Әлбетте, Ойыл өзенінің күннен-күнге, жылдан-жылға құрғап бара жатқаны айтылудай-ақ айтылып жүр. Бірнеше рет газет бетінде де бұл мәселе көтеріліп келеді. Тіпті, «Талай жыл буырқанып тасып, елдің игілігіне жараған Ойыл өзенінің суы Қызылқоға ауданына неге жетпейді? Әлде оның бір себебі бар ма?» деген сұрақты алға тартып, 9-11 қыркүйек күндері аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе облысы Ойыл өзенінің бастауына арнайы экспедиция сапарға шығып, жәй-жапсарды анықтады.
Бұл туралы газетіміздің өткен сандарында жазылды. 15-16 қазан күндері аудан әкімінің орынбасары Жаныбек Тұрдағалиев бастаған экспедиция құрамында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймарданов, «ҚазСушар» РМК Қызылқоға аудандық өндірістік учаскесінің бастығы Сайлаубек Темірғалиев, аудандық Мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Азамат Қаленов, аудандық полиция бөлімінің қызметкері Бауыржан Мақсот, оператор Әділбек Нысанбаев, Миялы ауылының тұрғыны, туған жерінің табиғатын ойлап шырылдап жүрген азамат Есенбай Нұров, аудан әкімдігінің қызметкері Сәндібек Ағашин, жүргізуші Ғарифолла Жаңабергенов және осы жолдардың авторы («Қызылқоға» газетінің бас редакторы) бар делегация тағы да жолға шықтық. Бұл жолғы негізгі мақсат – Ойыл өзеніне құятын Қиыл өзенінің бойын жағалай отырып, бастауына барып, судың қаншалықты жүріп жатқандығын көзімізбен көру.
Орта жолдан бөгет салғаны қалай?
Бейсенбі күні таңғы сағат 7:30-да аудан орталығы Миялы ауылынан шыққан біз әдеттегіше 2 автокөлік, 2 дрон, фото-видео техника тағы да басқа керек жарақтармен қамтамасыз етіліп, көрші Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарай бағыт алдық. Алдымен, сол ауданға қарасты Көктоғай ауылдық округінің Қызылқоға ауданы бағытындағы Ойыл өзенінің оңтүстік-шығыс бетіндегі дамбыға табан тіредік. Бөгет негізінен кеңестік жүйе кезінде Ақшат тауынан аққан қар суын бөгеу үшін салынған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бөгет бұзылған. Бірақ, аталмыш бөгеттің үстіне жақын маңда топырақ үйіп, 3-4 метрге биіктеткені көрініп тұр. Сол жерде мотоцикльмен біздің қасымызға келіп тоқтаған кісінің айтуынша, бұл бөгет тау бөктеріннен көктемгі қар ерігенде аққан суды тіреу үшін салынған. Мұндай бөгеттер осы маңда көп көрінеді. Біз «Ойыл өзені бойындағы мыңдаған адам жаны мен малына су таба алмай дал болып жатқанда, орта жолдан бөгет салып, орынсыз әрекеттерге баруына не жорық?» деген ойға қалып, сапарымызды одан әрі жалғастырдық.
Қырдан шөп шабуға көштік
Өткен жолғы экспедиция барысында көзімізбен көріп кеткен Ойыл ауданының Саралжын ауылдық округіндегі Қойбағар көпіріне келген біз осы жерде аталмыш округ әкімі Абат Мүбәраковпен кездесіп, әңгімеге тарттық.
– Мен ес білгелі ауыл тұрғындары қырдан шөп шаппайтын еді. Барлығы шабындық жерлерден (лиманнан) шөп шабатын. Үш-төрт жылдан бері қырдан шөп шауып жүр. Себебі, шабындық жерлерде ешқандай су жоқ. Қырдан шапқан шөптерін шаруа қожалықтары Атырау, Маңғыстау облыстарына апарып сатады. Жеке кәсіп иелері болғандықтан оларға бірдеңе деп айта алмайсың. Ауыл тұрғындарына шөпті әкімшілік аумаққа тиесілі жерлерден шаптырамыз. Біздің Саралжын ауылына Қиыл өзенінің пайдасы мол. Үлкен кісілердің айтуынша, Саралжын территориясына кіретін кішігірім Батпақты өзені Қиыл өзеніне келіп құяды да, өзеннің тасуына зор септігін тигізеді. Қазіргі таңда, Ақтөбе облысының әкімі орынбасарының тапсырмасына сәйкес, сол Батпақты өзенінен келетін суды бөгеп, ауылшаруашылығы жайылымдық, шабындық жерлеріне реттеп су шығару үшін жөндеу жұмыстары жүргізілу мақсатында қаржы қаралуда. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін «Казсушар» РМК Ақтөбе облыстық филиалының меншігіне беріледі, - дейді ол.
Әрине, әр ауыл, аудан басшылары тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мақсатында, заңдылық тұрғыда жайылымдық, шабындық жерлерге су жіберіп, бөгет салу қамына кірісетіні түсінікті. Дұрыс делік. Әйтсе де, сол әрекеттері көптен бері өр суының тасымауынан зардап шегіп отырған ауданымызға зиянын тигізбей ме? Бөгет салғаннан кейін қаншалықты су келеді? Қанша метрге салынады? Міне, осындай бағытта аудан басшылары тереңірек зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты сараптап, көрші аудан, облыс басшыларымен өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын бір мәмілеге келгені қандай жақсы?!
Қамыс пен қоға қашан тазартылады?
Осылайша, ой үстінде келе жатқан біз Қиыл өзенінің Батпақты өзеніне құяр сағасына келіп аялдадық. – Қолдың саласындай тығыз өскен қамыс, қоға өзен арнасының ағысын тежеп тұрғаны көрініп тұр. Осындай кедергілерді таудан аққан арынды ағыс болмаса көктемгі 15 күн таситын қар суы тазалайтынына сене алар емеспін,- дейді табиғат жанашыры Есенбай Нұров.
Артта қалған ауыл
Одан әрі 4-5 шақырым жүргеннен кейін өткелден өтіп, Қиылды жағалай отырып, өзенге құятын сайлар мен жыраларды басып өтіп, Қарағанды өзенінің сағасына келіп тірелдік. Бұл жерде де сірескен ну қамыс. Халқымызда «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген қанатты сөз бар емес пе?! Жолшыбай өзен арнасының ортадан жоғары суы барын көріп, сол өзен бойынан қосын тігіп алып, үрмелі қайықпен балық аулап жүрген балықшыларды байқадық. Қарағанды өзені бастауын екі бұлақтан алады. Олар Суықбұлақ, Ақбұлақ деп аталады. Бұл жерлер 1836-1838 жылдары ұлт-азаттық көтерілістің тағдырын шешкен, Ақбұлақ немесе Қиыл қырғыны деген атпен тарихқа енген. Махамбет пен Исатайдың Ресей отарлаушыларына қарсы соғыс ашып, Исатай батырдың мерт болған жерлері. Міне, осындай тарихи жерлерді көзбен көрген біз Қарағанды өзенінің жыралы сайын қиялай жүріп, «Урал» автокөлігінің жүргізушісі Ғарифолла Асқарұлының әскери картасына сүйене отырып, Дербісәлі әулие қауымын артқа тастап, «Орал-Қобда» автотрассасына шықтық. Онда Қиыл өзені ағып, мосты салынғанын көрдік. Мостының Орал жақ бетіне тақтайшаға латынша және ағылшынша «Қиыл өзені» деп жазып қойыпты. Жанында «Кемал» қонақ үйі халыққа қызмет етуде. Мақсатымыз – Қиыл өзенінің басына бару болғандықтан жақын маңдағы Жарсай елді мекеніне барып қонғанды жөн санағанбыз. Бірақ, кезінде атағы жер жарған Қиыл савхозының бүгінде бар-жоғы он үйдің әр жерде шошайып тұрғандығы, екі қатарлы бастауыш мектеп пен кітапхананың быт-шыты шығып, қаңырап қалғандығы, жергілікті тұрғындардың көбі жан-жаққа көшіп, үйлерін иесіз тастап кеткендегі көңілімізге кірбің ұялатты.
Сол жердің тұрғыны Зейнолла Сарбасовты табиғат жанашыры Есенбай Нұров екеуміз сөзге тартқанымызда:
– Мына бос үйді моншаға пайланғанды жөн санадық. Мектепке баратын бала жоқ, екі бала бар, олар интернатта жатып оқиды. Осы ауылдың үлкені мен болып қалдым. Үлкен кісілер дүниеден өтті, көбі көшіп кетті. Біздің елді мекен Қобда ауданы, Өтек ауылдық округіне қарайды. Өзен арнасындағы бұлақтардың көздері 80-90 пайызы бітелген, савхоз бар кезінде тазалағанбыз, енді оған біздің әліміз келмейді, - деп терең күрсінді.
Артта қалған ауылдың жәй-жапсарын көріп, жөні түзу үй таба алмай көңіліміз құлазығаннан соң, кері қайтып әлгінде айтқан «Кемал» қонақ үйіне келіп демалғанды жөн көрдік.
Қарағанды өзенінде ғана су бар
Келесі күні күн көзі көріне бастағанда Қиыл өзенінің басын көру үшін жолға шықтық. Зулаған қос автокөліктің ішінде отырып, өзеннің бастауына дейін ата-бабаларымыздың қанын төгіп, қорғап қалған жерлерінің бос жатқандығын көріп, табиғаты әсем тауларды кезіктіріп терең ойға берілдік. «Шіркін,қараса көз тоймайтын әсем табиғаты, шетсіз, шексіз созылып жатқан жері бар неткен дархан елміз?» деп іштей күбірлеймін.
Сөйтіп, Қиыл өзенінің басына да жеттік. Өзен басында су жоқ. Бірақ, жыралар көп. «Жалпы, жер астында су бар сияқты. Себебі, жер ылғал» дейді Есенбай Нұров жерді қолмен қазып көріп. Осы жерде экспедиция басшысы, аудан әкімінің орынбасары Жаныбек Тұрдағалиевтен сапардың барысы туралы сұрадық:
– 15 қазан күні Миялы ауылынан шығып, Ойыл, Саралжын, Ақкемер ауылдары арқылы Қиыл өзенінің бастауына түстік. Жолшыбай Батпақты, Жарсай, Қарағанды, Шолақмола сай өзендерінен өтіп, бірнеше жыраларды кезіктірдік. Аталмыш өзендердің ішінде тек қана Қарағанды өзенінде ғана су көп. Басқа өзендер құрғап қалған. Қиыл өзенінің терең жерлерінде су бар. Жер бедері биік жерлерде қамыс пен қоға өсіп кеткен. Сол жерлердің табанында азғантай шалшық сулар бар екендігі көзге шалынды. Қазір карта бойынша Қиыл өзенінің бастауына келіп тұрмыз. Осы жерден көрші Ресей елінің шекарасы 8 километр көрсетіп тұр. Біз әлгінде көрген қырат, жыралар арқылы қыста жауған қар, жауын-шашынның суы өзендердің сағасына құйылып, Қиыл өзені толығады деп пайымдап отырмыз. Қазіргі уақытта, бұл жерде су жоқ, құрғап жатыр. Енді кері бағытта Қиыл өзенінің екінші жағын қараймыз. Жалпы, экспедиция жұмысы барысында, «Қиылдың Ойыл өзенінің сағасына құятын жерлерінде қандай да бір қолдан жасалған бөгет, жасанды кедергілер бар ма?» деген сұраққа жауап іздедік.
Ондай кедергілер жоқ. Тек қана Саралжын ауылының тұсындағы Қиыл өзеніне құятын жерде жайылымдық, шабындық жерлерге су шығаратын бөгет бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді. Экспедицияға қатысқан барша азаматтарға алғыс білдіремін, - деді ол. Бұдан соң, Қиыл өзенінің екінші жағына шығып, Миялыға қарай бағыт алдық. Біраз жер жүрген соң, «Үй тас» деген жерге келіп тоқтадық. Айналасы тау. Таудың етегінде «Қыз жылаған» деген бұлақ ағып жатыр. Суы мөп-мөлдір, тап-таза. Таудың жоғары жағында бір ғана үй тұр. Сол үйде тұрып жатқан отыз жас шамасындағы Аслан Әміралин деген жігіт бізбен емен-жарқын амандасып, жол көрсетті. Бұл жерде жылқы бағатын көрінеді.
– Бұлақтың тарихын терең білмеймін. Осы жерде жылқы бағамын. Бұлаққа биыл бөгет салдық. Бұрынғы бөгетін бұзып кеткен. Шаруашылық басшысы жағдайымның барлығын жасап отыр, - деп ағынан жарылған жігітке алғыс білдіріп, сол бұлақтың басынан түстік асымызды ішуге кірістік. Түстік асымызды ішіп болғаннан кейін қайтада ауылға қарай жолға шықтық. Автокөлігімізбен қозғалып бара жатқанымызда бір үйір жылқының бұлақтың терең жерлерінен су ішіп жатқандығын көріп, «Жылқылар арнайы су ішетін астау қойса қайтеді? Қанша дегенмен мал болған соң су ішіп тұрып, өзенді бүлдіреді ғой» деген ойға қалдық.
Тілшінің түйіні
Сайып келгенде, екі күн бойы Қиыл өзенінің бір жерлерінде су бар, екінші жерлерінде шамалы, бастауында су жоқтығын көзіміз көрді. Бұл әрине табиғи құбылыс. Әйтсе де, гидрогеология өндірісінің ардагері Едіге Сабуров айтпақшы барлығын табиғатқа жауып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сондықтан, өзен бойындағы бар суды өзен сағасына дейін жеткізу жұмыстарын қолға алып, өзен арналарын қамыс, қоғадан тазартып, кейібір жерлерін тереңдете түссе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Бауыржан СИСЕНОВ