Қазақ халқы асты өте жоғары бағалап, қастерлей білген. «Ас – адамның арқауы», «Жаман ауру – жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі, ат қадірін білмеген жаяу қалады» - деп халық тегін айтпаған. Ұлт тағамдарының негізі – сүт тағамдары. Сүт тағамдарын халық бір сөзбен «ақ» деп атайды. Сондай-ақ, сүт тағамдарының қоректік қасиеті мол, әрі денсаулыққа пайдалы. Сүттен қымыз, шұбат, қатық, май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ, айран, уыз сияқты тағамдар жасаған. Қымыз бен шұбат – қазақ халқының ежелден бері келе жатқан сусындары.
Олар шөлді қандырып қана қоймай, емдік мақсатта да пайдаланылатын болған. Қазіргі таңда қымыз бен шұбаттың емдік қасиетін жақсы білсек те ауруымызға дауа, бойымызға қуат беретінін ескере бермейміз. Олай деуге себеп, мал шаруашылығымен айналысатын біздің өңірде осы кәсіпті қолға алған шаруагер бірең-саран. Бірақ, қазіргі пандемия кезінде шұбат, қымызға сұраныс артқан. Сол себептен де болар, қызылқоғалық шаруагерлер бұл істі бір кісідей қолға алған.
Ғалымдар дәлелдемесі
Қымыздың емдік қасиеттері жөнінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыстың медициналық журналдарында Н.Шванковскийдің, П.Скворцовтың, В.Дальдың бірнеше мақаласы басылған. Орыс жазушылары Л.Н.Толстой Самара даласында, ал А.Н.Чехов Андреевск шипажайында қымызбен емделген. Қымызбен емдейтін алғашқы шипажай 1858 жылы Самара қаласынан 6 шақырым жерде ашылды. Бұл шипажайды ұйымдастырушы Н.В.Постников оны 55 жыл бойы үздіксіз басқарды. Қазақстанда қымызбен емдейтін алғашқы емхана 1910 жылы Бурабайда ашылды. Оны дәрігер П.Н.Емельянов ашқан. Бурабай емханасы үшін қымызды қазақтар дәстүрлі әдіс бойынша сабаға ашытты. Сонымен қатар, бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында қымызбен емдейтін үш губернияға (Уфа, Самара, Орынбор) жыл сайын қымызбен емделетін 10000-11000 адам барып отырды. Сөйтіп, қымызбен емдейтін 68 аурухана мен 75 қымыз пункті болған. Кейінірек елімізде өкпе ауруларын тек қымызбен емдейтін 15 шипажай болса, бүгінде олардың жұмысы тоқтап қалған. Керісінше, Ресей 80-нен астам қымыз өндіретін агрофирма ашып, қымыз бен шұбат арқылы емдейтін 48 шипажайдың жұмысын жолға қойған. Қымыз бен шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығушылық таныта бастаған.
Ал, елімізде болып жатқан пандемия кезінде науқастың қайта қалпына келуіне қымыз бен шұбат көмектеседі деп республикалық басылымдарға сұхбат берген медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов індетпен күрестің ұлттық әдісі жайлы айтып берді.
Оның айтуынша, ұлттық тағам мен сусын түрлерінің денсаулыққа пайдасын ата-бабаларымыз бұрыннан білген. Құдайға шүкір, Қазақстанда коронавирус жұқтырушылардың 80 пайызы ауруды жеңіл түрде көтеруде. Қалғаны орта және ауыр дәрежеде өткеріп жатыр. Оны да емдеуге болады. Жалпы коронавирустың жеңіл түрімен еліміздің азаматтары қаңтар, ақпан айларынан бері ауыруда. Пневмонияның жеңіл түрі, бронхиті бар – жалпы желтоқсаннан басталған. Олардың бәрі сырқаттанып, жазылып, қазір олардың бойында иммунитет қалыптасып қалды. Десе де алдын алу үшін эпидрежимді қатаң сақтаған дұрыс. Екіншіден дұрыс тамақтану керек. Қазір коронавирустың ең бір әсері – адам ағзасына енгеннен кейін қылтамырлардың ішкі қабатына барып, сол жерде қабыну процесі өршиді. Қылтамырлардың көбісі өкпеде. Өкпе қабынса коронавирус инфекциясы сурфактант қатпарын құрта бастайды. Ол майлы қатпар. Өкпеге май керек. Ерте кезде біздің халық туберкулез немесе тұмау кезінде қойдың құйрығын шыжғырып берген, қымыз ішкізіп, борсықтың майын ішкізген. Өкпе – көптеген гармонның депосы. Сондықтан, өкпе дұрыс жұмыс істеп тұруы үшін май керек. Сондай-ақ, қымыз да, шұбат та қабынуға қарсы тұрып, зат алмасу процесін жақсартады. Адамның реактивтілігін арттырады. Қан ағысын күшейтеді.
Қымызды түске таман тамақтан кейін ішсеңіз – өте пайдалы. Ал жаңа ғана саумалдың құрамындағы қышқыл мен белок, альбуминдер мен аминқышқылдары – осылардың бәрі антиденемізді туғызады. Антидене вирустарға қарсы қызмет жасап, олардың күшін азайтады. Міне, сондықтан індеттің алдын алу үшін қымызды да, шұбатты да, саумалды да ішу керек. Саумалды дұрыс ішетін болса ол – бірден-бір ем.
Сусындарды қалай дайындайды?
Ең алдымен, шұбатты бір қорландырып алады да, одан әрі ешқандай ашытқысыз ашыта береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытқан. Ол бір тәулікте өз бабына келеді. Шұбатқа арналған торсықты түйе мойнағынан жасайды. Шұбат ашытқаннан кейін, оны адамға берер алдында шайқап, пісіп, көпіршігін жақсылап араластырып ұсынады. Күбіні аптасына бір рет жақсылап жуып, көлеңкеде кептіреді. Одан кейін киік оты, құмаршықтың түбірі сияқты емдік қасиеті мол шөптермен ыстап барып, сусынды ыдысқа қайтадан құяды. Осылай дайындалған шұбаттың дәмі таңдайдан кетпейтіні рас. Түйе суды аз пайдаланғандықтан, оның сүті майлы болып келеді. Қуаты мен дәрумендік қасиеті қымыздан кем емес. Ал, қымыз бие сүтінен ашытылады. Оның алғашқы ашытқысын «қымыздың қоры» деп атайды. Кей жерлерде мұны бие сүтіне сүр қазының қабырғасын, жылқының ашыған сүр жамбасының жұлынды сүйегін не малта салып немесе ашыған тары көженің суын қосып, бөлек ашытады. Сосын сабадағы қорды сарықпай, биенің жылы сүтін саумалдап, жаңғыртып отырады. Жаңа сүт құйған сайын 20-30 минуттан піседі. Жаңа сүтпен қорды араластырып, ірімтігін жазады, ашуын басып отырады. Қымызды көп сапырғанда оған таза ауа (оттегі, азон, т.б.) көп сіңеді. Қымыз бір тәулікте ашуы жетіп, сапыруға жарап қалады.
Шұбаттың емдік қасиеті Шұбат – өкпе, асқазан, түрлі ішек ауруларына бірден-бір шипалы сусын. Бiр литр шұбат адам ағзасын витаминдер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қанағаттандыра алады. Дәстүрлi сусын сонымен қатар iшек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Сондай-ақ, инфаркттың, инсульттің алдын алуда маңызы зор. Қант диабетіне, қатерлі ісікке де шипасы бар. Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуын (желөкпе) "күшәлә" шұбатымен емдеу жақсы нәтиже береді. Ол үшін 2-3 тал күшәләні (түгі қырылған) түйе сүті құйылған сабаға салып, әбден пісіп, жылылай орап, түн асырған соң, бір кеседен күніне үш рет ішеді. Осылай 2-3 ай жалғастырса, сырқат адам сауығып кетеді. Мұны "күшәлә шұбат" дейді. Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Құрамында А, В1, Д, Е, С дәрумендері бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да бірден-бір ем. Шұбаттың тағы бір қасиеті – адамға күш-қуат беріп, өмір жасын ұзартып, кәрілікті тежейтінінде. Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, ми тамырларының жұмысын ретке келтіреді. Әсіресе, нар сүтінің ақуыз мөлшері мен майлылығы қымызға қарағанда жоғары.
Сондай-ақ, оның ішінде С дәрумені де мол. Кальций, темір, кремний, магний, алюминий, күкірт, фосфор, мыс, мырыш, күміс микроэлементтері де жетерлік. Қымыз – қырық түрлi ауруға ем Қымыз – әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Ауырған адамның қайта қалпына келуіне әсер етеді. Қан құрамындағы гемоглобин эритроцитін көбейтіп, тамырдың соғуын жиілетеді. Бүйрек пен бауырдың жұмысын жақсартып, қан айналымы мен жүрек соғысын реттейді. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, асқазандағы жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады. Құрт ауруын емдеу қасиеті де жоғары. Қымыз адамның физикалық жағдайын да жақсартады. Яғни, күш-қуатын арттырады, тәбетті ашады, ас қорытуды жақсартады, іш қатудың алдын алады. Оның адам ағзасын әлсірететін созылмалы ауруларға қарсы күресетін артықшылығын да айта кеткен жөн. Саумал қымыз – жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етсе, ашыған қымыз шөлді басады.
Г.Мақсот
сурет: ашық дереккөзден