Дүйсенбі күні Көздіғара ауылдық округіндегі Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлерге арналған обелиск айналасын тазалау жұмысары болып өтті. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай ұйымдастырылған шараға ауылдың ерікті жастары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптеу, ерліктерін есте сақтау жән олардың рухына тағзым етіп, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан жастар ескерткішті жуып-тазалап, маңын қоқыстан тазартты.
Шараны ұйымдастырған Көздіғара ауылдық округінің жастар жетекшісі Аружан Арыстанғалиева «Бұл соғыс барлық отбасының тарихында өз ізін қалдырғандықтан Жеңіс күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінен ерекше орын алатын мереке. Ал, жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан ата-баба ерлігіне құрмет көрсету біздің мұқалмас парызымыз. Шараның өз мәнінде өтуіне атсалысқан барлық оқушы мен жастарға алғыс білдіремін» деді. Аудан бойынша барлық ауылдық округте Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлерге арналған обелиск бар. Бұл ретте, олардың да айналасыны тазалау жұмысары ұйымдастырылса игі дейсің.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ