Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Халықпен тығыз байланыстамыз»

Ауылдың біраз мән-жайына қаныққаннан кейін округ әкімі Гүшара Ізімоваға барып, тұрғындар ұсыныстарымен қатар ауылды дамыту, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді шешу бағытында сұхбаттастық.

– Гүлшара Нәдірқызы, ауылға әкім болып сайланғаныңызға бес ай ғана болды. Осы уақыт аралығында алдыңызға ауыл халқы қай мәселемен көп келді?

– Әкім болып сайланғаныма бес ай. Осыған дейін Тасшағыл ауылдық мектебінде біраз жыл директор қызметін атқардым. Сол себепті ауылдың мұң-мұқтажы бұрыннан таныс. Десе де, алдыма келген тұрғындар өтінішін тыңдауға әзірмін. Соңғы уақытта елдегі жағдайға байланысты жұмыссыздық саны өсіп кетті. Бұл мәселе ауыл халқын біраз қинап жіберді. Тұрғындардың көпшілігі вахталық жұмыспен жұмыс жасайтын. Қазір қысқартудың көбейгенінен бәрі дерлік ауылда. Осы жағдаймен алдыма келгендер көбірек.

– Жаңа ауыл тұрғындарымен сөйлескенімізде ауыл шаруашылығымен күнелтіп отырған соң малға жайылымдық жердің жоқтығы үлкен мәселе екенін көтерді. Осы жөнінде айтсаңыз...

– Расында, қазіргі уақытта тұрғындардың басым көпшілігі осы мәселені қозғайды. Шешімін табуға тырысудамыз. Бірақ, шаруашылық иелері конкурс арқылы жеңіп алып, жерлерді заңдастырып алған. Қиындық көріп отырған жеке тұрғындар. Жаз айларында округке қарасты далалық жерлер көп өртенді. Осы кезде ауыл халқының ауыз біршілігін көрдім. Ұйымшылдықпен дала өртінің өршіп кетпеуіне көмектесті. Әйтсе де шабындық жерлердің басым бөлігі өртеніп, қысқы мал азығын дайындауға кедергі келтірді. Қазір жем-шөп қат. Шаруа қожалық иелері саттыққа шығармақ түгіл өздеріне шөп дайындай алмай қиналуда. Көршілес облыстан сатып алуға мәжбүр.

– Елді мекендерге қаншалықты жиі барасыз? Яғни, әкім бол халқыңа жақын бол» дегендей ауыл тұрғындарына қаншалықты жақынсыз?

– Елді мекендерге жиі барып, халықтың сөзіне үнемі құлақ асудамын. Әр тұрғынмен жеке сөйлесіп қандай мәселе барын сұраймын. Кеңсе тұрғынға есігі ашық. Бұрынғыдай қабылдау күндерін күтіп отырмаймыз. Кім келеді, соны жылы қабылдап, барынша мәселеін шешуге тырысамыз. Мәселе шешілмесе заң аясында түсіндіріп, бағыт беріп отырамын. Одан бөлек округтің «Телеграм» чаты, ватсап әлеуметтік желісінде ортақ группа бар. Сонда қойылған сұрақтарға да жауап беріп, халықпен кері байланысқа шығамын.

– Елді мекендерді аралағанымызда ауызсу мәселесінің бар екенін байқадық, Әсіресе, Қоныстану халқы ауызсуда тасып ішсе, Қоғам елді мекені әлі құдық суын пайдалануда? Осыған не айтасыз?

– Елді мекендерге су құбырын тару кезінде бас жоспарға енгізілмей қалған. Оның басты себебін білмеймін. Рас осы мәселе ауыл тұрғындарын қинап отыр. Осыған орай ескі су тасу көлігін жөндеп, елді мекен тұрғындарына су жеткізуді ұйымдастырудамыз. Қоғам тұрғындарынан арыз түскен жоқ. Халық ауызсуды құдықтан пайдаланады. Суы тұщы, ішуге жарамды. Мұның барлығы екі жылдан бері Бәйтік, Арал көлдеріне су келмеуінен туындаған проблема.

– Қоныстану тұрғындары ауылға медпункт керек деген сұраныс айтты. Ол жағы қалай шешілмек?

– Қоныстану, Қоғам елді мекендеріне бекітілген фельдшер бар. Олар тұрғындардың денсаулығына байланысты шағымдарды қарап жүр. Қоныстануда берілген медпункт жоқ. Сол себептен, фельдшердің барып отыруына мүмкіндік болмай отыр. Дегенмен тұрғындардан түскен шақыртуларға барады. Ем-домды Тасшағыл ауылына келіп алуға мәжбүр. Себебі, қазіргі жағдайға байланысты үй аралап, ем жүргізуге рұқсат жоқ.

– Қоныстану елді мекенінің тұрғыны Байғон Арашов: «Тұрғын үйіме газ келген уақытта гарелька орнатып алғанмын. Енді мамандар бұл қауіпті, көгілдір отынды ажыратамыз, - деді. Менің қысқа дайындығым жоқ» деген уәжін айтты. Ал ауыл тұрғыны, жалғыз басты Серікбай Биғалиев қарттың үйіне жөндеу керек. Осы мәселелер туралы не айта аласыз?

– Екі тұрғынның да мәселесінен хабардармын. Байғон ағайдың мәселесі осыған дейін де айтылып келеді. Бастапқы әзірде тұрғын үй сатып алу кезінде құжатқа салғырт қараған. Үй сатып алған адамның өзіне аударып алмауы, ал үй сатушы оны кепілге қойып несие алған. Соның салдарынан құжаттарын реттей алмай жүр. Гарельканы айырып, жылу қазандықтарын орнату дұрыс. Ол қауіпсіздік үшін жасалады. Осыны халық түсінсе екен.

Серікбай қарттың үйі округ балансында. Жалғыз басты болған соң комиссия шешімімен берілген. Үйге жеңіл жөндеу жылда жүргізіледі. Оған қоғамдық жанынан жұмысшы тартылып келеді. Жақында ғана үй ішін ақтап, тазалық жағын ретке келтірілді. Алдағы уақытта үйдің сыртын әктейді. Азық-түлік жоқ дегенге сенбеймін. Ол жағынан да көмектесіп тұрамыз.

Түйін

Тасшағыл ауылдық округіне жасаған бір күндік сапарымызда көзбен көргеніміз, ойға түйгеніміз көп болды. Ауылда түйіткілді мәселе де, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың да бар екенін байқадық. Рас, әлі де жасалар жұмыс жетерлік. Өйткені, маңызды мәселелерді оңды шешіп, жұмысты жедел жандандырмаса халықтың да, мемлекет басшысының да басты талабынан шыға алмасымыз анық. Бұқара үніне құлақ асып, халықтың мұң-мұқтажын барынша іске асырудан өзге мақсат-мұрат жоқ.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521