Ертең бүкіл мұсылман халықтарының ең басты ұлық мейрамы Құрбан Айт мерекесі басталады. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін болады.
Құрбан Айтта мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді. Осы орайда, қасиетті мейрамның шығу тарихы және әр мұсылман елдерінде тойлану хақында қызықты деректерді ұсынғанды жөн көрдік. Иә, құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады. Әрине, осындай қалыптасқан дәстүрі болғанымен, дәл қазіргі еліміздегі ахуалға байланысты биылғы құрбан айт мерекесі өзгеше тойланады.
Айт намазы оқылмайды
Негізінен «Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады.
Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырластық сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамы шілде айының соңғы және тамыз айының басына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауапқа кенелетін күндерден қылғай! Айт мейрамының тарихы Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді.
Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты адалдық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында.
Осы орайда, «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов:
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған. Толығырақ айтсам, Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні және құрбандық күні», - деді.
Иә, құрметті аудан тұрғындары сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған. Алла тағала келген құрбан айтты мүбәрәк етсін. Жалпы биылғы құрбан айт індетке байланысты өзгеше өтейін деп отыр. Бұл індет біздің елімізде ғана емес, әлемде болып жатқан індет. Сондықтан, кейбір мәселелерге бүгінге дейін түсіністікпен қарап келдік, ендігі де түсіністік танытуымыз керек.
Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады», - десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақындаған емес. Құрбандық ретінде шалған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар»,-деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан Жалпы, құрбан айт мерекесін қалай өткізген жөн? Иә, елімізде карантин режимі болғандықтан кең көлемде атап өтуге және топтасып жиналуға болмайды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Qurban2020.kz сайтын іске қосып жатыр. Ол арқылы сіздер карантин режиміне байланысты алыстан құрбандықтарыңызды шалып, жоқ-жітіктердің тізіміне еріктілер арқылы тарата аласыздар. Сонымен қатар, әркім өз шаңырағында құрбандығын шалып, жоқ-жітікке де тарата алады. Осы тұста, ескерте кететін жайт, әркім өз ауласында құрбандық шалуға болады. Бірақ, сырттан құрбандыққа шалынатын малды әкеліп союға немесе өз ауласынан құрбандыққа мал сатуға рұқсат етілмейді. Сатылатын малдар тек рұқсат қағазымен және арнайы жәрмеңке өтетін орында сатылады. Сондай-ақ, ірі малдар Миялы ауылында жеке кәсіпкерлер Сүйеуғали Дүйсәлиев пен Айжан Ізімованың мал сою пунктерінде құрбандыққа шалынады.
Осы орайда, еліміздегі індеттің таралуы жоғалып, ауырған бауырларымыздың сауығып кетуіне дұға да болайық. Тағы бір айта кетерлігі, Құрбан айт мерекесі Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды!, - деді.
Қандай мал құрбандыққа жарамды?
Әрине, ең алдымен ескерерлік жайт, құрбан малының еті толықтай мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Ол туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы: «Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөлместен, тұтас күйінде мұқтаж отбасыларға таратылады. Мамандар індетпен күресте иммунитет жоғары болуы керектігін айтуда. Демек, мұқтаж отбасылар үшін бұл қайырлы амал болмақ. Ал, мұқтаж жандар отбасы мүшелерінің куәлігін жолдау арқылы, құрбан малының етін ала алады» деді. Иә, ең алдымен елдің амандығын, мал басы, отбасы амандығы үшін шалынатын құрбандыққа қандай мал құрбандыққа жарамсыз?
«Бәйтерек» мешітінің бас имам Мұрат Сұлтановтың айтуынша, шариғатымызда таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес деп тоқтала кетті. Мұсылманның міндетті шарттары Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім, мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген.
Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте белгіленген уақыттан бұрын, яғни айт намазынан алдын шалынған малдың орнына басқа құрбандықтың шалынуы қажет екендігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойған болса, онда қайта шалсын», - дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,-деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалу – уәжіп (міндет) деп тұжырымдаған. Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар мүсылман болуы, азат болу, тұрғылықты болу, мал-мүліктің жеткіліктілігі, мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді және де ақылды және балиғат жасына толуы.
Ал, құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттарына келсек, құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе, сосын ірі қара, сосын қой, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен ірі қара малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ, жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниетінің болуы шарт. Екіншіден, малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал, құрбандықа жатпайды. Үшіншіден, өкіл етушінің әмірі. Құрбандықты әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбандықты шалу әмірін беруі шарт. Төртіншіден, мал жасының дұрыстығы. Түйе - бес жасар, ірі қара - екі жасар, ешкі - бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады. Сондай-ақ, бесіншіден, құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы және құрбандық малының бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы, ауру-сырқауы, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал», - деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес. Сонымен қатар, дұрыс уақытта шалынуы.
Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп. Ендеше, ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Жаратқан Иеміз құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай!
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА
Сурет: ашық дереккөзден