Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің цифрлық саласына тың серпін беретіні сөзсіз. Өйткені, бұл жолғы Жолдаудың негізгі өзегі - жасанды интелектіні дамыту мәселесі болды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы:
«Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орнай бастады. Қазақстан әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырамын» деді.
Бұл алдағы уақытта елімізде жаңа министрлік құрылып, цифрландыру, соның ішінде жасанды интелекті барлық салаға енеді деген сөз.
Қазір көп адам Жолдаудағы «Сенат тарайды» деген сөзге мән беріп, осы мәселені ғана талқылап жатыр. Алайда, біздің негізгі мәселесіміз ол емес, цифрлық даму болу керек. Өйткені Президент айтқандай, әлемде қазір жасанды интелекті қарқынды дамып жатыр. Әсіресе, көп мемлекет қорғаныс саласына мән беріп, пилотсыз басқарылатын дрондар мен ұшақтар шығаруда. Шет елдерде болып жатқан қақтығыстардың бәрін де адам емес дрондар шабуыл жасауда. Осы ретте, біз де жасанды интелектіні қорғаныс саласынан бастап, төтенше жағдай, денсаулық, білім сынды маңызды салаларға енгізуіміз керек. Жаңа министрлік осы мәселелерді қолға алып, еліміздің цифрлық дамуына басымдық беруі тиіс. Біз де өз кезегімізде балаларды жасанды интелекті бағытында оқытуға мән беруіміз қажет. Сонда ғана Жолдауда айтылған тапсырмалар жүзеге аса бастайды.
Ерлан МӘДІҒАЛИЕВ,
IT маманы