Биыл барша ел болып қазақ ұлтының біртуар азаматы, данышпан, ағартушы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өткелі отырғанымыз белгілі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
«Ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың халқымызға ой салатын, ұрпақ санасының көкжиегін кеңейтіп, тəрбие-тағылым алатындай маңызды мағыналы істер атқаруымыз керек» деп айтуы Абай іліміне ғылыми тұрғыдан өте жоғары мән берілетіндігі екендігі анық. Абайдың көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін əрбір қазақ баласы оқып біліп, санамен, жүрекпен қабылдап, өмірде рухани бағдаршамдай пайдалану керектігін сезінесің. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен пайымдасақ, Абайдың кітабы мен Мұхтар Əуезовтың «Абай жолы» романы əрбір отбасында болуы керек. Бұл ұсынысты өз басым толығымен қолдаймын. Абай тұлғасы мен мұрасын елімізде ғана емес шетелдерде де насихаттау ол біздің рухани байлығымыз бен мәдениетімізді халықаралық деңгейге көтереді.
Ең басты мақсат - өткізілетін іс-шаралардың өскелең ұрпаққа тəрбиелік маңызының зор болуында. Шын мәнінде, ХІХ ғасырда қара сөздерімен халықты парасаттылық пен адамгершілікке шақырып, ұлттық сананы жаңғырту жолында идеологиялық күрес жүргізген Абай бабамыздың шығармашылығын зерттеп, насихаттау еліміздің ХХІ ғасырдағы дамуында өзекті, әрі қажетті мәселе болып табылады. Ендеше, Абай шығармашылығының құндылығын зерттеп, бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастыруға зор септігін тигізеді деп есептеймін.
Ажар ШОҢБАСОВА,
Ойыл ауылдық округі кітапханасының кітапханашысы
Сурет: ашық дереккөзден