Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Алаш ардақтысы Ахмет

Қазақ халқының аңсап жеткен азаттығы мен тегеурінді тәуелсіздігі туған тілімізді өз тұғырына қондырды. Осы жолда қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Сөйтіп, елім, тілім деп күрес майданына шыққан көптеген асыл азаматтардың зор қажыр-қайратының арқасында, қазақтың қара қылды қақ жарған қайсар тілі - мемлекеттік мәртебеге ие болып, еңсесін тіктеді.

Осындайда алаш ардақтысы, ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы атанған Ахмет Байтұрсыновтың: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды.Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген дара даналығында қаншама мән бар десеңізші?!

Ендеше, қазақ тілінде іс қағаздарын дұрыс жүргізіп, әртүрлі құжаттарды сауатты жазу - ел мәдениетінің ғана емес, сонымен қатар қай өркениетті қоғам мен мықты деген мемлекеттің де жалпы даму деңгейінің көрнекті көрсеткіші екендігі анық.

Әрине, ұлт маңдайына біткен ұлы тұлға, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсыновтың туған тіліне деген құрметі жоғары болды. Ол туған тілін бәрінен биік қойды. Оның тіл туралы тағылымдарын тыңдай отырып, өз ұлтына, тіліне деген шексіз жанашырлығына қайран қаласың. Соның бір айғағындай мына бір сөзінде таудай тағылым бар екендігі сөзсіз:

«Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпаудың қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керекпіз»

Демек, мұны біз тек ұран сөз ретінде қолданбай, іс жүзінде жүзеге асуына ат салысуымыз қажет деп ойлаймын.

Биыл өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осы тарихи мереке қарсаңында ұлт ұстазының өмірінен сыр шертуді жөн санадым.
Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) - қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі. Қоғам қайраткері, ақын, педагог, публицист, түркітанушы, ағартушы, аудармашы, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы.

1910 жылдан бастап А. Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тысқары жер аудару жөнінде шешім қабылданды. Осы шешімге сәйкес, ол 1910-1917 жылдары Орынборда тұрды. 1913-1918 жылдары тұңғыш жалпы ұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Бүкіл қазақ жұрты «Қазақ» газетін оқып, оңы мен солын тани бастады, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының саяси санасы осы басылым арқылы жетілді. А. Байтұрсыновтың алғашқы кітабы-«Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің ауыр халін тұспалдап жеткізді. Ол мысал жанры арқылы халықтың саяси санасының оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты бейнеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). «Масаның» негізгі идеясы- жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды.

Ол туралы ақын Мұхтар Әуезов: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал", «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты,біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деген екен.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне, қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтары да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады.

Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфабиттен шығарады. Арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады. Қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп 24 таңбадан тұратын өзі «Қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді.

Ұлт ұстазы туралы деректерді бір ғана мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес еді. Бұл тек А.Байтұрсыновтың қасиетті қазақ тілі туралы қағидалары мен тіл құралының жасалуы жолындағы өлшеусіз еңбектерін ғана жеткізе білгеніміз.
Сайып келгенде, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылқоға ауданы да, Ұлт Ұстазының қазақ тілі туралы айтқан даналықтары мен қағидаларын берік ұстанып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру жолында айтарлықтай игі істер атқарып келеді. Қашанда, қазақ тілі сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлы алдымен ілініп, ол салған сара жолды сараптай беретініміз хақ. Сондықтан, санаға сәуле ұялатқан ұлт ұстазының рухы аспандатып, елдік мүдденің мерейі таси беретіні сөзсіз. Ендеше, тіл тағдырын ойлаған әр қазақ тамшыдай ниеттен таудай тәлімге қадам басса қандай керемет?!

 

Базаргүл ӘБДУАЛИЕВА, Қызылқоға аудандық сотының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT