Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖОЛДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕРДІ ЖОЮ КЕРЕК

«Қызылқоға» газетінің №38 (7190) 17 қыркүйек, 2020 жылғы санында жарияланғанындай, 9-11 қыркүйек күндері аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе облысы Ойыл өзенінің бастауына арнайы экспедициямен бірге барып қайттым. Сол экспедициядан түйгенім - Ойыл өзенінің арналары мен сағаларын, өзенге құятын Қиыл, Кенжалы өзендерінің иіндерін қалың қамыс, қоға, құба тал секілді өсімдіктер жайлап кеткен.

Тарихқа көз жіберсек, 1843 жылы Ресей империясының Санкт-Петербург ғылым академиясының кореспендент мүшесі болған Николай Владимирович Ханыков Солтүстік Каспий маңы мен Мұғалжар тауларынан бастау алатын өзендерді жан-жақты зерттейді. Оның жазбаларына қарағанда, , Ойыл, Жем, Сағыз өзендері батыс бағытқа көлденең ағады. Сол себепті ағысы өте жәй. Өзен бойымен бұлақ көздерін балдырлар мен қамыс, қоғалар бітейді. Жаздың күндері суы құрғап, қыста түбіне дейін қатып қалмас үшін өзен бойын мекендеген малшылар бұлақ көзін өз күштерімен тазалайды. Демек, ХІХ ғасырдан-ақ Мұғалжар тауларынан ағатын өзендерді сол кездегі халық өз күшімен тазалап отырған. Сондықтан, Н.И.Ханыковтің «Мередиан сызығына қарсы көлденең ағатын өзендердің ағысы жәй болады деген гипотезасы шындыққа жанаса ма?» деп ойлаймын.

Неге десеңіз, таулардан ағатын көптеген бұлақ көздері бүгінгі күндері бітелген. Оның үстіне, өзен көлденең жәй ағатын болса, ағысын қамыс пен қоға басып тастайды. Сөйтіп бұл өзендердің ғұмыры қысқа болады. Бұл ретте, Ойыл өзенінің суы біздің ауданға жету үшін өзеннің арналары мен сағаларын, Ойыл өзеніне құятын Қиыл, Кенжалы өзендерінің қилысатын жерлердегі иіндерін қамыс, қоға, құба талдардан тазарту кезек күттірмес мәселе. Осы орайда, Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдері бір шешіміге келіп, тізе қосып жұмыс атқарса қандай жақсы?! Сондай-ақ, Ойыл өзенін Үкімет мемлекет қорғауына алып, стратегиялық маңызды аймақ ретінде жоспар жасақтап, өзен бойындағы шаруа қожалықтарын өзен маңынан алыс қашықтықтарға орналастыру жәйін қарастыру керек. Себебі, біз Ойыл өзенінің бойымен бұлақ көздерінің маңында шаруа қожалықтарын ашып алып, өзен суларын өз мүдделеріне пайдаланып, бұлақ көздерін бітеп отырған шаруагерлерді көзімізбен көріп, қынжылдық. Оған дәлеліміз де жеткілікті. Мамандарың айтуынша, өзен арнасының кеуіп қалуына жер бетіне табиғи түрде бұлақ болып шығып жатқан жер асты суларын пайдаланған дұрыс. Өйткені, жер асты сулары жылдық жауын-шашын арқылы су қорын қалпына келтіріп отырады. Соған сай, геологиялық, гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жер асты суларының құрамын, көлемін, қорын, тәуліктік бере алатын өнімін, Ойыл, Қиыл бойында қанша бұлақ көзі және өзен арнасында жер асты суларымен жалғасып жатқан шүңейттер бар екенін анықтап, олардың көзін ашқан жағдайда қанша көлемде су бере алатынын зерттеген жөн. Осыған Қазақстан Республикасы Су шаруашылығы комитеті және Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдері белсене араласып, кешенді зерттеу үшін мемлекеттік деңгейде қаржы бөлу жағын қарастыру қажет.

Жалпы, мамандар «Өзен, көлдер жауын-шашынмен, қыста қардың қалың болуымен толады.» деген пікірді алға тартады. Дұрыс болар. Табиғаттың құбылысы Құдайға ғана аян екені ақиқат. Бірақ, әрбір әрекеттің берекеті бар емес пе?! Сондықтан, «Құдай қашан береді» деп отыра бермей, нақты іс-шаралардың жүйелі түрде орындалуын қолға алатын кез жетті. Қазіргі таңда, әрбір азаматтың ел мүддесінен гөрі өз мүдддесін жоғары қойғанының кесірінен табиғатымыз бен өзен-суларымыз экологиялық апатқа ұшырап отыр. Сонда бізде қоршаған ортаға деген құрмет әдіра қалғаны ма? Неге біз патриоттық сезімдерімізді оятып, табиғатқа жанашырлық танытпаймыз? Осы орайда, көрші Ақтөбе облысына қарасты Ойыл, Темір, Мұғалжар ауданының әкімдері судан тапшылық көріп жатқан ауданымызға көмек қолдарын созып, Ойыл өзенінің арнасын ашып, су тасымай жәй жатқан уақытта, өзеннің суы өз бағытымен ылдиға ағуына кедергі келтіретін арна табанын биіктетіп, арна бойындағы суды өз елді мекені тұсында ұстап тұру, Ойылдың жота бетінен плотина салып суды өз қажетіне керегінше пайдалану, қуаңшылық жылдары суды бау бақшаға пайдалану секілді жолдағы түрлі кедергілерге қатаң тиым салып, төменде орналасқан ауданымызға су жіберу мақсатында жанашырлық танытқан дұрыс деп есептеймін.

Қазақстан Республикасы Су кодексінің 8-інші бабында су қорына меншiк құқығы тек мемлекетке тиесілі делінген. Ал, сол Кодекстің 17 бабындағы талап бойынша, су объектілерін бiрлесiп пайдалану барысында ағын судың төменгi жағында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылуға тиіс. Яғни, ағын су объектiлерiн бірлесе пайдаланушылар жалпыға бірдей ортақ мүдделерді ескеруге, су пайдалану құқығын жүзеге асыруды қиындатпауға және бiр-бiрiне зиян келтiрмеуге мiндеттi. Сондықтан су қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Yкiметi жүзеге асырады. Осыған орай. су объектiлерiне мемлекеттiк меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды. Және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады. "Су атасы - бұлақ" деген сөзді халық текке айтпағаны анық. Үлкен өзен мен көлдің бәрі де осы жер қойнауынан шымырлап шығып жатқан үлкенді-кішілі қайнар, тұмалардан құралатынын мойындасақ, мұндай жауапсыздықтарға жол берілмеген болар еді. Ендеше, барша ел мүддесін ойлаған азаматттарды осы бір олқылықтың орнын толтырып, экологиялық апат мәселесін бірлесе шешуге шақыра отырып, су саласына жауапты құзіретті мекемелер, елді мекендерді сумен жабдықтауды қадағалау мақсатында, су бұрудың жай-күйін бағалап, кемшiлiктердi анықтап, оларды жою жөнiндегi шараларды айқындауы тиіс. Ол үшін қолда бар су ресурстарының көлемiн ұлғайту және су тапшылығын жабу үшiн оларды ұтымды қайта бөлу жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асыру қажет деп пайымдаймын.

Есенбай НҰРОВ,

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құүрметті зейнеткері,

Табиғат жанашыры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521