Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздар санының көбеюі. Бұл бағытта жер-жерлерде ауқымды іс-шаралар жүргізіліп, оңтайлы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Бос жұмыс орындар» жәрмеңесін өткізу дәстүрге айналып келеді.
Соның бір айғағындай, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Арман» мәдениет үйінде бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 20 мекеме қатысып, 46 жұмыс орнын ұсынды.
– Жұмыссыздыққа тіркелгендердің көбі – «Теңіз» қалашығынан босап қалғандар. Олар ауылдан табылған жұмыстың ақшасын азсынады. Барлық келген жұмыссыздардың түйіндемелері алынып, сұранысқа сай мамандықтары бойынша жіберіледі, - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Бекешов.
Жиын барысында жұмыстан қысқарып қалып, енді жұмысқа орналаса алмай жүрген Руслан Балғожин:
«Теңіз қалашығында 28 күндік вахталық жұмыстан қысқарып қалғаныма 6 ай болды. Енді жұмыс жоқ жүрмін. Бүгінгі жәрмеңкеге түйіндемемді алып келдім. Осы уақытқа дейін түйіндемені барлық жерге жібердім. Бірақ, жұмысқа шақырып та, алып та жатқан жоқ. Аудан әкімі, жұмыспен қамту орталығы аралысып, Теңіз қалашығына сұраныс берсе екен. Жәрмеңкеге аудан көлеміндегі жер койнауын пайдаланып отырған мұнай компаниялары және Теңіз қалашығындағы мекемелер неге келмейді? Жұмысқа қабылдап жатқанын естиміз, бірақ бізді алмайды» деген ренішін білдірді.
Сондай-ақ, жәрмеңкеге «Сағыз Петролеум Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орталық инженерлік-техникалық кызмет бастығы Аділер Жолмұханұлы қатысып, жергілікті жұмыссыздарға жұмыс барысы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізіп, бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңке қатысқан 80-ге жуық жұмыссыздар арасынан 7 адам тұрақты жұмысқа орналасып, калған жұмыс іздеушілердің түйіндемелері жинақталып, мамандықтары бойынша тиісті мекемелерге жіберілді.
Қысқасы, жәрмеңке жұмыссыздықты жойып, жұмыссыз сенделіп жүрген тұрғындардың мәселесін шешеді деген сенімдеміз.
Кәмшат ӘБІШ.
суретті түсірген автор