Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттемеден кейін 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2020 жылдың 31 желтоқсанында қолданысқа енгізілді.
Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Енді полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді. Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, азаматтардың қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермейді, сотта мемлекетті айыпты қолдайды.
Ал сот органы қылмыстық қудалау органы қызметкерлерінің әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және түпкілікті шешім қабылдайды. Аталған қылмыстық процестің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтарының дер кезінде қорғалуын қамтамасыз етеді және жоғарғы халықаралық стандарттарға жауап береді.
Осы орайда жаңа заңға сәйкес прокуратураның функционалдық міндеттері күшейтіліп, қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімімен және бектітумен қабылдануда. Енді күдікті деп тану, әрекетін саралау, тергеп-тексеру мерзімін үзу туралы шешімдер прокурордың келісімімен жасалады. Сондай-ақ, прокурор айыптау актісін, бұйрықтық іс жүргізуді, теріс қылық хаттамасын және қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысын бекітеді. Жаңа жоба қадағалау органдарына бірқатар жүктемелерді артып отыр.
Қазіргі күні прокуратура құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Ағымдағы жылдың 5 айында жаңа заң аясында қала прокуратурасымен 432 тұлғаға қатысты күдікті деп тану, 256 тұлғаның іс-әрекетін саралау, 609 қылмыстық істің тергеп-тексеру мерзімін үзу туралы қаулылармен келісті. 219 қылмыстық істі сотқа жолдап, 780 қылмыстық іс бойынша тоқтату туралы қаулыларды бекітті. Қала прокуратурасы жаңа заңның сақталуына бағытталған барлық іс-шараларды атқаруда.
Атырау қаласы прокуратурасы