Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тығылып той жасай береміз бе?

Бүгінде Атырау облысы «қызыл» аймақ қатарында тұр. Бұл дегеніміз, аурудың әлі де халық арасында белең алып тұрғандығын, әр адам өзінің және жақындарының денсаулығы үшін сақтық шараларын қатаң сақтауы керек екендігін білдіреді.

«Жиын-той жасамаңыз, үйге үйіп қонақ шақырмаңыз» деген ескертпелердің елге ескертілгеніне бір жыл болды. Бұл ауруға бойымыз үйренгендіктен бе, әлде, денсаулығымыздан бұрын той тойлауды бірінші кезекке қойғанымыздан ба, әйтеуір шектеу шараларына қарамастан үйінің ауласына елді жинап алып, тығылып той жасайтындар азаяр емес. Бұл ретте, «Денсаулығымыз бен өміріміз өзімізге ғана керек екенін ұмытып, тығылып той жасай береміз бе?» деген сауал туындайды. Біз осы сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

Ысырапшылдыққа жол бермейік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деген болатын. Қазір ауыл-аймақтарда той жасап, туған күн тойлағандар көптеп кездесуде. Оған әлеуметтік желілерде тойдың қамын жасап, той тойлатып жатқан түрлі видоелар мен суреттер дәлел. Әйтсе де, бүгінде көп жандар жауапкершілікті түсініп, тойларын тоқтатуда. - Аурудың сәл-пәл бәсеңсіген уақытында екі жақ өзара келісіп, тойсыз-ақ ата- анамыздың ақ батасын алып, некемізді қидырдық. Біздің тойымыздан адамдар бір-біріне ауру жұқтырып, артынша көз жұматын болса, біз кінәлі боламыз ғой. Сондықтан шектеу шаралары аяқталғаннан кейін үлкен той жасауды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, мына дерттен аман-есен құтылып, жақындарымызбен жақсы күндерде қауышсақ, біз үшін сол бір бақыт ,– деген Марлен мен Жанар есімді жас отбасы қазіргі таңдағы той тойлаудың үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін айтты. Иә, соңғы жылдары қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды. Қоғамда бұрыннан қызу талқыға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр болған бұл тақырып пандемия кезінде өзгеріске ұшырап, ысырапшылдықтан арылар ма екенбіз деп едік.

Алайда, тығылып той жасап, ас беріп, туған күн тойлағандар әлі де тыйылар емес.

- Қазіргі таңда үйінің ауласына не үй ішіне тығылып той жасап, айыппұл төлеп жүргендер қаншама?! Олар той өткізіп қана қоймай, соны ұялы телефон камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жүр. Әлеуметтік желілерде қаладағы той иелері мейрамханаларға тығылып той жасап, қонақтарды артқы есіктен кіргізіп жатқан видеоларын да көріп жүрміз. Ал, мұндай видеоларды көргеннен кейін басқалардың да ойы өзгере бастайды. Соңғы кездері нақты диагнозы жоқ аурумен ауырып жатқандар артты. Сонда да қаннен қаперсіз жүргендер жеткілікті. Қазіргі ахуал арқаны кеңге салып отыратын кез емес. Денсаулығымыз өзімізге керек. Аты жаман аурудан аман-есен өтіп кетсек, әлі талай жиын-тойларды жақсы деңгейде атап өтеріміз анық. Бастысы, деніміздің сау, отбасымыздың аман болуы, - дейді ауыл тұрғыны Әсия Телманова.

 

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT