АСТАНА. KAZINFORM – Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу шаралары қолға алынып, республика экономикасы әскери бағытқа көшірілді.
Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылып, кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады. Ресей аумағынан көптеген кәсіпорын көшірілді. Нақтырақ айтқанда, соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 зауыт пен фабриканы, кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру жүргізілді. Мәселен: Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысынан Мәскеу авиация жасау зауыты Урюпинск ет-консерві зауыты Дзержинский атындағы электротехника зауыты Мәскеу рентген зауыты № 3 Александр радио зауыты С. Орджоникидзе атындағы механика зауыты №1 тігін-трикотаж фабрикасы Дзержинский атындағы тігін-трикотаж фабрикасы Мәскеу авиация институтының оқу-өндірістік шеберханалары Евпаторияның жөндеу-механикалық зауыты Ворошиловградтық машина жасау зауыты «Большевик» зауыты Мәскеу маңынан электроникалық зауыт Қарағандыға - Донбасстан № 317 зауыт Батыс Қазақстан облысына - Ленинградтан № 231 зауыт сынды 40-қа жуық кәсіпорын әкелінді.
Сонымен қатар Украинадан: Харьков электротехника зауыты Подольск механика зауыты Запорожье ферроқорытпа зауыты Днепропетровск вагон жасау зауыты 70 өнеркәсіп орны мен оған қажетті жабдықтар жеткізілді. Бұл кәсіпорындардың барлығы республиканың Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Айта кетерлігі, қазіргі кезде соғыс кезінде көшірілген Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмыс істеп тұр. Әлемдік нарықта салмақты өндіріс орны 10 жыл бұрын № 4 балқыту цехын іске қосты. Өнім де екі есеге артып, жылына 700 мың тоннаға жетті. Сонымен бірге Ақтөбе рентген зауытының жұмыс істеп тұрғанына 80 жылға тақады. Ол Қазақстанмен қатар әлемнің бірнеше еліне рентген аппараттарын шығарады. Эвакуацияланған кәсіпорындардың көпшілігі негізінен майдан үшін өнім шығарды. Мәселен: эксперименттік-оптикалық шеберхана (Харьковтен Алматыға келген) дүрбілер шығарды № 242 зауыт (Харьков - Алматы) әскери ұшақтарды жөндеді құю жабдықтары зауыты (Усмань қ. - Орал) құрлықтағы миналар дайындады электротехникалық зауыт (Мәскеу маңы - Қызылорда облысы) - телеграф аппараттарын жасады № 222 станок жасау зауыты (Егорьевск қ. - Қостанай облысы) - қару-жарақ пен оқ-дәрілер шығарды. Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істегендігі, қажетті мамандардың тапшылығы болғандығы анық. Сондықтан да Қазақстанға майдан өңірінен көптеген маман да көшірілді. Мәселен, тек қана Донбасстан 3 200-ге жуық шахтер, 2 000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктердің де саны 700-ге жуықтады. Осылайша, Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. Оған мына деректердің өзі нақты дәлел болады: 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85 пайызын, көмірдің 18 пайызын, молибденнің 60 пайызын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын Қазақстан берді. Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Жалпы, Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс жылдары КСРО-ның батыс облыстарынан эвакуацияланған 19 қорғаныс зауытының есебінен жаппай қорғаныс өнімдерін өндіруді бастады. Соғысқа дейін Қазақстанда үш зауыт және үш арнайы цех болған еді. 1941 жылдың қаһарлы қысы жағдайында эвакуацияланған зауыттар республикаға келіп, 1,5-3 айдан кейін-ақ майданға арналған өнімдерін шығара бастады. Уақытша энергия көздері ретінде паровоздар, тракторлар пайдаланылды. 1942 жылмен салыстырғанда 1945 жылдың басына қарай қорғаныс зауыттары өнім шығаруды 2 есе, ал №675 Петропавл зауыты және №621 Көкшетау зауыты - 3 еседен астамға ұлғайтты. Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындары соғыс уақытында барлығы 1 миллиард рубльден астам сомада өнім шығарды. Оның ішінде калибрлері 82 мм, 50 мм және 120 мм болатын барлығы 5 214 254 дана мина корпустары жасалды. Егер бір дивизияның миналар жиынтығы 120 мм калибрдегі миналары 1 680, 82 мм – 2 180 дана болса, Қазақстан зауыттары 1 350 дивизияны миналардың әскери жиынтығымен жабдықтады. Соғыс жылдары ішінде мына мөлшерде снарядтар шығарылды: шағын калибрлі (20,37 және 45 мм) – 1 989 715 дана, немесе осы снарядтармен 200 дивизия толық қамтамасыз етілді; орта калибрлі (76 мм) 1 852 790 снаряд дайындалды, немесе 420 дивизия үшін әскери жиынтық; ірі калибрлі (203 мм) 20 653 дана шығарылды, бұл 20 ауыр полктің қажеттілігін қамтамасыз етті. 1 159 838 келі оқ-дәрі (порох) шығарылды, ол 80 дивизияның снарядтарын әскери жиынтықпен жабдықтау мүмкіндігін берді. Сүңгуір қайықтардың 25 дивизионы торпедалық әскери запаспен толық жабдықталды.
Сол кезеңде еліміздің Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіптерінің құрылыстар шұғыл арада толығымен аяқталды. Соғыс жылдарында 460 зауыт, фабрика, шахта салынды - Петровский машина жасау зауытының екінші кезеңі, Атырау теңіз порты мен мұнай өңдеу зауыты, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының алғашқы кезеңі, Белоусов байыту фабрикасы. Ақмола ауыл шаруашылығы машинасы зауыты, Алматы вагон жасау зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. Қазақстанның қорғаныс қабілеті армияны киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдың басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру - 11,3 есе, мақта-мата - 7,4 есе, тоқыма бұйымдары - 4 есе, жүн мата - 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаты жазғы киім-кешекпен, 70 дивизия - шинельмен, 67 дивизия - қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия - жылы киіммен, 25 дивизия - шолақ тонмен қамтамасыз етілді. Соғыс кезінде дивизиялардағы әскер саны 10 000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеу қиын емес. Толықтай алғанда, республика өнеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37 пайызға өсті. Бұл нәтижелерге қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.