Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еңбек Кодексінде қандай өзгерістер бар??

Таяуда ауданға арнайы іссапармен келген Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбек инспекторлары Самал Үбіғалиева мен Жаңыл Ермекқалиева Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің бірқатар баптарына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді түсіндірді.

«Арман» мәдениет үйінде өткен жиынға бөлім, мекеме басшылары, есепшілер, кадр бөлімінің мамандары қатысып, аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков жүргізіп отырды. Жиын одан әрі сұрақ-жауапқа жалғасты. Төменде сол қойылған сұрақтарға берілген жауаптар оқырман назарына ұсынылып отыр.

– Еңбек шарттарын электронды түрде тіркеу қалай жүзеге асады?

– Жалпы жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек шарты бұрын тек жазбаша жасалатын. Ал, 2018 жылдан бері еңбек шартын «Enbek.kz» порталына электронды түрде енгізу есебінде жүзеге асырыла бастады. Алайда, көптеген мекемелер мен компаниялар бұл жұмысты қиынсынып, енгізбей келіп еді. Енді бұл осы жылдың 4 мамырынан бастап заңға енгізілді. Заңдағы өзгеріс бойынша еңбек шартын жұмыс беруші мекеме электронды түрде енгізу тиіс. Мұнда мекеменің атауы, қызметкердің аты-жөні, лауазымы, және қызметкердің басқа лауазымға ауысқаны немесе жұмыстан қысқарғаны көрсетіледі. Еңбек шартын электронды түрде енгізудің тағы бір маңыздылығы – болашақта еңбек кітапшасын электронды нұсқаға ауыстырудың алғышарты. Алайда, еңбек шартын электронды түрде енгізудің мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарына қатысы жоқ. Себебі, олар бұйрықпен бекітіледі. Жалпы еңбек шартын электронды түрде енгізу қазір көптеген мекемелерде жақсы жолға қойылып, енгізіліп жатыр. Тек жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары ғана бұл тапсырманы толық жүзеге асыра алмай отыр.

– Еңбек кодексінде түнгі ауысым бойынша қандай өзгерістер бар?

– Заңға енгізілген жаңа өзгеріске сай түнгі ауысым мейрам немесе демалыс күніне сай келсе жұмыс беруші қызметкерге сол сағаттың еңбекақысын үш есе төлеуі тиіс. Сондай-ақ, мейрам немесе демалыс күндері мемлекеттік қызметші кезекшілікке шықса еңбекақының орнына бір күндік демалыс алуға құқылы. Бірақ, бұл екі жақты келісім негізінде жүзеге асады.

– Қызметкер еңбек демалысына шыққанда немесе жұмыстан босағанда жұмыс беруші жұмысшыға үш жұмыс күннің ішінде еңбекақысын беру керек. Алайда, ақшаны үш күннен кешіктіріп беретін мекемелер бар. Оларға қандай шаралар қолданылады?

– Бұрын жұмыс беруші жұмысшының тиісті сомасын уақытынан кешіктірсе ешқандай шара қолданылмайтын. Ал, биылдан бастап кодекске енген жаңа өзгерістерге сай жұмысшының алатын ақшасы үш жұмыс күнінен кешігіп қалса қосымша өсімпұл төленуі тиіс. Сонымен қатар, жұмыс беруші осы іс бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.

– Толық емес жұмыс уақыты кімдерге беріледі және қандай қызметкерлерге жалақысы сақталатын күн беріледі?

– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 70-бабына енген өзгерістерге сай енді қызметкер үйінде науқас туысы болса толық емес жұмыс уақыты беріледі. Ол үшін жұмысшы туысы ауырып жатқаны туралы медициналық анықтама әкеліп, өтініш жазу керек. Содан кейін қызметкер басшылықпен келісіп өзінің жұмыс уақытын белгілей алады. Сонымен қатар, бұрын қызметкер әскерге шақыртылғанда медициналық тексерістен өтуі үшін жұмысынан сұранып немесе жалақысы сақталмайтын күн алатын. Қазір заңдағы өзгерістерге сай әскерге шақыртылған азаматқа жалақысы сақталатын күн беріледі. Ал, қызметкер әскерге аттанса оның жұмысы орны мен лауазымы сақталады. Кейін жұмысшы әскерден келгеннен кейін бір айдың ішінде жұмысынан қайтадан оралуы тиіс.

– Мекемеде қызметкерлерді қысқарту қалай жүзеге асады?

– Расымен де қызметкерді жұмыстан қысқарту өте өзекті мәселе. Алайда, мұның да өз заңдылығы бар. Қысқартуға аяғы ауыр және үш жасқа толмаған баласы бар аналар, тағы басқа ерекше жағдайдағы адамдар ілікпейді. Ал, мекеме басшысы қысқартылатындар тізімін жасағаннан кейін оларға бір ай бұрын жазбаша ескертеді. Бұдан бөлек, мекеме басшысы бір ай бұрын қысқаратын жұмысшылар жайлы жұмыспен қамту орталығына арнайы хат жіберуі тиіс. Содан бір ай өткеннен кейін жұмыс беруші жұмыстан қысқарту жайлы бұйрық шығарады да, үш жұмыс күннің ішінде қысқарған қызметкерлерге бір айлық орташа жалақыдан кем емес мөлшерде өтемақы төлейді. Егер белгіленген мөлшерден аз өтемақы төленсе онда басышының жұмыстан қысқарту жайлы бұйрығы заңсыз болып есептеледі.

– Қазір мемлекеттік қызметкер зейнетке шықса бір айлық мөлшерде өтемақы алады да, мектеп, балабақша, аурухана сияқты басқа мекемелер ондай өтемақы төлемейді. Бұл заңды ма?

– Бұл заңсыз. Еңбек кодексінің 52 бабына сай егер зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерді жұмыстан босатқанда өтемақы төлеуі тиіс. Бұл мемлекеттік қызметкерге де, дәрігерге де, мұғалімге де, тәрбиешіге де ортақ заң. Егер араларыңызда зейнетке шығып, өтемақы ала алмаған адам болса еңбек инспекциясына келіп арыз жазсын. Арыз заңдылық аясында тексеріліп, зейнеткерге мекемесінен өтемақы өндіріліп беріледі.

– Жұмысшы зейнетке дәл 63 жасқа толған күні шыға ма әлде бір айдан кейін шыға ма?

– Бұрын жұмыс беруші зейнет жасына шығатын қызметкеріне туған күніне бір ай қалғанда жұмыстан босатылатыны жайлы ескерту хат беріп жүрді. Қазір бұл өзгерді. Енді қызметкерге дәл 63 жасқа толған күні ғана жазбаша ескертіледі де, ол бір айдан кейін ғана зейнетке шыға алады. Яғни, қызметкердің туған күні 1 қыркүйек болса, ол зейнетке 1 қазанда шығады. Сосын жоғарыда айтқандай зейнеткерге мекемеден өтемақы төленуі керек.

– Егер қызметкердің ата-анасы, жақын туысы қайтыс болса немесе өзі үйленсе, балалы болса мекеме материалдық көмек беру міндетті ме?

– Материалдық көмек беру заңда міндеттелмеген. Бұл әр мекеменің ұжымдық шартына байланысты жүзеге асады. Егер бір қызметкердің басында материалдық жағдай сұрайтындай жағдай болса онда ұжымдық шартқа қарау керек. Шартта көрсетілсе материалдық көмек ала алады, ондай тармақ енгізілмесе ала алмайды.

– Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шарты жыл сайын жасалып тұруы заңды ма?

– Еңбек шартын жыл сайын жасай берудің аса қажеттілігі жоқ. Еңбек шарты заңдылық бойынша бір рет жасалады да содан кейін екі рет қана ұзартуға болады. Яғни, екі рет ұзартылғаннан кейін еңбек шарты мерзімсіз уақытқа дейін кете береді. Ал, еңбек шартында өзгеріс болса (жалақы, жұмыс сағаты, міндетттер мен құқықтар) онда қосымша шарт жасай қою керек. Ал, жыл сайын «2020, 2021 жылға..» деп тек уақытын өзгертіп шарт жасай беру дұрыс емес.

– Мысалы бір мекемеде бос жұмыс орны бар. Сол орынға жұмыссыздыққа тіркелген, мамандығы сай келетін келіншек жұмысқа тұрғысы келді. Алайда, босанғанына 5 күн болыпты. Оны мекеме басшысы жұмысқа ала алама?

– Заң бойынша аяғы ауыр аналар босанардан екі ай бұрын бала күтімі бойынша демалысқа шығады. Ал, жұмыс жасағысы келсе босанғаннан екі ай өткеннен кейін ғана шыға алады. Яғни, босанғанға дейін және босанғаннан кейін екі ай, барлығы төрт ай жұмыс жасай алмайды. Осы заңдылыққа сай мекеме басшысы жұмысқа тұрғысы келген ананы баласы екі айға толғаннан кейін ғана жұмысқа ала алады.

– Бала күтімінде отырған қызметкердің орнына жұмысқа шыққан жұмысшының өзі декреттік демалысқа кетті делік. Ал, ертеңгі күні негізгі қызметкер өз орнына жұмысқа шықса, декреттік демалыстағы қызметкер қысқара ма?

– Әрине қысқарады. Себебі, еңбек шартында «Бала күтіміндегі бос лауазымға алу» деп көрсетіледі ғой. Яғни, жұмыс орны уақытша. Бұл жағдайға «Баласы үш жасқа толмаған қызметкер қысқармайды» деген бап жүрмейді. Өйткені оның өзі біреудің орнына уақытша келген қызметкер. Сонымен қатар, көп туындайтын сұрақтың бірі «Бала күтіміндегі жұмысшы жұмысқа шығарда басшылыққа ескерте ме?» Әрине, ескертеді. Егер бала күтіміндегі қызметші жұмысқа шыққысы келсе бір ай бұрын жазбаша ескертіп, жұмысқа шығатыны туралы өтініш жазуы керек. Ал, мекеме басшысы осы өтінішті басшылыққа алып, оның орнында жүрген қызметкерге бір айдан кейін жұмыстан босайтыны туралы жазбаша ескертеді.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521