Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп бекер айтпаса керек. Осы даналыққа сүйенсек, туған тілімізді білу, оны біліп қана қоймай ұрпақ санасына сіңіру, дамыту, мемлекеттік деңгейде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету әрбір адамзаттың абзал борышы, әрі қасиетті міндеттерінің бірі деп білемін.
Ата Заңымыздың 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Ал, 1997 жылдың 11 шілдесінде «Тіл туралы» заң қабылданды. Аталған заң ел аумағында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін белгілеп берді. Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің барлық салаларында қолданыс аясы кеңейе түсті. Ең бастысы - ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына зор сеніммен қарайтын болдық. Мемлекет тарапынан да жасалынып жатқан жұмыстар аз емес. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарында, сондай-ақ, сот жүйесінде де мемлекеттік тілді дамытуға қойылатын талаптар күшейтіліп, оң өзгерістер орын ала бастады. Ауқымды іс-шаралар атқарылып, соттарда мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде жас ұрпақтың санасына қазақ тілінің қасиеті мен құдыретін ұғындыру мақсатындағы дәріс оқу жұмыстары, сотқа түскен істердің мемлекеттік тілде қаралу көрсеткішін саралау және басқа да мемлекеттік органдардан түскен кіріс хат-хабарлардың мемлекеттік тілде берілуіне талдау жүргізу, газет беттеріне, әлеуметтік желілерде қазақ тілінің қасиетін насихаттап мақалалар беру жұмыстары ойдағыдай атқарылып, күн тәртібінен түспей келеді.
Соттарда кеңсе құжаттары мен іс-қатынас қағаздары, ішкі құжттар барлығы дерлік мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бірақ, өкінішке орай заң талаптарына сәйкес, сот ісін жүргізуге қабылданған азаматтық істер бойынша, талап қою арызы қай тілде берілсе, сот ісі сол тілде жүргізіледі. Бұл заңдылықтар Азаматтық процестік кодексте «Сот ісін жүргізу тілі», Қылмыстық процестік кодексте «Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте «Іс жүргізу тілі» баптарымен айқындалған.
Иә, мемлекеттік тіл туралы мәселенің мінбеден түспегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, мемлекетті құраушы ұлт тілінің күні бүгінге дейін өз тұғырына нық қона алмай келетіні де жасырын емес. Ол үшін «Тіл туралы» заңның талабын күшейтіп, тиісті өзгерістер енгізген жөн деп есептеймін.
Әрине, мемлекеттік тілді білу, оны дамыту, қолдану аясын кеңейтуге атсалысу әр адамның азаматтық борышы. Болашақта мемлекеттік тілді, тек қазақтар ғана емес, еліміздегі әрбір азамат меңгеруі тиіс. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді» деген сөзін одан әрі жандандырып, заң тұрғысынан бекіткен жөн.
Бүгінде, біздің елімізде «5 қыркүйек -Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі болып заңмен бекітілген. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база жетілген, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша іс-шаралардың ведмстволық жоспарлары да бекітілген. Ал, осы тұста мемлекеттік қызметшінің міндеті – тиісті заң талаптарын сақтай отырып, еліміздегі әрбір азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады.
Мақаламды түйіндей келе, «Тіл – ұлттың жаны» ғана емес, мемлекеттің де басты тірегі. Қазақ халқының ұлттық мүддесі мен болашақ ұрпақтың тірегі, халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрамыз екенін естен шығармайық, ағайын!
Әр адамның азаматтық қасиеті – салт-дәстүрін сақтауымен, өзінің туған жерін, өз атамекенін сүюімен, өзінің ана тілін білуімен өлшенбек. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміздің тұғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз қасиетті қазақ тілінің қадірінің артуына ат салысуымыз қажет.
Базаргүл ӘБДУӘЛИЕВА,
Аудандық сот әкімшісінің бас маманы