Жылдың төрт мезгілінде де тыным таппай, маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп, тер төгетін нағыз мал бағушы еңбеккерлердің еңбегі қашанда ерен. Ал, дала өрісіндегі шаруалардың өмірі жылжыған жылдармен жалғаса берері сөзсіз. Бірақ, төккен тер, нағыз қайнаған қызу жұмыстың басы-қасында өткен әрбір сәт ұмытыла қоймасы белгілі.
Сонау кеңес Үкіметі кезінде «Жангелдин» совхозына жұмысқа орналасып, шопан таяғын ұстаған Жалғас Әжіғалиев қырық жылға жуық осы салада еңбек етті. Кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Жалғас Әжіғалиев 1938 жылы Жангелдин ауылынды дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң Тайсойған МТЗ трактор курсын оқып, кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынады. Үш жылдан кейін әскерден оралған жас сарбаз Жангелдин совхозында тракторист болып орналасады. Ол өзінің жұмысқа деген жауапкершілігі, тиянақтылығымен көзге түсіп совхоз директорының бұйрығымен 1968 жылы шопан болады.
Отбасының көмегімен шаруашылықты дөңгелете алған ол бір отар қойды алдына салып, мал басын аман сақтап қалу, өнім алу жұмыстарын жоспар бойынша орындайды.
– Қызу еңбектің басында өткен әр күніміз қарбаласқа толы. Бейнеті мен қиындығы көп жұмыс. Бірақ, біз балалардың болашағы үшін жұмысты адал атқардық. Күн-түн демей малдың соңында жүріп еңбек еттік. Ол кездердің қысы қатты, жазы ыстық, көктем-күзі жаңбырлы болатын. Қазір ол күндерді айтып отырсақ ертегі іспеттес болуы мүмкін. Алайда, қиындыққа мойымай аудан бойынша үлкен жетістікке жетіп, 1980 жылы тоғызыншы бес жылдықтың озаты атандым. 100 бас аналықтан 182 төл алынды. Бұл үлкен еңбек. Осы жылдар ішінде Жастар бригадасын басқардым. Әрине, әрқашан қарбаласқа толы қызу тірліктің ортасында жүреміз. Бір күні отарымыз жоғалса, енді бірде қауіп өз басымызға төнеді. 1984 жылы маусым айының жаңбырлы күні. Қырқылған қой өрісте. Нөсерлі жаңбыр қатты жауып қой далада қалды. Осы сәтте біздің бір ғана міндетіміз малды шығынсыз аман алып қалу болатын. Қатты жауынға қарамай отбасымызбен жанталасып, тығырықтан шығатын жол іздеп әлекпіз. Ойыл өзенінің бойында қойды қамайтын қора жоқ. Талдың ығына жарғабаққа әкеліп отар қойды ықтаттық. Осылай мал басы аман қалды. Ол кезде Тілеген Қайырбаев, Жұмалы Шопанов, Жолдығали Хамзин, Дәулет Табынбаев сынды азаматтармен жұмыстас болдым. Барлығы да іскер жандар. Осы жылдарда жасаған еңбегім ескерусіз қалмады. Зейнеткерлікке шыққанымда совхоз директоры мен жұмысшылар комитеті УАЗ «469» көлігі мен үй берді. Бұл мен үшін үлкен сый болатын, -деп Жалғас Әжіғалиев өткенін әңгімелеп берді.
Кейіпкеріміз жетістіктерімен талай «Комунизм Туы» газетіне шығып, аудан мақтанышына айналған. Бұл сөзімізге отбасылық альбомға жинақталған газет қиындылары дәлел. Ол кезде малшының алдына қойған басты мақсат мал басын шығынға бермей, өз төлімен өсіру. Әр жылдың қорытындысымен өнімді артығымен орындап, мал басын аман сақтағаны үшін ауыспалы Қызыл Ту кубогін еншілеп отырды. 1993 жылы зейнеткерлікке шыққан ол он жылға жуық Жағада өз алдына жеке дара мал бақты.
Алпыс жыл Дәмеш Хайруллинамен дәм-тұзы жарасып, өмірдің қиындығымен қызығын бірге көрді. Дәмеш апай тоғыз баланы өмірге әкелген, алтын құрсақты ана. Қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы балаларынан өрбіген немере-жиендерінің ардақты ата-әжесі. Шөберелерінің қолынан су ішіп отырған мәуелі бәйтерек. Қара шаңырақта ұлы Тұрармен бірге. Балаларының бәрі де білім алды. Қызы Орыншаны қасыма серік боласың деп мал дәрігерлік оқуына түсірді. Қазірг уақытта осы салада еңбек етуде. Сексен бес жыл саналы да салиқалы өмір сүрген кейіпкеріміз өнегелі ұрпақ өсірді. Бүгінде одан тараған ұрпақ бір қауым елге айналды. Әкелерінің есімін биік ұстаған азаматтар ел игілігі үшін еселі еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» деген осы болса керек.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ