Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ НЕДЕ?

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ЖАҢА ЖОЛДАУЫНДА «ЭКОНОМИКАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫТУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫНА СҮЙЕНУ ЖЕТКІЛІКСІЗ. ЖЕКЕ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ТАРТУ АРҚЫЛЫ ІСКЕРЛІК БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ АРТУЫНА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАҒАН ЖӨН. ОЛ ҮШІН ЕҢ АЛДЫМЕН, САЛЫҚ САЯСАТЫ ТҰРАҚТЫ БОЛУҒА ТИІС» ДЕП АТАП КӨРСЕТКЕНІНДЕЙ, КЕЗ КЕЛГЕН ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДІҢ ӨМІР СҮРУІ ОСЫ САЛЫҚҚА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. САЛЫҚ ТӨЛЕУ ЖҮЙЕСІ КЕЛЕШЕГІН ОЙЛАЙТЫН ЕЛ ҮШІН АСА МАҢЫЗДЫ. ОСЫ ОРАЙДА БІЗ АУДАН БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҚАЙРАТ НАСИПОВТЫ СҰХБАТҚА ТАРТЫП, АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ҚАБЫЛДАНАТЫН САЛЫҚ КОДЕКСІ ЖАЙЫНДА СҰРАҒАН БОЛАТЫНБЫЗ.

– Қайрат Марданұлы, ел Президенті бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру, әсіресе басқару тетіктеріне басқаша көзқарас керек деген ойды айтты. Осыған не дер едіңіз?

– Иә, Мемлекет басшысы айтқандай салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сол себепті жаңа салық кодексінің қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға өзіндік септігі болады деген ойдамын. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілердің сеніміне негізделген мүлде жаңа жүйені қалыптастыруы тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны барынша жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге тиімді қылып оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуіне сенім артқан кәсіпкерлер қызметін қазірдің өзінде ашық түрде жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс.

Тағы да Жолдаудағы Президент атап өткендей, фискалды реформа табысты болуы үшін салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру қолға алынуы керек. Тезірек электронды форматқа көшіру өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеп, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қарау керектігіне тоқталды. Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отырғанын назарға берді. Жолдауда жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керектігі, ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды. Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру кәсіпкерлікке көп көмегін береді. Сондықтан бизнесті дамытуға бағытталған жеңілдіктерден ешкім де ұтылмасы анық. Өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық қарастырылып, олардың құрылыс салу, активтерді сатып алу, жаңғырту және қайта құру сияқты бастамаларына бір реттік салық жеңілдігін қарастырған артық етпейді. Сонымен бірге, шикізат күйінде емес, терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек. Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстырды. «Салық салғырттықты кешірмейді» дегендей, келешекте қолданысқа енетін салық кодексіне атүсті қарамай, әбден ойластырылып қабылданғаны ләзім. Оның шеңберінде тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда- саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Кодекске тиімсіз тұстар еніп кетсе, қаржы саласындағы ахуалды ушықтырары сөзсіз.

– Мәжілісте депутаттарға 2025 жылы қабылдануы тиіс жаңа салық кодексінің заң жобасы таныстырылды, халық қалаулылары бірқатар ұсыныстарын айтты, бұған қатысты сіздің пікіріңіз?

– Мен де қарап өттім, бұл әзірге жоба ғой, өзгерістер баршылық. Мысалға, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің саны кемінде 20 пайызға қысқарады. Ол үшін айтарлықтай фискалдық қайтарымсыз төлемдерді алып тастау ұсынылады, кейбіреулері біріктіріледі. Салық заңнамасында 12 салық бар, олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Шаруа және фермерлік қожалықтарға бірыңғай жер салығының өзі табыс салығының мәнін қайталайды. Сондықтан, бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылып отыр. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдіктер бұрынғысынша сақталады. Төлем атауының коды ғана өзгереді. 11 төлемнің екеуін, яғни сыртқы жарнаманы орналастырғаны және қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға лицензияны пайдаланғаны үшін алымдарды алып тастау ұсынылды.

Сондай-ақ, ведомстволарға жер үсті су ресурстарын пайдаланғаны, орманды пайдаланғаны және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін үш төлем біріктіріліп, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін деген бір төлем болады. Осылайша, төлем мөлшерлемелерінің саны 77-ге қысқарады. Сонымен қатар, төлемдердің 6 түрін төмендету ұсынылып отыр. Олар бойынша мөлшерлеменің 34 түрі алынып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталып, мөлшерлемелер 51-ге қысқарады. Салық жеңілдіктері ретке келтіріліп, кем дегенде 20 пайызға қысқартылады. Экономиканың түрлі секторындағы сараланған салық мөлшерлемесіне көшу жүзеге асырылады. Арнайы салық режимдерінің тек үш түрі ғана оңтайландырылады. Салық әкімшілігінің сервистік моделі енгізіліп, салық есептілігінің саны 30 пайызға қысқарады және басқа да нормалар ұсынылды. Аталған заң жобасында 23 заңға түзетулер енгізу қарастырылып отыр. Бұл салықтар мен төлемдерді азайтуға, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыруға және реттеуге, арнайы салық режимдерін реформалауға, сондай-ақ салықтық басқарудағы өзгерістерге қатысты.

– Салық – мемлекет дамуының маңызды бөлігі, оның түсімдерінің есебінен еліміздің қазынасы толығып отырады. Осы ретте оның орындалысының қай деңгейде екенін біліп жүрсек?

– Салық мәдениеті – өркениеттің белгісі, еліміздің әлеуметтік- экономикалық өсіп-өркендеуінің тұрақты кепілі саналатынын ескерсек, бұл бағытта атқарылатын жұмыстың ауқымды, жауапкершілігі зор екені рас. Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жылды табысты аяқтайды деуге негіз бар. Сөзім дәлелді болуы үшін айта кетейін, ағымдағы жылдың тоғыз ай қорытындысымен түсім көзі 2425447,0 мың теңге болып жоспарланып, 3241719,7 мың теңге болып орындалды. Бұл 133,7 пайыздық көрсеткіш, яғни 816272,7 мың теңге қосымша түсім түсірілді. 2024 жылдың өткен кезеңінде 27 жеке кәсіпкерге қосымша салық декларациясын тапсыру арқылы жергілікті бюджетке 101202 коды бойынша жеке кәсіпкерлерден ұсталатын табыс салығы – 1278000 теңге, 103101 коды бойынша әлеуметтік салықтан – 589800 теңге, 104101 коды бойынша жеке кәсіпкерлерден алынатын мүлік салығы – 379800 теңге, 104302 коды бойынша жер салығы – 15800 теңге, барлығы 2236400 теңгенің салығы өндірілді.

– Кейінгі жылдардағы жалпыға бірдей декларация дегенге халық үйреніп алды, оған түсіністікпен қарап кезеңімен тапсырып жатыр деген ойдамын. Ол не үшін қажет болды, маңыздылығы неде?

– Жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің мақсаты табыстардың ашықтығын қамтамасыз етуді, көлеңкелі экономикамен күресу арқылы сыбайлас жемқорлық және қаржы қымқырып қалу сияқты келеңсіздіктерді болдырмауды көздеді. Сайып келгенде, табыстардың ашықтығы бюджетке қосымша түсімдерді алып келеді. Бұл өз кезегінде ел экономикасы мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға қосымша қаражат жұмсауға мүмкіндік береді. Жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 қаңтарында басталды. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сонымен бірге оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары қамтылды. Екінші кезең 2023 жылдың 1 қаңтарында қолға алынып, ол кезде мемлекеттік кәсіпорындардың және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін бастапқы декларация тапсырылды. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларациялық табыстарын жариялады. Ал, 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталатын төртінші кезеңде халықтың қалған санаттарының барлығы жалпыға бірдей декларация тапсыруға толықтай көшеді.

– Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен міндеттерді айта кетсеңіз?

– Дұрыс, жоспарсыз істің нәтижесі болмайды. Сол себепті әрбір жұмысты жүйелі, жоспармен жасауға тырысамыз. Болашақта тиісті жұмыстарға тиімді жүргізілген салықтық әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесімен бюджетке қосымша кіріс көздерін қамтамасыз етсек дейміз. Сондай- ақ бюджет алдындағы бересі және артық төлем сомаларын азайтуға қол жеткізіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы бойынша жоғары нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз. Ең бастысы, халықпен кері байланыс орната отырып, салық мәдениетін қалыптастыруға тырысамыз.

– Маңызды ақпараттарыңыз үшін рахмет, мемлекет қазынасын толтырудағы қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

– «Серпердің» мың сан оқырмандары, яғни салық төлеушілеріміз үшін ақпаратымыз маңызды болып жатса шын жүректен қуаныштымын.

Сұхбаттасқан Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT