Митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен реттеледі.
Бұл заң елде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуді демократияландырып, жеңілдете түсті. Нақты айтқанда, осы заңда жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған. Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі. Хабарламада бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі. Аталған хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі. Ол үшін ұйымдастырушы демонстрациялар мен шерулердің өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал, жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Ұйымдастырушы өтініште демонстрациялар мен шерулерге қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді.
Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені немесе оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды. Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттармен белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі тиіс. Сонымен бірге, заңды бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылатындығын және ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатындығын білген дұрыс.
Қызылқоға аудандық прокуратурасы