Атырау облысы Қызылқоға ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев келіп, аудан тұрғындарымен кездесті.
Сапардың басты мақсаты – өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін тыңдау және оның шешу жолдарын бірге талқылау. Қызылқоға ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғашқы кездесу Мұқыр ауылдық округінде өтті.
Ауылдың 5 мыңға жуық тұрғынымен жүздесуге «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеуішов пен аппарат жетекшісі Айсұлу Қондыбаева да қатысты.
– Бізді халық сайлаған соң, тұрғындар мәселесін тыңдау және оны шешудің тиімді жолдарын қарастыру – басты міндетіміз. Барлық ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді Парламентте көтеруге дайынбыз, – деді Мұқыр орта мектебінде өткен жиында Мәжіліс депутаты.
Кездесуде мұқырлықтар жастар тәрбиесі, жұмыссыздық мәселесі, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға қайшы телебағдарламалардың кері әсерін талқылады. Тұрғындар бұл мәселелердің назарға алынып, шешілуін сұрады. Сапар Тайсойған ауылдық округінде жалғасты. Мұнда аудандық мәслихат төрағасы Толқын Ермекқызы мен облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешов қатысқан жиында тұрғындар мұнай барлау және өндіру жұмыстары жайлы пікір білдірді. Олар «Тайсойған 1» және «Тайсойған 2» аумақтарындағы бұрғылау жұмыстарының жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ашуы қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бұрғылау жүргізілетін аумақтарға бақылауды күшейтіп, аудандық комиссия арқылы қадағалау жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды. Мәжіліс депутаты тұрғындардың әрбір өтінішін мұқият тыңдап, олардың заң аясында шешілуіне бар күш салатынын жеткізді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ