Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ТАҒЫЛЫМДЫ ТЕМІР ЖОНУШЫ

Сурет ғаламтордан алынды

Қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі.

Қашанда мақтауға лайық жұмысшы мамандықтарының қатарында темір жонушы (токарь) мамандығы да бар. Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие темір жонушы мамандығы жәй ғана техникалық мамандық емес, бұл нағыз қолөнер, тіпті өнер шебері. «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында темір жонушы болып еңбек етіп келе жатқан мұқырлық Зинеден Молдағалиев 1984 жылы Мұқыр орта мектебін бітірген соң бір топ сыныптасымен бірге мал шаруашылығын өркендету мақсатында «Балауса» комсомол-жастар бригадасында қой бағады. Еңбек ете жүріп аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен Атырау қаласындағы ДОСААФ мектебінде оқып, жүргізуші мамандығын алады да Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Екі жыл Солтүстік Осетиядағы Моздок қаласында әскери міндетін өтеп келген соң «Гурьев» асыл тұқымды қой зауытында құрылысшы болып жұмыс жасайды. Алты айдан соң кеңшар жолдамасымен Украина мемлекетіндегі Одесса қаласына оқуға жіберіліп, темір жонушы мамандығын алып шығады. Сол мамандығы бойынша жұмыс жасап жүргенде кеңшар тарап, жұмыссыз қалады. Екі-үш жыл әр түрлі жұмыс жасаған ол 2001 жылы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына темір жонушы болып жұмысқа орналасады.

«Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қолданыстағы құрал-жабдықтарды жөндеу және прокаттау бөлімшесінің бастығы Қайрат Дәулетбаевтың айтуынша, Зинеден Молдағалиұлы мамандық таңдауда қателеспеген жандардың бірі. Өз кәсібінің нағыз шебері. Жұмысқа кіргеннен бері ширек ғасырдай уақыттың ішінде ол тек жақсы маман екендігін көрсетіп келеді. Берілген тапсырмаларды уақытында тиянақты әрі сапалы орындайды. Ол өзінің іскерлігі арқасында бірнеше рет түрлі еңбек жарыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген аға буын өкілі. Цехқа келген жас мамандарға өзі тәлімгер болып, оларды кәсіпке баулып келеді. Ширек ғасырдан бері мұнай саласында тер төгіп келе жатқан ол үшін жұмыстағы ең басты қағида – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. – Жалпы, қай салада болмасын ең алдымен қауіпсіздік мәселесі басты орында болуы тиіс. Өйткені, адам және оның өмірі ең басты құндылық. Арнайы станокпен жұмыс жасайтын темір жонушылар үшін қорғаныш құралдарын кию, мұқият болу – өмірлік маңызды ұстанымдар. Негізі жұмыс сызба бойынша жүреді. Бұл ретте өндірістен келген арнайы сызба бойынша шойыннан, темірден түрлі бұранда, бөлшектер жасаймыз. Темірмен жұмыс істеуде дәлдік пен төзімділік басты рөл атқарады. Сондықтан оларды дәлдікпен жасап, сапалы өнім шығару үшін тер төгеміз. Дегенмен кейде сызбадан бөлек шұғыл жұмыстар шығып қалады. Яғни кен орнындағы құрылғылардан ақау шығатын кездер болады. Сондай кезде уақытпен санаспай дәнекерлеушілермен бірге ақауды қалыпқа келтіріп, құрылғыны іске қосамыз. Басқа мамандықтар секілді темір жонушы да жауапты жұмыс, өндірістерде сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Әрбір адам өзі таңдаған мамандығын жақсы көріп жасаса, онда жұмыс барысында ешқандай қиындық туындамайды. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы өте құптарлық бастама. Сондықтан жастарға еңбек нарығында сұранысқа мамандықтар туралы түсіндіріп, көбірек тарту қажет, - дейді кейіпкеріміз. Жұмысшы өз еңбегіне иек артатын, содан қуат табатын қасиетті кәсіптің иелері. Олардың адал еңбегі елімізді ілгері дамытып, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуда септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан маңдай терін төге еңбек етіп, қиындаққа мойымайтын жұмысшы мамандығының иелері қандай құрметке де лайық.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT