Қазіргі таңда мемлекеттің алдында тұрған басым міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығы саласын дамыту.
Себебі, елімізде орын алып жатқан азық-түлік бағасының қымбаттауы мен кейбір тауарлардың тапшылығы осы салаға тікелей байланысты. Соған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында
«Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл — стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деді.
Бұл дәл уақытында көтерілген мәселе деп білемін. Себебі, президент айтқандай жедел түрде агрокешенді дамытпай елімізді азық-түлікпен толық қамти алмаймыз. Ал, ол үшін шаруагерлерге жер беріп, оның игерілуін қадағалау қажет. Өйткені көптеген кәсіпкерлер пәлен гектар қылып жер алып алады да оны не өздері игермейді, не өзгеге бермейді. Бұл туралы мемлекет басшысы: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды.
Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс» деген болатын. Сондай-ақ, Жолдауда кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін айқындау мәселесі де айтылды. Енді президенттің тапсырмасына сай әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан жерлер анықталып, оның картасы жасалады. Кейіннен ол ақпарат бизнес өкілдеріне таныстырылады. Ал, өз кезегінде кәсіпкерлер бос жатқан жерлерді игеріп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуы қажет. Аталған іс-шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түседі. Ендеше, атқарушы билік өкілдері мен кәсіпкерлер бірлесе отырып, жерді игеруге жедел кірісуі қажет. Сонда ғана елімізде орын алып жатқан азық-түлік бағасының қымбаттауы мен кейбір тауарлардың тапшылығы жойылады.
Мақсот КАРИН,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы