Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада жол сапасы тексерілді

Соңғы жылдары еліміздің бірқатар өңірінде жол салу жұмыстары қолға алынды. Соның бірі – республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» тас жолы. Былтырғы жылы басталған жол құрылысы бүгінде қарқынды жүруде. Осы орайда, салынып жатқан жолдың сапасы қандай, ауыр жүк көліктерін көтере ала ма, кепілдік мерзімі қанша уақыт деген заңды сауал туындары анық. Аталмыш сұрақтарға жауап табу мақсатында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қоғамдық бақылау жүргізді.

Құрылыс қарқыны артқан

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан «Атырау-Ақтөбе» тас жолын «Азия Даму» банкі қаржыландыруда. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. Жалпы ұзындығы 420 шақырымды құрайтын бұл жолды «Шанхай Констракшн Груп» және «Ақжол» компаниялары салып жатыр. Аталмыш жолға жүргізілген қоғамдық бақылау барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі Жеңісбек Байшеркешов бастаған топ Мұқыр мен Сағыз ауылы арасында салынып жатқан жол құрылысымен танысты. Республикалық маңызы бар бұл жолдың 138 шақырымы аудан аумағынан өтеді.

Бүгінде Мақат ауданы мен Мұқыр ауылы арасындағы жолдың сексен пайызы аяқталған. Ендігі күш Сағыз-Мұқыр ауылын жалғайтын тас жолға жұмылдырылып жатқанын байқадық. Жол құрылысын сапалы әрі жылдам бітіру үшін аудан аумағында үш жерге асфальт зауыты мен жұмысшыларға арналған базалық қалашық орналасқан. Бұдан бөлек жол бойында жүзден астам ауыр жүк көліктері мен тракторлар тынымсыз еңбек етуде.

Алынған сынама нені көрсетті?

Жолдың жалпы құрылысымен танысқаннын кейін Қазақстан Республикасы Жол актвитерінің ұлттық сапа орталығының Атырау облыстық филиалы қызметкерлері Мұқыр-Сағыз тас жолының сегізінші шақырымынан сынама алу жұмыстарына кірісті. Алдымен арнайы құрылғы арқылы жолды ойып, асфальттің қалыңдығы өлшенді. Талап бойынша жол жабындысы 10 сантимтерден кем болмауы тиіс. Үш жерден ойып алынған кесінді бөліктің қалыңдығы 10,5-11 сантимтер аралығында болды. Одан әрі жолдың ені өлшеніп, нәтижесінде 9,8 метр анықталды.

Өлшеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Ұлттық сапа орталығының инженері Мерей Телеуғалиев:

– Жол әлі толықтай аяқталған жоқ. Дәл қазір үш қабат жабындысы бітіп тұр. Өлшеу барысында орташа қалыңдығы 10,8 сантиметрді құрады. Бұл талапқа сай деген сөз. Келесі жылы жолдың соңғы 5 сантиметр жабындысы құйылып, белгілер сызылады. Сол уақытта тағы бір мәрте келіп, өлшейтін боламыз. Жолдың ені де талапқа сай 9,8 метрді құрады. Бұған екі көлік еркін сыяды. Қорыта айтқанда бүгінгі қоғамдық бақылау барысында өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Десе де, бұл жол үнемі бақылауымызда болады, - деді.

Халықтың тілегі ескерілуі керек

Өлшеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдың бойымен жүріп, құрылыс жұмыстарымен таныстық. Көп жерлерде асфальт жабындылары төселіп болып, енді көпірлер мен мал өткелдері салынып жатыр. Әрине, жолдың салынғаны жақсы, алайда, осы құрылыс басталғалы тұрғындар тарапынан да көптеген сын-ескертпелер айтылуда. Бірі жолға су шашылмағандықтан ала шаңға көмілетіндерін жеткізсе, енді бірі құрылысы бітпеген жолға көліктер шығып кетіп, жол апатына ұшырайтындығын айтады.

Осы орайда, аталмыш мәселелермен қоса жол құрылысы жайлы сауалдарды «Ақжол» компаниясы директорының орынбасары Нұрлан Жолдыбаевқа қойып, пікірін білген едік.

Ол:

– Былтырғы жылы басталған жол құрылысы келесі жылы аяқталуы керек. Біздің компания жолдың Атырау облысы бойынша аумағын салып жатыр. Бүгінде өткелдер мен көпірлер салу, асфальт жабындысын төсеу сынды жұмыстар қарқынды жүруде. Десе де, жол салу барысында жергілікті тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар айтылғаны рас. Соның бірі – жолға су шашу. Алғашында барлық жолға су шашылып келді. Алайда, судың тапшылығына орай биылғы жазда мүмкіндік болмай қалды. Оған себеп – Сағыз өзенінің құрғауы мен қазған екі ұңғымадан судың аз шығуы. Сондай-ақ, жол құрылысы бітпей жатып, көліктердің асфальтқа шығып жүру оқиғасы болып тұрады. Дегенмен, оларды тоқтататын біз полицей қызметкері емеспіз. Сол себептен, көліктер асфальтқа шықпау үшін барынша жолдарды бітеп, жанына уақытша жол салынды. Соған қарамастан ебін тауып асфальтпен жүретіндер қатары сиремей тұр, – деп жауап берді.

Қоғамдық бақылау барысында жол құрылысы мен сапасына көңіл толды. Алайда, асфальт бітпей жатып жол апатының орын алуы, жолға су шашылмауы сынды мәселелер тасада қалмауы керек. Мердігер компания алдағы уақытта осы түйткілдерді жұмыс барысында ескеріп, құрылысты уақытында бітіріп, тапсыруы тиіс. Бұл тапсырыс берушілердің де, халықтың да басты талабы.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521