Оларды туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыру керек
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мәселе қаралды, еліміздің тарихи құнды жәдігерлерін туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыру қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізудің маңыздылығын атап өтті. Төрткүл дүние елді дәл осы тізімдер арқылы танып біледі. Қазақстан – шын мәнінде, бірегей тарихи-мәдени жәдігерлерге бай ел.
Әлемдік деңгейде мойындалған таңғажайып ескерткіштер – біздің ұлттық мақтанышымыз. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Қаялық, Талғар, Ақыртас қалашықтары және тағы басқа мұралардың әрқайсысы теңдесі жоқ тарихи құндылыққа ие. Бұлар – еліміздің бетке ұстар жәдігерлері.
Біз олардың барлығын туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыруға тиіспіз. Мұндай ескерткіштерді жер жүзіне танытуымыз керек. Оларды фильмдер мен бағдарламаларда көрсетіп, кітаптар мен мектеп оқулықтарына енгізу қажет. Сондай-ақ көрмелер мен форумдарда кеңінен насихатталуы тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.