Қазақ халқының өзіндік болмысын қолөнерсіз елестету мүмкін емес. Себебі, қазақтың қолөнерi – ұлтымыздың ежелден келе жатқан асыл мұрасы және дәстүрлердiң жалғасы. Сонау көне заманнан берi қазақ халқы түрлi бұйымдарды дүниеге әкелген.
Қолөнердiң қарқындап дамуы әрине, алғашқы кезекте ел экономикасына байланысты екенi анық. Қазақстанның экономикасы тұрақты және соңғы жылдармен салыстырғанда жоғары деңгейде өсiп келедi. Алайда, 2006 жылы Орта Азияның Еуразия қоры қолөнер секторын зерттеген. Зерттеудiң нәтижесi елiмiзде қолөнер бұйымдарын өндiру мен өткiзу Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдермен салыстырғанда жеткiлiктi дамымағанын көрсетiп отыр. Десек те, қолөнердің әртүрлі бағытын дамытып жүрген шеберлердің аудан төңірегінде баршылық екендігі рас.
Ендеше, қолөнерді дамытуға үлес қосып жатқан қолөнершілерге тоқталсақ.
Шебердің қолы ортақ
Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін өнерде ағаш шеберінің орны ерен. Ағаш шеберлерінің қайталанбас дүниелеріне қарап, мұндай өнімдердің тұтынушысының тез табыларына шүбә келтірмейсіз. Оның үстіне қазір ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қолданыстағы ыдыстың өзі экологиялық жағынан таза болып келеді. Ұлтымыздың ұлылығын паш ететін туындыларға сұраныс едәуір артуда. Шеберлер де үздіксіз ізденістен жалықпақ емес. Солардың бірі, жасқайраттық Амантай Сарбухиев. Еліміздегі карантин режиміне қарамастан, кейіпкеріміз білгенін үйретуден жалығар емес. Айталық, «Шебердің қолы алтын» атты шеберлік бейне сағатын өткізсе, «Жігітке жеті өнер де аз» демекші ауыл, аудан көлемінде ұлттық қолөнерді жастайынан жанына серік етіп, аудан халқын қуантуда. Бұл ретте, ағаш шебері Амантай Сарбухиев:
«Жастарымыздың ұлттық қолөнерді үйренуге ниеті өте жоғары. Сол себепті де мен үнемі шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамын. Жалпы үйренемін деген жастарға еш қарсылығым жоқ. Қазіргі таңда, халықтың сұранысы бойынша бесік, әртүрлі үстел, отырғыш, домбыра, бұйымдар және тағы басқа құралдарды жасаймын. Ағаш материалдарын аудан орталығынан тасымалдаудамын. 2013 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқандықтан әртүрлі құрал-жабдықтарды сатып алдым. Мәселен, ағашқа ою және көптеген кескіндерді салатын аппарат, ағаштың бетін тазалайтын, ағашты өңдейтін құралдардың барлығымен жұмыс өз деңгейінде жүзеге асады. Әр жасалған туынды еңбектің арқасында ерекше қолдауға да ие болады, - дейді.
Киіз үйдің жабдықтары
Иә, киіз үйдің әр жабдығының атқаратын өз міндеті бар. Мысалы, ішкі бауларының бірі уық-керегелерді ығып кетуден сақтаса, енді бірі туырлықтың желден көтерілмей, керегеге тығыз жатуы үшін қажет. Киіз үй бауларының бәрі ою-өрнекпен көмкеріліп, жиһаздық сән беретіндей етіп тоқылады.
- Басқұр — киіз үйдің ішін безендіру үшін, әрі уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр. Басқұрдың ұзындығы киіз үйді айналдыра орап шығатындай болады. Ені 20-30 сантиметр. Басқұр: жүн теру, түркімен теру және қимадеп үшке бөлінеді. Жалпы ол түйе, қой және жылқы қылы қосылған ешкі жүнінен тоқылады. Бұл басқұрды жалпақ тоқу себебі киіз үйдің керегесі мен уығының қосындысы. Керегеге уық бекітіледі. Сол кезде ағашы болмашы сыртына қарай шодырайып шығып қалады. Сол шодырайып шығып қалған ағаш киізді қажап кетпеу үшін осы басқұрды тұтады. Сол кезде мынау керегені, уықты жартылай жауып тұру керек. Таза мақта мен жүнді пайдаланатын қолөнер шеберлері бау тоқуды білсең, алашаны да игеріп кету қиын емес дегенді айтады.
- Өзім Маңғыстауға барғанымда осындай қаймағы сақталған өңірдің ұлттық қолөнерімізді құрметтеуіне шексіз риза болдым. Олар киіз үйдің екі түрін барлық қолөнер бұйымдарымен музейге қойып, тамашалауда. Міне, бұл бастаманы ауданымызда да қолға алынғанын қалаймын. Сонымен қатар, үйренуге ынта да кемшін. Өзімнің жасымда үлкейгендіктен, қазір жастардың бір қолөнер түрін үйренсе деген ниетім бар. Құрақ құрау, алаша тоқу, жіп иіру, басқұр тоқу сынды айта берсең көп. Алайда, бұл жағы біздің ауданда кемшін. Сондықтан, осы олқылықтың орны толса игі, - дейді Миялы ауылдық округінің тұрғыны қолөнерші Дариға Сапарова қажы.
Әйел мінезін қалыптастырады Бұрын кез келген қыз оң жақта отырып, жасауын өзі жасайтын. Іскер қыздар өзінің жасауымен бірге өзгелердің де жасауын жасап шығатын. Бұл оң жақтағы қыздың үлкен өмірге деген дайындығы ғой. Демек, қыз баланы тәрбиелеудің өзіндік мәні зор. Иә, негізінен қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады. Іс істеу үшін үлкен төзімділік керек.
Осы тұрғыда, Нұрзина Бисенбаеваның шоқтығы биік. Бала күнінен іс тігуге бейім Нұрзина әжесінің ұршығы мен жібін көріп, үйренген болатын. Қазіргі таңда, ол осы тоқыма бұйымдарын сатып қосымша табыс көзіне айналдырып отыр. Осы тұста, жас шебер Нұрзина Бисенбаева:
«Әр тоқылатын бұйымның түсі мен жібі сәтті таңдалу керек. Мәселен, қыздарға арналған бас киім тоқу үшін Иран елінен шығатын акрил жіпті қолданамын. Оның ерекшелігі – формасын сақтап тоқығанда тегіс әдемі болып тұрады. Ал, балаларға арналған башмақ тоқуға түркиялық Alize жібін қолданамын. Сәбиге арналған бұйым тоқу үшін қанық қызғылт, қызыл, көк түстерді таңдаймын. Өйткені, бұл сәбидің денесіне жұмсақ. Сондай-ақ, карантин кезінде үйде отырған келіншектерге арнап «Тоқыма тоқу сырлары» тегін шеберлік сағатын ұйымдастырдым. Оған 6 адам қатысып, тоқыманың негізгі тоқу жолдарымен танысты. Сонымен қатар, жіп, ілмек таңдау жөнінде кеңес бердім. Жастар орталығының ұсынысымен бірлесіп аудандағы басқа ауылдарға 3 күндік тегін шеберлік сағатын өткізу ойда болғанымен карантин режиміне байланысты жүзеге аспады» деген пікірін білдірді.
Өнер – халық тарихының шежіресі. Сол өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Тіпті, сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген нәрсені көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді.
Міне, бүгінгі айтпақ ойымызда осы еді. Қолөнер – қазақ халқының рухани қазынасы. Сол қазына жоғалмас үшін қолөнер туындыларына асқан жанашырлық танытқанымыз абзал.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ