Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

COVID-19: Қызылқоғада 408 науқас тіркелген

Жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданда қалыптасқан коронавирустық жағдайды талқылау, әлеуметтік желіде көтерілген мәселелерге назар аудару мақсатында кеңейтілген жиын өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары мен азаматтық белсенділер қатысты. Сондай-ақ, аталмыш жиын аудан әкімдігінің «Фейсбук» парақшасында оқырмандарға тікелей эфирде таратылды. Барлық санитарлық талаптар сақтала отырып өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков ашып, жүргізді.

Алдымен баяндама жасаған аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова:

Қазіргі таңда, аудан бойынша 408 адамнан коронавирус дерті анықталып отыр. Оның ішінде 92 адам өндіріс орындарында жұмыс жасайтындар. Атап айтқанда 83 науқас аудан аумағында уақытша жұмыс жасап жатқан «Газстроймонтаж» мекемесінен анықталса, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының «Кенбай» кен орынынан 9 жұмысшы ауру жұқтырған. Қалған 316 адам аудан тұрғындары. Оның басым бөлігі халық көп шоғырланған Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарынан болып отыр. Ауру негізінен біздің ауданда маусым айында күшейді. Оның басты себебі – халық жаз шыға әртүрлі шаруалармен қалаларға барып, түрлі орталарда көптеген адамдармен байланысқа түсті. Сонымен қатар, әр ауылда үйлену, қыз ұзату, шілдехана, туған күн жасау тиылмай тұр. Осы екі себеп ауданға кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ, қазір ең қауіптісі ауру симптомсыз өтіп жатқан адамдар. Олар өздері ауырмайды. Бірақ, әлсіз, аурушаң, жасы үлкен адамдарға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан аса сақ болған жөн. Осындай жағдайлар көптеп орын алғандықтан қазір тұтас елде карантин жарияланды. Карантин 3 тамызға дейін созылады. Бұл одан әрі созыла ма, әлде тоқтай ма ол жағы белгісіз. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Барынша сақтанып, карантин режимін сақтаған жөн. Әрине, аудандағы ахуалды тұрақтандыру бағытында да біздің тарапымыздан жүйелі жұмыстар жүріп. Бүгінгі күнде аудан әкімінің шешімімен 12 мобильді топ құрылып, олар күндіз түні ауданда карантин режимінің сақталуын қадағалап отыр. Мобильді топ дәріханадағы дәрі бағасынан бастап, көшедегі халықты медициналық бетперде тағуы, азық-түлік дүкендеріндегі санитарлық жағдай барлығын мүмкіндігінше жиі тексеріп, бақылап отыр. Алыс ауылдық округтерді де аралап, карантин режимін сақтау жайлы кеңірек түсінік берілуде. Карантиндік режимнің арқасында қазір ахуал сәлде болса жақсарды. Маусым айында күніне 15-20 науқас тіркеліп отырса, қазір ол көрсеткіш 5-6 адамға дейін азайды. Алайда, бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлі де болса сақтық шараларын сақтап, қауіпсіздікті бірінші орынға қойған жөн, – деді.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген аудандық аурухананың директоры Самат Тайшыбай аурухананың ахуалына тоқталды.

Оның айтуынша ауру алғаш күшейе бастағанда аурухана төтенше жағдайға толық дайын болды. келген науқастарды мүмкіндігіне қарай емдеп, жағдайлары жасалды. Қазіргі таңда ауруханаға 101 адам түсіп, 74 науқас емделіп шыққан. Десе де, бұл ауру аурухана қызметкерлеріне де оңайға соқпаған. Осы кезге дейін 20 медициналық қызметкер аталмыш ауруды жұқтырып алған. Осы және басқа да жағдайларға тоқталған аурухана директоры кәсіпкерлер мен еріктілердің жасап жатқан көмегі жайлы айтып, оларға алғысын білдірді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков аудан тұрғындарын ахуал тұрақтанды екен деп сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырды.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT