Қазақ даласынан тым шалғай, қиян шеттегі Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық әскери-медициналық академияны үздік бітірген жерлесіміз Халел өмірінің едәуір бөлігін емдеу-сауықтыру ісіне арнады.
Бұл жөнінде біз әр жылдарда кездесіп, әңгімелескен Жәлеке Зұлқанұлы, Шыңғыс Көжекұлы, Мұқанбет Қожақметұлы, Сарман Ғапурин, Мұқанбетжан Зұлханов, Бабақ Құдайдоллаұлы, Шоқан Қаржауов және тағы басқа қызылқоғалықтар жыр қылып айтқан еді. Ол шипалы қолымен, жылы сөзімен сырқат жанға дару сыйлайтын. Көңілге қуат беретін, қандай аурудың жабысқанын дәл тауып, емді ұқыпты қолдана білетін болған. Сол себепті де жерлестері оның туған жерге оралуын аңсай күтіп, келгенде қона жатып қаралған, ақыл-кеңестер алған. Тайсойған құмының ішінде қазіргі Ойыл ауылдық округінің ізіндегі бұрынғы Халел Досмұхамедұлы атындағы асыл тұқымды қаракөл қой зауытының аймағында, Жәйім шағылының етегінде «Халелдің ставкасы» деп аталатын жер бар.
Осы арада алпысыншы жылдардың аяғына дейін Халел қыстауының қабырғалары ағарып көрініп, маңынан өткендерге алыстан «мен мұңдалап» тұратын еді. Кейін өкінішке орай, бақташы Амангелді Жайкиннің айтуына қарағанда, білместік пе, оның тастарын осы маңды ұзақ жылдар жайлаған жергілікті малбегі бұзып алып, өзіне жаздық орын салып алған. Біз жазушы Мереке Құлкенов, Халелдің туысы Тұрғанғали Мырзағалиев, жиені Қабдол Нұрмашев төртеуміз барғанымызда ставканың тек үйінді қалдығы ғана қалғанын көрдік. Сөйтіп, қазақтың тағы бір тарихи ғимараты түп тамырымен жойылу баспалдағында тұрғанына куә болып қайттық.
Дұрысында, «Халелдің ставкасы» жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында қуғын–сүргін басталғанға дейін ағартушылық та, әлеуметтік те, саяси да мәні бар үлкен орталыққа айналған жерлер қатарына жатады. Онда Алашорданың батыс бөлімінің Тайсойған өңіріндегі бекеті, бастауыш мектеп, дәрігерлік қабылдау бөлмесі болған. Қазақты халық дәрежесінде түбегейлі қалыптастыру, бодандықтан құтқарып, тәуелсіз ел ету мәселелерін шешуге тырысып, алас ұрғанда есіл ерге пана болған, қызмет орнына айналған мекен. Мұндай қасиетті орынды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, қастерлеу – бүгінгі қолында билігі барлардың, баршаның абзал борышы, әділін айтқанда, төл міндеті. 1994 жылы Халел Досмұхамедұлының туғанына 110 жыл толуын атап өту кезінде ставканың қасына белгі тас қойылды. Бірақ бұл жартыкеш шара. Көзге елеусіз-ақ. Оны көрген, білген адамдар болмаса, қалың құм ішінен табу да қиямет-қайым. Сондықтан бұрынғы мекеннің өзі тәрізді сонадайдан көрініп «мен мұңдалап» тұратын аруақты белгі қажет- ақ.
Профессор Халел Досмұхамедұлының өмірбаян деректеріне үңілсек, ол Батыс Қазақстан өңіріндегі обаға қарсы күрес шараларын ұйымдастыруда ерекше белсенді жұмыс істеген. 1912 жылғы шілденің 28-нен тамыздың 7-не дейін Тамақұдық алқабынан қазақ даласына оба індетінің ауысуына қарсы шара қолдану үшін іссапарда болған. Кейін де осындай жауапты тапсырманы орындауға бірнеше рет қатысқан. Ал, Денсаулық сақтау халық комиссариатының 1924 жылғы мамырдың 24-дегі бұйрығымен алқа мүшесі Халел Досмұхамедұлы оба індетіне қарсы күресу Орталық комиссиясының төрағалығына тағайындалған. Ел адамдарының айтуына сүйенсек, Халел бұл аса жауапты да қатерлі тапсырманы орындауда батыл, шешімді болғанға ұқсайды. Оба ауруы кезінде ауыл мен ауылды бір-біріне қатыстырмай, карантин жасатқызған. Ауру шығып, кісісі өлген қыстақтарды бөлек бақылауға ұстап, дәрігерлік көмек көрсетіп отырған, қора-қопсысын өртетіп, тышқандарды аулатып, құртқызып, кеселдің одан әрі жаппай жайылуына тосқауыл қойғызған. Тайсойған құмында өртелген қыстаулар орындары сол бір алыста қалған обыр жылдардың ескерткіштеріндей томпайып-томпайып әлі жатыр. Ерекше елегізетін бір жайт, бұдан жүз жылдан астам бұрынғы оба ауруының зардапты іздері бүгінге дейін жойылмай отырғандығы. Тек соңғы 30-40 жылдың ішінде Қызылқоға ауданында екі-үш дүркін оба ауруы қылаң беріп, елді үрейлендіріп, әбігер астында қалдырды. Қазіргі үрейлену құдайға шүкір, техника мен медицинаның арқасында шапшаң сейіледі ғой. Ал осыдан жүз жылдан астам бұрынғы үрейленуді көз алдыңа әкелетін жыр жолдарын оқығанда төбе шашың тіпті тік тұрады. Сондай ұзақ толғаудың бірі біздің қолымызда. Оны маған Миялыдағы Нәсіп Кенжиева деген әжей берді. Ол – Халелдің жиені Сарман Ғапуриннің әйелі. Толғау бір дәптерге бөлек жазылған. Сыртында «Оба» деген жазу бар.
Өкінішке орай, сірә, алашордашыға байланысты деп қорыққандықтан болар, жазған кісінің, яғни автордың кім екендігі көрсетілмеген. Дәптердің бірінші бетіне «1913 жылы Калмыков қаласы Есім төбесінен оба ауруы шыққанда ішінде болған адам айтқан сөзі екен» делінген де, әрі қарай өлең былайша жалғастырылған:
Бисмилла, сөз бастаймын қалам алып,
Ақ қағаз, сия сауыт тамам алып.
Жылында мың тоғыз жүз он үшінші
Көп халық апат тапты қазаланып.
Алаша, масқар, тана рулары,
Сарбасты, Есімтөбе тұрулары.
Жақсыбай, Дендерден де көп кісі өлді,
Шашырап қазалыға жұғулары.
Жігіттер дей көрмеңдер қаза қайдан,
Жүзіңді раушан еткей күн мен айдан.
Ұшырап осы апаттан көп кісі өлді
Қызылжар, Дендер менен Жақсыбайдан.
Апатты жаман атап таптық хабар,
Почтальон, телеграмм жүріп шабар.
Жады етіп бір Алланы біз де тұрдық,
Сақта деп пазылың кең қадір жалел.
Доктордың қызметінде тұрдық дәйім,
Күн болды заманақыр қайғы-уайым.
Сағындық үлкен-кіші ел адамын,
Құрбының, аға, жеңге қызыл шайын.
Кінәздің барып тұрдық қаласына,
Қамалған карантин арасына.
Ауылдан мал табам деп шыққанменен,
Ой түсті жігіттердің санасына.
Қуады жалған дүние адамзатты,
Тіршілік қызығында балдан тәтті
Көмуге жер қазушы болмаған соң,
Өлікті жүз елуден отқа жақты.
Аспанға түтін шықты будақ-будақ,
Томарды карбөлкемен салған турап.
Иесі өліп, төрт түлік мал тозып кетті,
Ақкөлдің бақасындай улап-шулап.
Қап-қара түтін шалған зілмәңкелер
Әдіра қыр басында қалды қурап.
Көреміз көз алдыңда ойран үйді,
Ызбырай, зілмәңкесін – бәрін жағып.
Қарайтып керегесін қойған үйді
Көбі өліп, азы қалды осы дерттен,
Кем емес үшбу апат жанған өрттен.
Секілді қара сия жұққыштығы,
Ақыры себеппенен дағдыр жеткен.
Хал білген, бата оқыған адамдардың,
Бәрі де үлес алды келіп-кеткен.
Қамаулы карантин айналасы,
Бұл апат марқұмдарға болды өктем.
Қайғыға қасірет пен аза беріп,
Күйініп сөз сөйлейміз жаза беріп.
Дүние адыра қалсын бәрі сондай,
Уақытсыз шәй ішпейміз қаза көріп.
Тартады санитарлар салып ырғақ,
Құр кеуде сүйреледі жерді тырнап.
Жиналып көп ағайын қауым болып,
Күн қайда құран оқыр молда жинап.
Жігіттер арманы жоқ өлген жанның-
Ақ жуып, жаназа оқып көмген жанның.
Ай жатты кейбір адам ісіп, шіріп,
Қызыл ит кеудесінде өлген малдың.
Көз көрді мұндай түрлі ғаламатты-ай,
Жүреміз дүние қуып саламатта-ай.
Бүлінген топ-топ болып көп адамдар,
Секілді қияметтің ғаламаты–ай.
Сау бөлек, ауру бөлек, өлген бөлек,
Айнала қарауыл тұр дөп-дөңгелек.
Араннан қарғып өткен сұр киіктей,
Қатысқан қаза тапты елден бөлек.
Батырлық тірлік емес болмай қорқақ,
Өлгендер толып жатыр болып орпақ.
Қазасыз бала-шаға тірі қалды,
Секілді жұрттан шыққан бұзау-торпақ.
Бұл дерттен мырза, байлар бәрі де өлді,
Белгілі жасы жеткен кәрі де өлді.
Қызыл тон, иық ішек, жібек киіп,
Жас жандар қасіретпен жанып өлді.
Мирасқор бұл сапарда байып қалды,
Секілді өрді жайлап малы келген.
Біреулер жанталасып, сасып өлген,
Қасірет қара тұман басып өлген.
Асыл зат, жиған ақша, жаһаздарын
Жасырып әр орынға шашып өлген.
Қиғаш қас қыздар да өлді қар-қаралай,
Тіздірген мәнеттері жалтырап-ай.
Дағдырға бәйбіше де мойын ұсынды,
Ажалсыз ақ маңдайы жарқырып-ай.
Қиылған қыршынынан жас адамдар,
Өлімнен хабары жоқ мас адамдар.
Бұлардың ақырап, қауыс ажал айы-ай,
Табылған бұл оқиға қазалы айы-ай.
Жігіттер бір құдайдан сұраналық,
Осындай тап болмағай пәле жай-ай.
Қайғылы қазы, қарта шайнағаннан,
Уайымсыз артық екен қара шай-ай.
Мен кезінде Сарман ақсақалдан ақын Ығылман Шөрекұлының бірнеше өлеңін, беташар жырын жазып алған едім.
Жиі кездесіп тұратынмын. Бір күні ол «Шырағым, менің сандығымдағы бір дәптерде сирек кездесетін бір өлең жазулы жатыр. Қажет десең кейінірек танысарсың. Белгілі бір адамның толғанысы» деген еді. Неге екені белгісіз, осыны айтқанда төрінде ілулі тұрған туған нағашысы, профессор Халел Досмұхамедұлының кескіндеме суретіне көз қиығын тастап өткен. Содан соң аз-кем үнсіз отырды да, күрсініп алып, орнынан тұрып кеткені бар. Айтуын айтқанмен, ол кейін де сол бір дәптерді маған бере қойған жоқ. Сөйтіп жүргенде тосыннан соққан аурудан ессіз құлап баласы Сатыбалды дүние салды. Мезгілсіз қайтыс болған жалғыз ұлының күйігі ме, көп ұзамай Сарман ақсақал да төсек тартып жатып қалды. Ақыры, бұл фәнимен ол кісі де қоштасып, құпия құлпы ашылмастан қала берді. Бүгін ой таразысына салып қарасам, Сарман ақсақалдың сандықтағы өлеңді көрсетуден тартыншақтауында үлкен сыр жатқан сияқты. Әлі де болса Халелдің аты аталса болды үрке қарайтын сол кезеңде «Оған қатысты дүниені баспасөз бетінде жариялатып, біреуге қырсығым тиюі мүмкін» деуі ғажап емес.
Бұл – менің бірінші тұспалым. Екінші жорамалым мынадай: Халелдің өзге ағайын-тумалары секілді «Халық жауының, алашордашының жиені, онымен байланыста болған» деген жалған жаламен Сарман Ғапурин де бірқыдыру уақыт қуғын-сүргінге ұшыраған, талай тергеу тезінен өткен, отырған қонысынан көшіріліп, жер аударылған азамат. Осылайша жазықсыз жапа шеккен адамның үргелектенуін, өлеңнің кімдікі, кімдер туралы екенін әйгілемей сақтануын орынсыз деуге болмайды. Үшіншіден, өлеңде баяндалғанындай, індет 1913 жылы, сиыр жылындағы ақырап, қауыс айларында, яғни қазіргіше есептегенде қазан мен қарашада болған. Бұл Халелдің Батыс Қазақстан өңірінде қызмет еткен кезеңімен тұспа-тұс келеді. Халел Досмұхамедұлының соңында өз қолымен жазып қалдырған жеке архивінде сақталған (Х. Досмұхамедұлы. Таңдамалы. Алматы. 1998 ж. «Ана тілі» баспасы, 349-бет), сондай-ақ, республикалық «Денсаулық» журналының 1991 жылғы №4 санында жарияланған «Доктор Досмұхамедов» деген материалдағы келтірілген өмірбаяндық деректерге қарағанда ол әскери-дәрігерлік жұмыспен қоса 1912 жылғы шілденің 1-інен бастап Калмыковтың маңындағы 1913 жылғы оба індеті сөз етілген. Осы жылдан кейін дәрігер орыс тілінде «Как бороться с чумой среди киргизского населения» атты кітап, қазақ тілінде «Шума қандай ауру» деген мақаласын жазып, жариялатқан.
Төртіншіден, өлеңде:
Доктордың қызметінде тұрдық дәйім,
Күн болды заман ақыр қайғы-уайым…- деп ап-айқын айтылуына қарағанда, оны жазған немесе айтып жазғызған адам сол зобалаңның қақ ортасында тікелей өзі болған дәрігер. Сөз жоқ, бұл жолдар толғау өлеңнің басыбайлы иесін, осы обаға қарсы күреске қатынасқан дәрігердің кім екенін анықтауда негізгі алғышарт бола алады.
Ең соңында, толғау Халелден басқа адамның өміріне қатысты болса қысылмай-қымтырылмай-ақ, сандықта құпиялап ұстамай-ақ көрсетер еді ғой. Әрі Сарман ақсақалдың өзі «белгілі бір адамның толғанысы» деп Халелді мегзеп отырғаны тәрізді көрінеді. Демек, осылардың бәрін зердеден өткізіп, сараптасақ, Сарман ақсақал сандықта құпия ұстаған өлең бізге оның зайыбы Нәсіп Кенжиева тапсырған дәптердегі осы «Оба» атты толғау. Ол екі дәптерге бөлек-бөлек қайта көшіріліп жазылған екен. Біреуін ғалым-дәрігердің өмір жолын, шығармашылығын зерттеп жүрген жазушы, сол кездегі «Жалын» журналының бас редакторы, қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновке бердім. Елдегілер «Сөз саптауға қарағанда толғаудың авторы Батыс Қазақстандағы обаға қарсы күрес ісіне айтарлықтай үлес қосқан дәрігер Халел Досмұхамедұлы болуға тиіс. Өйткені Халел өлең де жазған. Оған «Аламан» атты кітабына енген «Аруақпен айтыс» өлеңі дәлел» деген топшылау айтады.
Дұрысында, Халел өзімен рулас, қоныстас ағайын, ұзақ жылдар бойы шығармашылық тығыз байланыста болған ақын Ығылман Шөрекұлына айтып жаздырған, ежелден келе жатқан дәстүрге орай оқиға өрнегін ізсіз қалдырмай, қағазға түсіріп, хаттап жырлатқан. Сонымен қатар, дәптердің сыртындағы «1913 жылы Калмыков қаласы Есім төбесінен оба ауруы шыққанда ішінде болған адамның айтқан сөзі екен» делінгеніне қарағанда жазған емес, айтқан кісінікі. Олай дейтініміз, Халелдің жеке архивінде бұл толғау сақталмаған. Осы пікірді ғалымның әдебиетшілігін зерттеп, ғылыми түйін жасаған филология ғалымдарының докторы Риза Әлмұқанова да қоштайды. Сонымен қатар, толғаудың жазылуында Ығылман ақынға тән өзіндік өрнектер, стильдік ерекшеліктер, жиырмасыншы жылдарға дейінгі өлеңді ауызша шығарудан жазуға ауысқандағы төселмеген қолтаңбасы байқалады. Қалай болғанда да бұл дәрігер Халел Досмұхамедұлының өмірі мен қызметінің елеулі бір парағы. Сөйтіп, құпия өлеңнің құлпы осылайша ашылды ма деген үміт бар, ағайын!
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Үздік өлкетанушысы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы
Сурет: ашық дереккөзден