Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕГІ БІР КҮН

Өткен жылдың желтоқсан айында Қытай елінен басталып бүкіл дүниежүзін шарлаған пандемия біздің елге де жетіп, талай адамның өмірін жалмағаны анық. Десек те, қазіргі таңда ел ішіндегі ахуал біраз бәсеңсіді. Бірақ, бұл арқаны кеңге салып, бейқам тіршілікке қайта ораламыз дегенді білдірмейді. Бұл індетпен күресте тек қана дәрігерлердің ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау саласы мамандарының қосқан үлесі көп. Қоғамда тәртіп орнамай, елдің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап отыру мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халық пен полиция арасындағы қарым қатынасты нығайту керектігін, соның ішінде учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетіндігін атап өтті.

Осы орайда, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылау мақсатында жергілікті полиция инспекторларымен бір күндік рейдке шықтық. Таңертеңгілік сағат 8.30-да жергілікті полиция бөлімшесінің лейтенанты Бақытбек Оразғалиев, жергілікті полиция бөлімшесінің инспекторы Сержан Қаратаев, жергілікті полиция бөлімшесінің капитаны Балтабек Қамысбаев бастаған арнайы топқа алдымен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Асхат Құлбаев жұмыстарымен таныстырып, тапсырмалар мен нұсқаулар берді. Кейін жергілікті полиция инспекторлары кезекші бөлімнен алған қару-жарақтарын, жетон видеокамера мен рацияларын қолдарына алып, жұмысқа кірісті. Алдымен «102» нөміріне түскен ақпарат бойынша аудандық орталық ауруханаға бардық. Аурухана төсегіне таңылған науқас Ащықұдық қыстағында мал бағатын шопан екен. Малдарын суару кезінде құдық басындағы тастан құлап кетіп, аяғы мен белін ауыртып алған. Полиция қызметкері заң тұрғысында науқастан түсініктеме алды. Ол абайсызда болған оқиға екендігін,ешқандай арыз-шағымы жоқтығын растап қол қойды.

Арақ – атадан қалған ас емес

Сол сәтте рацияға кезекші бөлімшенің қызметкері екінші шақырту түскенін хабарлады. Біз жергілікті полиция инспекторларымен бірге С.Сейфуллин көшесіндегі үйге қарай бет алдық. Аталған үйге барғанымызда үйдің қал жағдайын көріп, тіптен басқа әлемге кіріп кеткендей күй кештік. Беті ашық-шашық қалған тамақтар, оған үйіліп жүрген шыбын-шіркейлер, қаңырап төсенішсіз қалған бөлмелер, арақ пен темекінің иісі сіңіп қалған үй іші тіптен адам көргісіз. Ащы су ішіп, көңіл көтергісі келетін кейбір бұзақылар да осы жерді мекен етіп алыпты. Полиция лейтенанты Бақытбек Оразғалиевтың айтуынша, бұл үй «Араққұмарлар» есебінде тұрғандықтан тәулік бойы бақылауға алынған. Мұнда үш ағайынды жігіт аналарымен бірге тұрады. Қазақтың нар тұлғалы, тепсе темір үзетін азаматтарының араққа салынып әр бұрышта бүрісіп, бір бірімен жаға жыртысып жүргені жанға батады.

Осындай адасып, өз жолын таба алмай жүрген азаматтар қатаң бақылауға алынып, шектеу шараларымен қоса оларды жұмысқа тартса, мүмкін олардың да өмірге деген көзқарасы түзелер ме еді. Полиция қызметкерлері олармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, әрі қарай берілген тапсырма бойынша қызметтеріне кірісті. Учаскелік полиция инспекторлары өз құзыреті шегінде азаматтық қару иелерінің өзіне тиесілі қару және оның патрондарын сақтау бойынша бекітілген талаптардың сақталуына бақылау жасайды. Профилактикалық іс-шаралар бойынша кезекті тізімдегі М. есімді азаматтың үйіне барып, қарудың арнайы қобдишада дұрыс сақталуын және берілген құжат мерзімінің уақытын тексере отырып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Кей азаматтардың белгілі себептермен үйлерінде болмау себебінен, бұл бақылау кейінге шегерілді.

Сақтансаң, сақ боларсың

Түскі үзілістен соң біз жұмысқа қайтадан кірістік. Аудандық орталық ауруханадан дене жарақатымен түскен азаматтар бойынша қоңырау түсіп, сол жаққа қарай ат басын бұрдық. Ауруханаға барғанымызда науқасқа алғашқы көмек көрсетіліп, жарақатының жеңіл болуына байланысты үйге жіберілгенін білдік. Оның қандай жағдайда күйік шалғанын білу мақсатында Қ.Аққуов көшесіндегі мекенжайға бардық. Өз ауласында керек емес тұрмыстық қалдықтарды жою кезінде оң жақ қолының алақанын күйік шалып, бетінің кей жерлерін жалын жанап өткен азаматқа сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етіп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Дей тұрғанмен, кей кезде сақтық шараларын ескермей, зиянды химиялық қалдықтарды өртеп, соңында соның зардабын шегіп жататынымыз өкінішті. Осылайша, ой жетегінде келе жатқан біз жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, профилактикалық бақылау есебіне алынған адамдарды тексеру мақсатында берілген тізім бойынша үйлеріне барып, тексеріп шықтық. Рейд кезінде көше бойында үсті-басы алқа-салқа мас күйінде келе жатқан бір азаматты кездестірдік. Аталған азаматты қызметтік автокөлікке отырғызып, қандай психотроптық зат пайдаланғандығын анықтау үшін аудандық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлік сараптамадан өткізілді. Дәрігер-наркологтың қорытындысына сай, орта дәрежедегі алкагольді мастық екендігі анықталды. Осы ретте, оған қатысты Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 440 бабы, 1 бөлігіне сай, яғни қоғамдық орындарға адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде жүргені үшін, электронды планшет арқылы 6945 теңге айыппұл салынды. Осы жерде «Өз жөнімен кетіп бара жатқан азаматты не үшін тексердіңіздер?» деген сауалымызға «Азаматтың қандай да бір қылмыс не құқық бұзушылық жасамауын, соның алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шара болып табылады» деген жауап алдық.

«Қорғау нұсқамасы» сізді қорғайды

Кешкі үзілістен соң сағат 21.00-де барлық кезекші полицейлер жұмыс орнына жиналып,санитарлық талаптарды сақтай отырып, сапқа тұрды. Полиция майоры А.Құлбаев әр топқа жеке тапсырмаларын түсіндіріп, нұсқаулықтар берді. Бізбен бірге жүрген қызметкерлер де сол нұсқаулық бойынша тапсырмасын алып, қызметіне кірісті. Алдымен, отбасы тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін «Қорғау нұсқамасы» бойынша профилактикалық бақылау есебіне алынған М.Х.-ның үйіне бардық. Мұндағы мәселе, ащы судың кесірінен отбасы тыныштығы бұзылып, атасы мен келіннің арасында түсініспеушілік туындап, полиция қызметіне жүгінген. Осындай құқық бұзушылық болған жағдайда нәзік жанды әйел заты өз құқығын «Қорғау нұсқамасы» арқылы қорғай алады. Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі ол өзіне қатысты шығарылған адамға берілген кезден бастап отыз тәулікті, ал тексеру мерзімділігі күнтізбелік жеті күнде кемінде бір ретті құрайды. Аталған үй иесі мен оның келінінен түсініктеме алынып, атасы мен келіні арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында түсінік жұмыстары жүргізілді.

Түсініктемені «қорғау нұсқамасы» жасалған сәттен бастап ешқандай құқық бұзушылық болмағанын я болғанын растау мақсатында жаздырып, қол қояды. Қазіргі таңда осындай жат қылықтардың кесірінен көптеген құқық бұзушылықтар орын алып, отбасының шырқы бұзылып, тіпті кейде арты үлкен қылмысқа әкеліп соқтырып жататыны баршаға аян. Бұл тұрғыда, қаншама отбасы ажырасып, ортадағы бала тірі жетімге айналды десеңізші?! Ал бұл өз кезегінде бала тәрбиесі мен психологиясына кері әсерін тигізеді. Келесі кезекте карантиндік шектеу шараларына байланысты қоғамдық орындардағы тәртіп тексерілді. Түнгі сағат 24.00-де жұмыс орнына келіп, іс қағаздары мен құрал-жабдықтарды кезекші бөлімге тапсырып, жұмысымызды аяқтадық.

Түйін.

Кезекті рейдпен жүріп бір күннің қалай зулап өте шыққанын да аңғармай қалдық. Бір байқағаным, таң атқаннан күн батқанға дейін, күнделікті өмірінің 16 сағатын ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне арнаған полиция қызметкерлерінің еңбегін көп адамдар елемей, одан қалса сырттан тон пішіп әңгіме де айтып жатады. Шын мәнінде олардың да өз ата-аналары, бала-шағалары бар. Әйтсе де, өз қызметіне жан алысып, жан берісіп жүрген азаматтарымыз қаншама?! Тәулігіне түрлі адамдармен кездесіп, олардың психологиясын терең меңгере отырып, өз бойына сабырлықты, төзімділікті, қажыр-қайратты жинап, уақытында дұрыс шешім қабылдауға әрекет етуі нағыз ержүректілікті көрсетеді.

Ал, жауапкершілікті сезініп, тәртіпке бағыну және сол арқылы халықтың денсаулығын қолдан келгенше сақтауға атсалысу – әр тұрғынның азаматтық борышы екендігі сөзсіз.

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521