбоға телуге болмайды. Өйткені, оның арасы жер мен көктей. Әдіс-тәсілдері де, ережесі де, киімі де бөлек. Бәрімізде самбомен өстік қой. Егер самбо дзюдо күресінің көшірмесі десе келісер едім. Ондағы әдіс-тәсілдерді жетік меңгерді дегендердің көпшілігі қазақ күресіне күресе алмайды. Себебі, қазақ күресіне күресу үшін өте күшті күш керек. Самбошылардың көбі сондайдан ақсап жатады. Қазақ күресінің басты айырмашылығы да осы.
– Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған балуан, жастар, ересектер арасында да чемпион бола алады. Әйтсе де, бір жасөспірім әлем чемпионы болғаннан кейін түрлі кедер-гілерге тап болады. Әуелі, қазақтығымызға салып, аяқтан шаламыз. Ұтып тұрса да, мем-лекеттік деңгейде ақша бөліп, оны ұлттық құрама сапында еркін дайындалуына жағдай жасамаймыз. Тіпті, ондай балалардың жоғарғы оқу орнына түскенде тегін оқытса жақсы болар еді. Одан қалса, бапкерлер арасында да ауызбірлік жоқ. Жоғарғы жарыстарға жеңген балуан емес, жеңіліп тұрса да аға жаттықтырушының шәкірті барады. Осындай кедергілерге тап болған жасөспірімнің одан әрі күресті жалғастырып, жүйелі түрде жаттығу жасаудың орнына басымен қайғы болып кететіні бар. Оған көп жағдайда жаттықтырушысы да араша түсе алмай қалады. Өйткені, қолынан келер дәрмені жоқ. Менің талай шәкірттерім мектеп бітіргеннен кейін әр салаға кетті. Себеп, әлгіндей жасөспірімнен, жастар, ересектерге өткесін еркін жаттығу жасауына мүмкіндік болмады. Осының салдарынан талай талантты балуандар тұншықты. Сондықтан, ересектер арасында әлем чемпионы шығаруды ойласақ, ең әуелі бапкерлердің ауызбірлігі ауадай қажет. Жарысқа бармақ басты, көз қыстылыққа салынбай, тек таза ұтқан балуан ғана баруы керек. Сонымен қатар, чемпион шығады деген балуандар тек әлем, олимпиада чемпионы болуды ғана ойлауы тиіс. Олардың бұдан басқа проблемалары болмауы тиіс. Сонда ғана жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған балуан жастардан да, ересектерден де чемпион бола алады. – Әрине, қазақ күресі олимпиадалық ойын түрлеріне кіріп жатса қуанышымыз қойнымызға сыймас еді. Ол үшін қазақ күресін жапон елі сияқты кең көлемде насихаттап, әр елде қазақ күресінен тегін семинарлар, жаттығу сабақтарын өткізуіміз керек. Сөйтсе ғана қазақ күресі жоғары деңгейге көтеріле алады деп есептеймін.
Жандос ТІЛЕКБАЕВ, Самбо күресінен ардагерлер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері:
– Өз басым қазақ күресін самбо күресінің көшірмесі дегенге келіспеймін. Оған ешқандай негіз жоқ. Қазақ күресі ежелден бабаларымызбен бірге қанымызға сіңген рухты биіктететін, ар мен намыстан құралған күрес. Оны дамыту жолында еліміздің барша азаматы күш салу керек деп ойлаймын. Бүгінде, қазақ күресін әлемге танытуға күш салынғасын ба, оның ережесі дзюдо күресіне сәйкес келеді. Бұл дұрыс бастама. Осылай жалғасын таба берсе қазақ күресі әлемдік күреске айналады деп есептеймін.
– Біз жасөспірім, жастар арасында әлемдік аренаға шыққан баланы ана жарысқа да салып, мына жарысқа да салып оның бойындағы күшті сарқып алатын сияқтымыз. Содан бала «болдым-толдым» дегендей босап қалады. Сондықтан, баланы қабілет-қарымына қарай еркін дайындаған дұрыс секілді. Әлгіндегідей шақта баланы ірі-ірі деген бір-екі жарысқа апарып, еркіне жіберіп, жасының ерекшелігіне қарай жіберіп-тартып дайындаса, ересектер арасында әлем чемпоны шығады-ау деп есептеймін. Бір таңқалатыным басқа елдің палуандары олимпиада чемпионы болса да ешқандай эмоцияға берілмей, бір қалыпты кетіп бара жатады. Ал, біздің спортшылар ұтса шексіз қуанып, ұтылса жігері құм болып, басы салбырап кетеді. Бұл орайда, психологиялық дайындығымыз да өте төмен-ау деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазір барлық жағдай жасалған сайын бала әлсізденіп барады. Демек, чемпион шығару үшін баланы орта деңгейде дайындағанымыз дұрыс деп санаймын.
–Қазақ күресі олимпиадалық спорт түрлеріне кіріп жатса әрине қуаныштымын. Ол үшін барлық қазақ күресін дамытушылар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұдырықтай жұмылу керек. Жыл сайын әлемдік деңгейде жарыстар ұйымдастырылып, қаржыны аямай бөлсе ғана қазақ күресі олимпиадалық спорт түрлеріне кіреді деген ойдамын.
Сауалнаманы жүргізген: Бауыржан АМАНҰЛЫ.