Таяуда аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Сағыз ауылдық округіндегі Кенбай, Сағыз, №9 орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өтті. Ондағы мақсат – жас ұрпақ тәрбиесінің дұрыс қалыптасуына үлес қосып, бағыт-бағдар беру. Оған аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова, «Шапағат» қоғамдық қорының теолог-маманы З.Батан, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жарқынгүл Сәрсенова және мектеп мұғалімдері қатысты.
Адам өмірі құнсызданып бара ма?
Кездесуде, алдымен сөз алған аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып: «Қазір алдымызда отырған оқушылар ертеңгі елдің болашағы. Ал, сол болашақтың иелері өздеріне-өздері балта шабуда. Нақтырақ айтсам, адам өмірінің құндылығы әлсіреп бара жатқандай. Өйткені, өз эмоциясына ерік бере алмайтын жастардың бір-бірін аяусыз ұрып немесе өлтіруі ата-ананы қан жылатады. Біз бүгін сіздерден немесе мұғалімдеріңізден кемшілік іздеуге келмедік. Сіздерге адам өмірі, жастық шақ, ата-ана атану сынды керемет сәттердің куәсі болып, елдің қамын ойлаған азаматтардың қатарынан болуға септігіміз тисін деген бағытта келіп отырмыз. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, алдына адал асты тосып, киіміңді бүтіндеп, оқуыңды оқытып отырғанда, басына қиыншылықпен қоса, қазаны көрсету үлкен қасірет. Айналайын, балаларым өз бойларыңыздағы «аяқтан шалып қалу», «иықпен қағу», «кекшілдік» сынды әдеттерден аулақ болып, мейірімділік пен қарапайымдылық ғана жинайық. Бәрі кекшілдіктен шығады ғой. Сүттей ұйып отырған ауылдың жік-жікке бөлініп, бірінен соң бірі кек алып жатқаны болашағымызға сұрақ белгісін қойып жатқандай. Оқушы балалар сіздердің білім және спортпен дос болып, артық зиян қылықтардан аулақ болып, өз ата-анаңыздың үмітін ақтауды ғана ойлағандарыңыз дұрыс» деген пікірін ортаға салды.
Тәрбиенің тамыры кімде?
Сағыз ауылында орын алған қылмыстық істерден соң, «Мектеп тәрбиесінде кетіп жатқан олқылықтан..» деген пікірлер жиі айтылуда. Ал, кездесуде бұл пікірмен мүлдем келіспейтін Сағыз орта мектебінің директоры Мейрамгүл Аяғанова:
- Мектепте тәрбие жұмысы жоспарлы түрде өтеді. Оған қоса, жоспардан тыс облыс, ауданнан келген тікелей тапсырмалар бойынша жұмыс жасалады. Мектептегі өтіп жатқан тәрбиелік шараларға да, оқу семинар-тренингтерге де бар мүмкіндігім ше қатысамын. Мектепте оқушылар бір ауысымда оқыса, түстен кейін 8 бағыт бойынша үйірмелерге оқушылардың 75 пайызы қатысады. Ал, оқыс оқиғалар мектеп бітірген жастар арасында болып отыр. Сондықтан, ауыл жастарының кешкі мезгілде спорттық ойын ойнайтын, шығармашылықтарын шыңдайтын, көңілдерін бөлетін орындар көбейтілуі керек. Сағыз ауылындағы бір спорт алаңында барлық жастар бас қосады. Міне, сол жердегі бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ, қадағалаусыз қалмауы тиіс. Өйткені, сол спорт алаңына 30 бала барса, оның 20-сы спорттық ойын ойнайды да, қалғаны көрермен ретінде отырады. Ал, бос отырған бала біреуге ұрынады, тиіседі. Содан соң, арты осындай жағдайға әкеледі. Ендеше, сол бос жүрген жастардың ішінде мәдениет жағына қызығушылығы болуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда, мәдени шаралар кезінде сахнада оқушылар мен мұғалімдер болса, көрермендер де солар. Міне, олардың орнын да жастар болуы тиіс. Сапалы ән айтылмағаннан кейін тыңдайтын құлақ та азаятыны сөзсіз. Бұдан бөлек, мәдениет үйіне ұсынысым - ауылымыздың көпті көрген, салмақты сөзі бар ата-әжелеріміздің әңгімесін жастарымызға тыңдатып, кездесу өткізген жөн. Жастар бір келмес, екі келмес, үшіншісін де бұл әңгімелердің өзі үлкен тәрбие екенін түсінеді. Сол себепті де, бұлда жастардың уақытын тиімді пайдалануға таптырмайтын дүние деп ойлаймын,-деді.
Жиын барысында, отбасының қадір-қасиетіне тоқталған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова:
- «Отан – отбасынан басталады» деген қағида бар. Әрбір перзент отбасында дүниеге келіп, ананың сүтінен, әкенің қамқорлығынан нәр алып, ақыл-есі, дүние-танымы қалыптасады. Бұл тіркестерге не себепті тоқталып отырмын? Отбасы – шағын мемлекет болса, сол мемлекеттегі ата-анасын сыйлап, бауырларына қамқор болып өскен азамат, еліне де қамқор болатыны сөзсіз. Міне, осы мәселенің туындауы да сол отбасындағы тәрбиенің кем кетіп жатқанының көрінісі. Жастардың жүрегіндегі өшпенділік, кекшілдік, дарақылық, дөрекілік қайдан пайда болып отыр? Әрине, о баста отбасында берілген тәрбиеге тікелей байланысты. Сондықтан, әрбір ата-ана өз перзенттерін адал, жолдасына мейірімді, тіпті айналасындағы барлық жанға мейірімді болуға мынадай жан түршігерлік оқиға кезінде уақыттың өзі талап етіп отыр. Сол себепті де, ата-аналар тыныс-тіршіліктің қым-қуыт тірлігі жеткізбейді десек те, сізді қартайған шағыңызда мәпелеп өсіретін ұрпағыңыздың бақилық болғаны немесе денсаулығы жарамай қалғаны қажет болмаса бүгіннен бала тәрбиесіне үлкен назар аудару керек. Ал, бәрі кеш болған уақытта білім алған мектебінен, мұғалімдерден көрудің еш қажеті жоқ, - деді.
Сондай-ақ, кездесуде Кенбай орта мектебінің мұғалімі А.Нұрғалиева мен Сағыз учаскелік полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Н.Әбуов өз пікірлерін ортаға салды.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА