Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін ерекше атап өтті.
Бұл маңызды құжат ел дамуында шешуші рөл атқаратын бірқатар жүйелі мәселелерді айқындады.
Мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен тиімділік Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ» Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесін Мемлекет басшысы алғаш 2019 жылғы Жолдауында көтеріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған еді. Бұл идея «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида аясында көрініс тапты. Жолдаудың сегізінші бағытындағы айтылған пікірлер де оған айқын дәлел. Президент Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Кейінгі 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді», деді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік аппараттың халыққа бет бұруына ықпал жасап, елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан, мемлекет басқару ісінде сапалы өзгеріске бастаған маңызды идея болғанын көріп отырмыз. Президент бастамасымен қазір мемлекеттік аппараттың жұмысы ашық, әділ, адамға бағдарланған сипатта тұрақты жаңғыртылып жатыр. Жолдауда қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгергені, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналғаны, мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделі қалыптасқаны, олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастағаны айтылды. Бұл мемлекеттік қызметшілерге алдағы уақытта да ашықтық, әділдік қағидатын ұстанудың маңыздылығын көрсетеді.
Осы орайда Мемлекет басшысының «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген пікірінің мемлекеттік қызметшілерге маңызы зор. Осы бағытта мемлекеттік қызметті әрі қарай жүйелі түрде дамыту үшін биыл шілде айында елімізде мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Агенттік мұны жүзеге асыру аясында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң әзірлеуді көздеп отыр. Ол мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптарын жаңаша айқындайды. Бұл заң қазіргідей еңбек қатынастарын, яғни мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және тоқтату мәселелерін реттеумен шектелмей, ең бастысы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітеді.
Яғни енді мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың талап-тілектеріне құлақ асып, адамға бағдарлануы заңмен міндеттеледі. Бұл мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар мемлекет ұсынатын игіліктер мен қызметтердің бюрократиясыз, әуре-сарсаңсыз қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осының барлығы ашықтық, әділдік қағидаттарының қоғамдық санада әрі қарай терең орнығуына жол ашады. Біз мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін бағалауда Мемлекет басшысының «Әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деген пікірін ескеруіміз қажет. Себебі халық үшін ең бастысы – нәтиже. Жолдауда мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қарауына қатысты оларды талдау қажеттілігі ұсынылды. Бұл туралы Жолдауда өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағанының маңыздылығы, мұның халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік беретіні, осы орайда мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс екені айтылған. Азаматтардың өтініштеріне тұрақты талдау жүргізу – қордаланған түйткілді мәселелерді жүйелеп, оларды реттеуге, болдырмауға және сол арқылы нақты шешімдер қабылдауға жол ашады. Яғни қордаланған мәселелердің салдарымен ғана күресіп қоймай, олардың себебін анықтауға мүмкіндік береді.
Талдау жүргізудің маңызы да осында. Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесінің әлі де өзектілігін, үміткерді қызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескеру қажеттігін, оның бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керектігін назарға алды. Агенттік бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізеді.
Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы