Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОЙЫЛ КЕУІП БАРАДЫ КҮҢІРЕНТІП

Қасиетті Қызылқоға өңірін құт мекенге айналдырып құлпыртқан Ойыл өзенінің қазіргі жағдайы өте мүшкіл. Өйткені, көктем мезгілінде таситын өр суының мөлшері жыл өткен сайын азая түссе, биылғы жылы мүлдем келмеді. Өр суы келмегендіктен өзен арнасы құрғап, су тек шүңейттерде ғана қалды. Ал, бұл өз кезегінде Ойыл өзені бойын қоныстанған аудан халқының әлеуметтік жағдайына әсер етуде. Яғни, өр суы келмегендіктен жерасты суы тартылып, тұрғындар жаз бойы ауызсудың зардабын тартса, төрт түлік малды суаратын суат көздері азаюда.

Аудан тұрғындары арасында өр суының аз келуіне орай түрлі пікірлер қалыптасты. Бірі өзеннің жоғары жағынан күріш еккен қытайлықтар суды жібермей отыр десе, екіншісі өзеннің бастауында мұнай өндіріліп жатқандықтан өзеннің көздері бітеліп қалған деп топшылауда. Сондай-ақ, өзеннің бойында үлкен су қоймалары пайда болған немесе бау-бақша, егін салғандықтан шлюздер жабылып, төмен қарай су жіберілмей жатқан көрінеді дегенде пікір бар. Тұрғындардың осындай әңгімелерінің қаншалықты шындыққа жанасатынын және Ойыл өзенінің бастауында судың бар-жоғын анықтау мақсатында «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның бас геологы, жерлесіміз Рауан Сабыровтың бастамасымен құрамында жерлес жеке кәсіпкер Парасат Садықов, аудандық жылжымайтын мүлік мекемесінің бас маманы Жүсіп Әбдіғалиев бар еріктілер тобымен бірге, бізде екікүндік сапармен Қиыл және Ойыл өзендерінің басына барып қайтты.

Арналы өзен құрғап қалды

Алдымен Ойыл ауылындағы өзен бойындағы көпір қасына тоқтаған топ, өзен суы сыздықтап ағып жатқанын жоғарыдан суретке, бейнекамераға түсіріп ары қарай жол тартты. Одан әрі Қобда ауылы арқылы Қиыл өзенінің бастауына барар жолға түстік. Қобда ауылынан Орал облысы бағытына қарай 50 шақырым қашықтықта орналасқан Жарсай (Қиыл деп те атайды) ауылына барып жөн сұрастық. Өзін Ғалымгерей Нағиев деп таныстырған азамат Қиыл өзенінің бастауын көрсетуге келісті. Бір қарағанда, Жарсай ауылы кезінде іргелі ауыл болғанға ұқсайды. Өйткені, көше бойында бұзылған үйлердің орны, есік-терезелері бітелген баспаналар, жартылай бұзылған ғимараттар байқалады. – Туған жерім Батыс Қазақстан облысы. 1974 жылы әскерден келген мен жаңадан құрылып жатқан «Қиыл» қой совхозына келіп, механизатор болып жұмысқа орналастым. Сол жылдары ауылға үш қатарлы орта мектеп, мәдениет үйі, пошта, сауда орталығы, балабақша және басқа да қажетті ғимараттар мен тұрғын үйлер салынған еді. Тоқсаныншы жылдары совхоз тараған соң жұмыс орындары жабылып, жаппай көшу басталды. Қазір бар болғаны 10 үй қалдық. Қаңырап тұрған мектепке оқытатын бала да жоқ, - дейді жолсерігіміз. Қиыл өзенін жағалай жүргенде арна бойын түгелдей қамыс пен қоға жапқанын байқадық. Әр жерде шүңейтке жиналған су болғанымен өзен суы көп жерлерде үзілген. Эхолот құрылғысымен өлшегенде шүңейттердегі судың тереңдігі 3-4 метр болды. Жері қыратты болғандықтан өзен арнасына келетін көптеген жыраларды айналып өтіп, өзен басына бардық. Жарсай ауылынан солтүстік бағытқа қарай 35 шақырым қашықтықтан басталатын Қиыл өзені Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылы тұсынан Ойыл өзеніне құяды. Ғалымгерей Нағиевтың айтуынша, өзен басы көптеген бұлағы бар үлкен ашық алаң. Көктемгі қар еріген мезгілде бұлақ суы да молайып, арна бойымен төменге тасиды екен.

Алайда, бұл жерден ағып жатқан бұлақ көздері кездеспеді. Бұдан кейін топ мүшелері Жарсай ауылының тұрғындарымен пікірлесті. Ауыл тұрғындары Серікқали Сатиев пен Зейнолла Сарбасовтардың түсіндіруінше, өзен бойында жүзге жуық бұлақ көздері бар екен. Көктем мезгілінде осы бұлақтардың суына жоғарыдан аққан қар суы мен жауған жаңбыр суы қосылып, өзен суы арнасына сыймай тасиды. Сонымен бірге, жолшыбай Қарағанды (Суық бұлақ, Ақ бұлақ), Сейітсай, Ботагөз, Батпақты секілді ұсақ өзен сулары құйылған Қиылдың суы одан әрі молайып, қатты қарқынмен аға береді. Бірақ, өзен арнасындағы бұлақтардың 80-90 пайызының көздері бітеліп қалуынан және жерде тоңның болмауына байланысты еріген қар сулары өзенге құймай, жерге сіңіп кетіп отырғандықтан екі-үш жылдан бері өзен мүлдем тасымаған. – Ағып жатқан су болмағандықтан өзен арнасын қамыс пен қоға басып кетті. Ал, арнаны тазалап, бұлақ көздерін аршуға ауыл тұрғындарының шамасы келмейді. Осы жұмыстар ұйымдастырылып, атқарылса өзеннен су үзілмеуі мүмкін, - дейді жарсайлықтар. Бұдан кейін ауыл қасынан өтіп жатқан өзен арнасындағы кейбір бұлақ көздерін аршып көрдік. Өзен деңгейінен 1 метрдей биіктіктегі бұлақ көзін аршығанда қазылған шұңқыр санаулы минутта толғанда суға толғанын байқадық. Яғни, тұрғындардың бітеліп қалған бұлақ көздерін аршу, арнаны тазалау жұмыстары ұйымдастырылса деген ұсыныстары жөн секілді.

Су тапшылығы сезілуде

Жарсай ауылында кешке дейін болған біз Қобда ауылындағы қонақ үйге түнеп, ертемен Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылына келдік. Бұл жерде ауылдық округі әкімі Абат Мүбараков пен өлкетанушы, ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиевпен әңгімелесіп, Қиыл мен Ойыл өзені жайлы біраз мәселеге қанықтық. Олардың түсіндіруінше, Кеңес үкіметі кезінде ауылдан 5-6 шақырым жерде шаруашылық қажеттілігі үшін «Қиыл-Тассай» су қоймасы салынған. Қиыл өзені тасыған кезде алдмен қойманы суға толтырып, одан кейін шабындық жерлерді суландыру жұмыстары жүреді екен. Қажетті суларын алған соң шлюз есіктері ашылып, өзен суы әрі қарай Ойыл өзеніне құяды. Биылғы жылы өзен тасымағандықтан су қоймасы қар мен жаңбыр суларымен толыққан. Ойыл өзенінің шығу тарихына қысқаша тоқталып өткен өлкетанушы Жақсылық Бисалиев: – Жалпы дүние жүзі ғалымдарының зерттеуінше алға қарай әлемде су тапшылығы сезілетінін айтуды. Шындығында қазіргі кезде табиғаттың өзгергені байқалады. Осы өзгерістердің салдарынан бұрынғыдай қар қалың түспей, жаңбырдың жаууы азайды, жерде тоң болмайды. Осындай себептерден кейін жердің астында су төмен түсіп, жер үстінде судың азаюы байқалады. Ал, мұны қалыпқа келтіруге үкімет деңгейінде үлкен жұмыстарды ұйымдастыруды қажет етеді, - дейді. Бізге қажетті мәліметтермен бөліскен Саралжын ауылының қос азаматына алғысымызды білдіріп, аталмыш су қоймасына бардық. Айналасы жасыл желекке бөленген айдын судың қазіргі жағдайы жақсы болғанымен су деңгейінің жылдағыдан төмен екені байқалады. Өйткені, биылғы жылы су қоймасына тек қар мен жаңбырдың суы ғана құйылған. Эхолот құрылғысы судың тереңдігі 3,8 метр жуық екендігін көрсетті. Бұл жерде жергілікті кәсіпкер Дархан Хасенов киіз үйлер тігіп, бие байлап демалыс орынына айналдырған. Келушілер қымыз ішіп, балық аулап, айдын көлде қайықпен серуендеп жақсы демалып қайтады екен. Бізге жол көрсеткен кәсіпкер Қиыл мен Ойыл өзендерінің қосылатын жеріне апарды.

Жолшыбай кездескен үш бөгеттегі шлюз есіктерінің барлығы да ашық жатыр. Арнаның барлығы кеуіп қалған. Естігенімізді көңілге тоқып, көргенімізді сурет пен бейнекамераға түсіріп, ат басын Ойыл өзенінің бастауына бұрдық. Бұлақ көздері ашылып, арна тазаланса «Ойыл-Шұбарқұдық» автокөлік жолында кездескен ауылдар мен өзендердің тұсына тоқтап, суретке түсірген біз түс мезгілінде Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентіне келдік. Кент шетінде орналасқан шайханадан түстеніп, жол сұрастық. Нысан қожайыны Ардақ Сүйіндіков біздің сапарымызға қаныққан соң жол білетін жолдастарын шақырып, олар межелеген жерімізге қалай жету керектігін түсіндірді. Ойыл өзенінің тартылуына қынжылысын білдірген кәсіпкер топтың қолға алған ісіне ризашылығын жеткізіп, сапарымызға сәттілік тілеп қалды. Шұбарқұдық кентінен шыққан соң жол көрсетушілердің айтуы бойынша Ақсай ауылынан (40 шақырым) батысқа қарай бұрылып, одан 38 шақырым қашықтықтағы Еңбек ауылына ат басын тіредік. Бұл ауыл Талдысай ауылдық округіне (Мұғалжар ауданы) қарайды. Алпыс шақты үй қоныстанған ауылдан жөн сұрайтын адам іздестіріп жүріп, Самат Кулов деген азаматты кездестірдік. Топтың келгендегі мақсатын білген ол жасап жатқан шаруасын кейінге ығыстырып, бізбен бірге шықты. Осы жерде туып-өскен Самат Советұлының әңгімесінен біздер біраз жайтқа қанықтық. Оның түсіндіруінше, ауыл маңында ара қашықтықтары 3-4 шақырымды құрайтын бес бұлақтың бастаулары («Еңбек», «Еңбек-2», «Қараған сай», «Ойыл», «Қызылбұлақ») бар. Бұл бастаулардың әрқайсысында 30-40 бұлақ көздері бар. Сулары тұщы әрі салқын. Пайдаланатын суды бұлақтан алатындықтан тұрғындар құдық қазбайды. 1978 жылы Ақтөбе қаласынан келген су мамандары ауыл іргесіндегі «Еңбек» бастауындағы 16 бұлақ көзін ұңғыма арқылы (скважина) қазып, тұрба салды. Алғашқы ұңғымаларды қазғанда жер астынан шыққан су 3-4 метр биіктікке атқыласа, кейін су қысымы бәсеңдеп, тек 1,5 метр биіктікке дейін жеткен. Бірақ олар кейіннен бұл ұңғымалардың пайдаланатын бес-алтауын қалдырып, қалғанын бекітіп тастаған. Міне, осы ұңғымалардан жиналған су мен келесі бұлақ бастаулары бірігіп, өзенше пайда болған. Тіпті, оның үстіне қатынас үшін көпір де салынған. Бүгінгі күні «Еңбек» бастауына салынған ұңғымалардағы судың бұрынғы қысымы жоғалып, жайлап қана ағуда. Өйткені, соңғы 15-20 жылда ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. «Еңбек-2» бастауына барғанда аз ғана су мен қамыс, қоғаны көрдік. Мұның себебін түсіндірген серігіміз жер астынан шыққан суларды жинау үшін бөгет салынып, тоған жасақталған. Бұл жерде де 30 шақты бұлақ көзі бар. Тоған толған соң артық су өз жолымен ағып өзен арнасына бет түзейді. Су толып тұрған кезде тоғанға мал түспей, суын ішкен соң кері қайтатын. – Бөгеттің бір жағы бұзылған соң суатқа келген малдар тоған ішіне түсіп, бұлақ көздерін тапап, бітеп тастады. Суы азайып, батпаққа айналған жерге қамыс пен қоғаның көп өсетіні белгілі. Сондықтан бөгеттің жырылған жері бітеліп, өсінділер жұлынып, бұлақ көздері тазартылса, бұл тоған да бұрынғы қалпына келер еді, - дейді ол.

Айтқандай айналасын тал қоршаған «Қызылбұлақ» бастауының бөгеті де осыдан біраз жыл бұзылған көрінеді. Суы азайған соң мал таптап көптеген су көздері бітелген. Жақында ауыл жастары ұйымдасқан түрде бөгетті қалпына келтіріп, бұлақ көздерін тазалаған соң қайтадан су жиналып шағын көлге айналған. Суды кешкенде әр жерден аяққа бүлкілдеп шығып жатқан су білінеді. Демек, өзге де бұлақ көздерін ашып, тазаланып, тоғандалса өзен арнасына келіп құятын су көлемі де көбейе түспек. Қырыққа жуық бұлақ көзі бар, бөгетпен қоршалып тоған жасақталған «Ойыл» бастауы да осындай дәрежеде болған соң, оны жоғарыдан суретке, бейнекамераға түсіріп, «Қараған сай» бұлағына бардық. Бұл жерден ұңғыма арқылы жақсы қысыммен шығып жатқан бұлақ суын көрдік. Суы тұп-тұщы. Салқындығы сондай баклажкамен су алғанда қолды қарып кетті. Сөйтіп, діттеген жерімізге жетіп, барған жұмысымыз біткен соң ымырт жабыла көлігімізді ауылға бұрдық. Бұл жерлерді аралап көргенде көңілге түйгеніміз, «Еңбек», «Еңбек-2», «Ойыл», «Қызылбұлақ», «Қараған сай» бұлақтарынан аққан су жинақтала келе Ойыл өзенінің бастауын құрап, көктемде жоғары қыраттардан еріп аққан қар суларымен толығып төмен қарай ағады екен. Өзен арнасы жолшыбай Алау, Жарлы, Шилі, Құмқұдық, Бабатай, Шибұлақ, Шығырлықұмды, Құмды, Кенжалы секілді шағын өзендерден аққан сумен толығып бізге жетеді. Қайтар жолда уақыттың тапшылығынан Ойыл өзені бойына орналасқан Қайыңды және Алтықарасу ауылдық округтерін аралауға мүмкіндік болмады.

Бірақ аталмыш округ әкімдерімен телефон арқылы байланысқанда олардың да қазіргі уақытта су тапшылығын тартып жатқанын білдік. Олардың айтуынша, екі-үш жылдан бері келетін судың көлемі азайып, жаз ортасында өзен суы тартылып, ашып кетеді. Сондықтан өзен бойына бау-бақша салатын тұрғындар бұл кәсіптерін доғарған. Өзен бойына салынған бөгеттер жоқ. Сондай-ақ, өз аймақтарында заңсыз егін егіп жатқандар да болмаған. Түйін. Сапар барысында мүмкіндігінше өзен арнасына салынған бөгет басқа да тосқауылдардың бар-жоғына назар аударып, судың ағысын бақыладық. Бірақ, көзге көрініп тұрған бөгет көрінбегенімен, өзен арнасының басым бөлігін су өсімдіктері басқанын, өзен суының ағысы өте баяу екені байқалды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардан сұрастырғанда өзен бастауында және арнаға жақын жерлерде мұнай сорып немесе су көздерін пайдаланып жатқан компаниялар жоқ екенін білдік. Олардың айтуынша, Кеңес заманында ағын судың мол әрі тез келуі үшін әр совхоз өзіне тиісті жер аумағынан өтіп жатқан өзен арнасын қамыс, қоғадан тазалап отырған. Бұл ретте өз жерінің аумағындағы бұлақ көздерін тазалап, тиімді пайдалануының арқасында су тапшылығын көрмей өздерін қамтамасыз етіп отырған шаруа қожалықтарын да кездестірдік. «Дария басы бұлақ» дегендей бітелген бұлақ көздерін аршып, өзен арнасын тазалау жұмыстары ұйымдастырылса, өзен арнасы судан тарықпауы мүмкін. Ал, Ойыл өзенінің тасуы күзгі жаңбырдан тоң қалың түсіп, қыста қардың мол болуына, яғни табиғат анаға тікелей байланысты екені даусыз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521