Атырау қаласында еліміздің 15 өңірінен келген 200-ден астам қатысушы мен жетекші мұнай-газ операторларының өкілдерін жинаған Республикалық жұмысшы жастар форумының ашылу салтанаты өтті.
Форум спикерлерінің қатарында ҚР Парламенті депутаттары, салалық министрліктердің өкілдері, бизнес және жастар ұйымдарының мүшелері болды.
Салтанатты ашылу барысында «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон жас мамандарға сәттілік тілеп, саланың тұрақты дамуы үшін кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол компанияның жергілікті мамандарды даярлауға қосқан үлесін атап өтті:
— Жұмысшы мамандықтардың стратегиялық маңыздылығын түсіне отырып, ТШО 2019 жылдан бастап Атырау облысындағы жұмыссыз азаматтарға арналған тегін қысқа мерзімді курстарды жүзеге асыруды қолдап келеді. Бұл курстар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқытады. 2019 жылдан 2025 жылға дейін 2700-ден астам адам оқудан өтіп, олардың 2100-ден астамы жұмысқа орналастырылды, — деді Кевин Лайон.
ТШО кадрлық әлеуетті дамытуға белсенді түрде инвестиция салып, жүйелі оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бүгінде компания қызметкерлерінің 96%-ын қазақстандық азаматтар құрайды, олардың көпшілігі басшылық және негізгі техникалық лауазымдарда еңбек етуде.
Форумның жас қатысушыларына сөз сөйлеген ТШО-ның өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері Қайрат Жолдасбаев Болашақ кеңею жобасы – Ұңғыма сағасын басқару жобасы (БКЖ-ҰСБЖ) шеңберінде 90 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын айтты.
— БКЖ-ҰСБЖ жобасын іске асыру елдің кадрлық әлеуетін айтарлықтай нығайтты. Жоба аясында 37 500-ден астам оқыту курсы өткізілді, бұл ұлттық мамандардың отандық және халықаралық өндірістік жобаларда табысты еңбек етуіне мүмкіндік берді, — деді Қайрат Жолдасбаев.
Жұмысшы мамандықтар форумы ұлттық кадрлық әлеуетті дамытуға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерінің тартымдылығын арттыруға, кәсіби бағдар беруге және техникалық-кәсіптік білім беруді қолдауға бағытталған.