2025 жылы елімізде қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға және қоғамды экологиялық бастамаларға тартуға бағытталған жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жалғасатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады.
Бірінші бағыт – ауқымды оқиғаларды ұйымдастыру арқылы жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру. «Taza like» жобасы тәжірибе алмасуға және экологиялық проблемалардың шешімін табуға арналған платформа болады. Бұл іс-шара қоғамдық ұйымдарды, ғалымдар мен бей-жай қарамайтын адамдарды біріктіреді. Жоба Наурыз Ұлттық мерекесінен кейін басталып, еліміздің барлық өңірлерін қамтып, 25 сәуірге дейін жалғасады. Жобаның шарықтау шегі Астанада өтетін ірі Экофестивальмен қорытындыланады. Экология мәселелеріне назар аудару үшін оқушылар мен жастар арасында креативті идеялар жинауға бағытталған «Ayala» арт-фестивалін өткізу жоспарлануда.
Екінші бағыт – экологиялық білім. Дәстүрлі ақпараттық-ағарту жұмыстарынан басқа, заманауи технологиялық шешімдер белсенді пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, E-gov және банктік қосымшалардағы экологиялық оқиғалар туралы халықты кеңінен ақпараттандыруға арналған жаңа «Эко іс-шара» қосымшасы. Қоқыс пен пластикалық бұйымдарды бөлек жинау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ жастар ресурстық орталықтары базасында «Эко хабтар» жобасын кеңейту ұсынылады. «Жасыл мектеп» жобасы 500 мың оқушыны және 3 млн-нан астам ата-ана мен олардың туыстарын тартуға мүмкіндік береді.
Экологияға кино түсіру саласында да көңіл бөлінетін болады. Орманшылар туралы «38» киножобасы, сондай-ақ қоқыс өңдеу зауытын ашып, түрлі экологиялық акциялар өткізетін экоактивист туралы «Ақжауын» сериясы басталады. Бұдан басқа, «Саяхат Time» ұлттық тележобасы іске қосылады, оның мақсаты – Қазақстанның табиғаты мен экологиялық таза жерлеріне ұқыпты қарауды насихаттау және кішкентай көрермендер үшін экологиялық тәрбиені дамытатын 3 анимациялық жоба әзірленеді.
Үшінші бағыт – экологияға тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Қазақстанның, Әзербайжанның және басқа да елдердің қатысуымен Каспий теңізінің жағалауында плогинг жобасы (жүгіру арқылы қоқыс жинауды да ұйымдастыратын экологиялық қозғалыс) іске асырылатын болады. Қоғамдық экологиялық бақылау жөніндегі республикалық акциялар және қоғамдық кеңестердің, азаматтық қоғамның, бизнестің, оқу орындарының, БАҚ пен еріктілердің қатысуымен эко-патрульдер құру жалғасады.