Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қорқытов құрмет тұтқан Ғинекең

Тумысынан одағай мінезден аулақ, көрген жерде өзіне іш тартып тұратын, кіршіксіз таза абзал жанның бірі - аудан, облыс, республикаға танымал өнер иесі Ғинаятолла Есенғалиев.

Ол 1923 жылы дүниеге келіп, бастауыш сыныпты Махамбет ауданының Таңдай ауылында оқып, орта мектепті Орал облысының Чапаев ауданында аяқтаған. 1942 жылдың қаңтарында Орал облысының Чапаев аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынып, ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысып, соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында болып, елге 1947 жылы оралады. Осынау естен кетпес ел басына күн туған ауыр кезеңде, жауынгер жолдастарының арасында оларға рухани рух беріп, Жеңіске деген жігерлерін жасытпау үшін, музыкадан қабілеті бар Ғинаятолла қолына мандолина аспабын алып, талай патриоттық әндер шырқайды. Ауа райына қарамай ашық алаңда да, окоптың ішінде отырып та қазақ әндерімен бірге, әр ұлттың әндерін тамылжыта шырқаған кейіпкеріміз елін қорғауда ерлік көрсеткен жауынгерлерге патриоттық күш берді.

Осынау мандолина аспабын соғыстан кейін де өзімен бірге ала келіп, өмірінің соңына дейін қолынан тастамай шәкірттеріне дәріс берген Ғинекекең соғыстағы және бейбіт өмірдегі ерлігі үшін «Құрмет белгісі» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және бірнеше медальдарымен, үздік ұстаздық қызметі үшін Қазақ КСР-інің Құрмет грамотасымен және бірнеше рет облыстық, аудандық Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Кезінде отбасылық ансамбль құрып, ансамбль 1982 жылы Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының ХІІ съезі делегаттарына өнер көрсетіп, Қазақстан Республикалық кәсіподақтар Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 1983 жылы ансамбль Алматы қаласында шығармашылық есепті концертін беріп, ансамбль жетекшісі Ғинаятолла Есенғалиев Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің дипломымен мадақталды.

Ансамбль мүшелері өзінің ұл-қыздары. Айталық, Ғинекең өзі домбыра, скрипка, балалайка, мандолина аспаптарында ойнаса, қызы Разия домбырада сүйемелдеп халық әндерін ансамбль сүйемелдеуінде және жеке орындайды. Ұлы Ибрахим ұлттық сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы, домбыра, прима, шертер аспаптарында ойнап, бірнеше дауыста вокалды квартетке қосылып ән орындайды. Марқұм Озха қызы ән өнерінің шебері болатын. Қазақтың халық әндерін шырқағанда көрермендер сілтідей тынатын. Ал, Әмірғалиы жоғары білімді музыка маманы, ансамбльдің бүгінгі музыкалық жетекшісі, электрлі синтезаторда ойнап, аранжировка жасау қабілетіне ие болса, Зиза да шебер домбырашы және бишілік өнерімен де талай сахналарда көрермендерді тәнті етті. Бүгінде, осынау өнерпаз ұл-қыздары орта жастан асқан, ардақты әке мен ана. Солардан өрбіген немерелері Гүлбахрам, ГауҺар, Ботакөз, Гүлбану, Нұрәлі әндерімен ел көңілін ауласа, Інжумаржан мен Гүлайкөркем әнге қоса би өнерінің хас шеберлері. Аудандық, облыстық өнер сахнасына шығып үлгерсе, кенже ұлы Әмірғалидың балалары да мектеп жасында әртүрлі өнер байқауларына қатысып,аудандық сайыстарда жүлдеге ие болуда. Демек, әке салған сара жол жалғасын тауып, балалары ансамбльдің жұмысын одан әрі өрістетіп келеді. Олардың бүгінгі жетістіктерін баспасөз беттерінен оқып жүрміз.

Ғинекеңнің бірнеше әндері де бар. Нәсіпқали Құбашевтың сөзіне жазылған «Отаным», «Жырлаймын сені» әндері бүгінгі күндері ән сахнасында шырқалып жүр. Өкініштісі, Ғинекең ағамыз 1996 жылы дүние салды. Әйтсе де, оның есімі жерлестері жадынан мәңгі өшкен жоқ. Соның бір айғағы - Мұқыр ауылындағы орталық көшеге Ғинекеңнің атауы берілген. Бұл елге еңбегі сіңіп еленген ел ағаларына деген құрмет. Мен, Мұқыр орта мектебінде Ғинекеңмен бірге 30 жылдай бірге ұстаздық қызмет атқардым. Оның бүкіл саналы өмірі шәкірттерді оқытуға жұмсалды. Ұстаздықпен қатар ауыл мәдениетін көтеруде, ұрпақтарды музыка өнеріне жақындатуға еңбегі зор. 1958 жылы Қазақстанның Москвадағы 10 күндігіне қатысқан өнерпаздардың бірі ретінде де елге танымал тұлға. 1986 жылы Қызылқоға өңіріне танымал, кеңес жұмыстарында еңбек еткен Құлкенов Әбдеш ағамыздың 60 жылдығы мерекесінде Ғинекең Түркештің «Көңілашар», Құрманғазының «Серпер» күйін орындады. Сол жиынға қатысқан драматург жазушы,облысымызға еңбегі сіңген қайраткер Берік Қорқытов ағамыз сахнаға көтеріліп, Ғинекеннің қолынан сүйіп, «Мұндай дарынды ұрпақты өмірге әкелген анадан айналайын!» деп қатты риза болғанына куәміз. Міне,өнерге құрмет деп осыны айтса болар. Миялы өнер мектебінің Мұқыр ауылындағы филиалында Ғинекеннің бала-келіндері жұмыс жасайды.

Осы орайда, аталмыш филиалды өнер мектебіне айналдырса деген тілегім бар. Себебі, дайындық сыныптарын қоса есептегенде мыңға жуық бала оқитын мектептен өнерлі жастардың көптеп шығатынына сенімдімін. Тіпті, болашақта осы өнер мектебіне кешегі сұрапыл соғыстың бастан – аяқ куәгері, ұзақ жыл ұстаздық қызметін мінсіз атқарған, оған қоса Мұқыр ауылының өнеріне, мәдениетіне терең із қалдырған Ғинаятолла Есенғалиұлының есімі берілсе артық болмас еді. Өйтқені, Мұқыр ауылы үшін өнер әлемінде Ғинаятолла Есенғалиұлының айрықша орны бар екендігі анық.

Аманкелді СӘРСЕМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521