Көпшіліктің түсінігінде әлі де монополияға қарсы орган қызметіне қатысты қате пікірлер қалыптасқан. Бірақ, бүгінгі күні ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің және оның аумақтық органдарының атқарып жатқан жұмыстары жөнінде БАҚ беттерінде кеңінен таралып, монополияға қарсы органның қызметін білушілер көбейді.
Нақты айтатын болсақ, Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында және монополияға қарсы органның ешбір ережесінде монополияға қарсы орган бағаны реттеуді, бақылауды жүзеге асырады деп көрсетілмеген. Монополияға қарсы органның басты міндеті – Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Яғни заңсыз монополистік қызметті шектеу бойынша жұмыстар жүргіземіз. Конституциямызға сәйкес, әркім кәсіпкерлік қызметпен еркін айналысуға құқылы, алайда монополиялық қызмет заңмен реттеліп, шектеледі. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, монополистік қызмет дегеніміз жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі деп түсінік берген. Яғни заң бойынша нарықта үстем жағдайды иеленуге болады, алайда үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалануға, бәсекелестікке қарсы келісімдерге, келісілген іс-әрекеттерге, жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады. Бағаға қатысты оралар болсақ, біздің міндет баға өсімінің спекулятивтік негізділігін анықтау болып табылады.
Белгілі бір тауар нарығындағы субъект – кәсіпкер, осы нарықта үстем жағдайды иелене отырып жоғары баға белгілесе, бұндай баға белгілеудің негізділігі анықталады және монополиялық жоғары бағаны белгілеу және ұстап тұру жолымен үстем жағдайды теріс пайдаланғандығы мәніне қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданады. Бұл орайда айта кететін жайт, үстем жағдайға ие болу үшін кәсіпкер осы нарықтың 35 пайыздан кем емес үлесін иеленуі керек. Спекулятивті баға өсімінің тағы бір көрінісі бұл тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға қатысты бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері, сондай-ақ бәсекелестікке қарсы келісімдер. Бұл жерде, кәсіпкерлер бірдей кезең ішінде бір уақытта баға өсіміне негізсіз жол беру жағдайын атап өтуге болады.
Бұл орайда, бұндай әрекеттерді бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық деп тану үшін бірқатар талаптары қарастырылған. Сауда орындарындағы азық-түлік, тұрмыстық тауарларды бөлшек саудамен өткізетін кәсіпкерлік субъектілерінің арасында нарықта үстем жағдайды иеленуге сәйкес келетін пайызының көрсеткіштері бола бермейді. Яғни, бұл тауар нарықтарында бәсекелестік дамыған. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қатысты, яғни шекті бағаны белгілеу, шекті бағадан асып кету, сауда үстемесінің мөлшерінің сақталуын бақылау функциялары жергілікті атқарушы органның салалық бөлімдерінің және Сауда департаментінің құзыретіне жатады. Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 39-3) тармақшасына сәйкес, монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерін анықтау мақсатында тауар нарықтарында бағаларға мониторингті жүзеге асырады. Мониторингті жүзеге асыру жоғары органның тапсырмасы, келіп түскен заңды және жеке тұлғалардың өтініштері, басқа мемлекеттік органдардың ақпараты негізінде және статистикалық мәліметтерге сәйкес жүзеге асырылады. Департамент мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті тауар нарықтарында тауарларды өндіруді немесе өткізуді жүзеге асыратын нарық субъектілерінің атына тиісті сұрау салулар жіберу арқылы, сондай-ақ ашық көздерден алынған ақпаратты пайдалану арқылы тауар нарықтарындағы бағалар туралы ақпарат жинайды.
Тауар нарықтарындағы ағымдағы баға жағдайын талдау алдыңғы есепті кезеңмен салыстырғанда және жылдың басынан есепті кезеңдегі бағалардың өзгеруін, бағалардың өзгеру себептері мен факторларын және бағалардың өзгеруін сипаттайтын өзге де ақпаратты зерделеу жолымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуын не болмауын айқындау жолымен жүргізіледі. Қорытындысы бойынша талдамалық анықтама дайындалып, әрі қарай тауар нарығындағы субъектінің үлесін анықтау мақсатында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп, тергеп-тексеру жүргізу немесе хабарлама жолдау жөнінде шешім қабылданып, заң бұзушылық фактісі анықталған жағдайда тиісінше монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданады. Бағалар мониторингі 1 ай, талдау жүргізу 3 айдан аспайтын мерзімдерді қамтиды. Бұдан әрі тергеп-тексеру жүргізген жағдайда 3 ай және қосымша 2 айға созу мүмкіндігі қарастырылған. Ағымдағы жылы Кәсіпкерлік кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Бұл ретте тергеп-тексеру жүргізу барысына тоқталатын болсақ, бұрын тергеу объектілері, яғни кәсіпкерлер өзіне қатысты монополияға қарсы органмен тергеу тағайындау жөніндегі бұйрыққа шағым келтіріп, бұл өз кезегінде тергеу жүргізілуін тоқтата тұруды қажет ететін еді. Тергеуді қайта бастау, яғни тергеуді жүргізу үшін бірнеше сатыдағы сот талқылауларынан өтіп, ақырғы сот шешімінің заңды күшіне ену күнінен кейін ғана мүмкін болды. Яғни, аталған сот рәсімдеріне 1 жылдан астам уақыт кетіп, тергеп- тексерудің маңыздылығы төмендеп, монополияға қарсы органмен жедел шара қабылдау мүмкіндіктерінің шектелуіне алып келетін болды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектісінің осы аралықта айғақтарды, дәлелді құжаттарды толық жойып тастауы мүмкін. Осыған байланысты, қазіргі уақытта, кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, монополияға қарсы орган тергеу бұйрығына, қызметкердің әрекеттеріне шағым келтірілсе де, тергеп-тексеруді тоқтатпай, әрі қарай жүргізе беру мүмкіндігіне ие болды. Бұл ретте монополияға қарсы органның шешімдерінің іске асу мерзімінің тежелуіне жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына монополияға қарсы органның әкімшілік актілеріне шағым келтірілген жағдайда мерзімін тоқтатпау бойынша енгізілген түзетулерге тоқталып кетейін.
Олар: *Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің бар екені туралы хабарламаға шағым жасалғанда оның мерзімінің өтуін тоқтатпайды (ҚР КК 199-б 1-1 т.);
*Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру тағайындау бұйрығына шағым жасалғанда тергеу жүргізу мерзімін тоқтатпайды (ҚР КК 216-б 5 т.);
*Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тергеп-тексеру кезіндегі әрекеттеріне шағым жасалғанда тергеу жүргізу мерзімін тоқтатпайды (ҚР КК 221-б соңғы бөлігі);
*Тергеп-тексеру қорытындысының бұйрықпен бекітілуі алып тасталынды (ҚР КК 224-б 5-т). Осыған орай, енгізілген өзгерістер монополияға қарсы ден қою шараларының қабылдану мерзімдерінің айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы нарық субъектілері тарапынан болатын монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық түрлері ол үстем жағдайды теріс пайдалану, жосықсыз бәсекелестік, бәсекелестікке қарсы келісімдер және келісілген әрекеттер.
Бұл ретте монополияға қарсы орган нарық субъектілеріне бұзушылық белгілері бар болуы туралы хабарлама жолдай отырып, кәсіпкерге дер кезінде райынан қайтып, адал қызметін жалғастыруға мүмкіндік береміз. Егер хабарламамен келіспеген жағдайда, тергеп-тексеру тағайындап, тергеу қорытындысы миллиондаған айыппұл салу мен монополиялық кірісін тәркілеуге алып келеді, яғни монополиялық қызметтен түскен табысының 3-5 пайызы (%) көлемінде айыппұл салынады және 1 жылдық монополиялық кірісі толық тәркіленеді. Жыл басынан бері «Е-Өтініш» электрондық үкімет порталы арқылы департаментке 66 өтініш келіп түсті. Оның 40-ы қарастырылды, 26-сы басқа мемлекеттік мекемелерге өз құзыреті шеңберінде қарау үшін жолданды. Арыз-шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, мектепке дейінгі білім беру саласындағы конкурстар, теміржол, мұнай саласындағы тендерлер кезінде бәсекелестікті шектейтін белгілердің болуы бойынша түсуде, сондай-ақ байланыс және интернеттің бағаларының өсуі бойынша мәселелер қарастырылып, өтініш берушілерге толық жауап беріледі.
Айгүл НАБИЕВА,
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы