Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлттық Құрылтай қазақтың тағдыршешті шешімдер алаңына айналды

Құрылтай – қазақ халқының тарихи дәстүрлерімен байланысты, ежелгі замандардан бері елдің ортақ мәселесін талқылайтын кеңес болған-ды. Тарихи сабақтастықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, 2022 жылы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын Ұлытау облысында өткізді. Сөйтіп, Құрылтай алаңы – консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылып, қалыптасты. Бүгінде халық асыға күтетін, күн тәртібінде елдік мәселелер көтеретін бірегей платформаға айналды.
Зерделеп көрсек, әр жыл өткен Құрылтайда көтерілген мәселелердің де ауқымы кеңейіп келеді. Осыған сәйкес ол жерде айтылған мәселелерге байланысты қабылданатын шешімдер мен берілетін тапсырмалар да өте маңызды. Айталық, былтырғы өткен құрылтайда 300-ге жуық мәселе айтылып, 40 беттік жоспар дайындалды.

Бұның өзі Ұлттық Құрылтайдың мәні мен маңызының қаншалықты жоғары екенін айғақтайды. Ал биыл Бурабайдың төрінде өткен Құрылтайда да келелі дүниелер кезең-кезеңімен жүзеге асатынында күмән жоқ. Өткен Құрылтайларда айтылған мәселелер жөнінде біздің Парламент қабырғасында Президентіміздің тапсырмалары заң негізінде жүзеге асып, көптеген заңдар қабылданды. Мәселен, елімізде 400 мыңнан астам құмар ойынға берілген лудомандардың бар екені жайлы Құрылтайда айтылды. Біз өткен Құрылтайда көтерілген осы мәселені негізге ала отырып, құмар ойындары мен есірткіге қарсы заң қабылдадық. Сонымен бірге есіртікі тасымалдайтындар мен есіріткі өндіретіндердің ара жігін ажырату туралы да Құрылтай барысында айтылды, көп өтпей бұл мәселе де шешімін тапты. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәселе де Құрылтайда айтылған болатын. Оған да қатысты заң қабылданды.
Құрылтай – халықтың пікірін билікке жеткізетін маңызды институт. Бастапқыда ұсыныстар саны аз болса да, кейіннен оның тиімділігі мен халықтың қатысуы артты. Мәселен, Ұлытаудағы алғашқы отырыста 42 ұсыныс айтылса, Атырауда 149 ұсыныс айтылды. Бұл Құрылтайдың халықпен байланысының арта түскенін көрсетеді.
Ұлттық Құрылтайда көтерілген ұсыныс-талаптар мен Парламент арасындағы рухани байланыс жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, Ұлытаудағы жиында 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке мәртебесін қайтаруға екпін берілсе, 2022 жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, ұлық мерекенің қайта салтанат құруына заңдық негіз жасады. Түркістандағы Құрылтайдан кейін «Балалар кітапханасы» атты жаңа жоба дүниеге келді. Атыраудағы маңызды жиыннан кейін әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданды. Оған вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды.
Жалпы айтқанда, Ұлттық Құрылтай қазақтың тағдыршешті шешімдер алаңына айналды. Тіпті Ұлттық Құрылтайдың маңызы Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауынан кем түсіп тұрған жоқ. Осы алаңда еліміздің әр өңірінен келген азаматтар ойларын ортаға салып, бір шешімге келуді мақсат етеді. Биылғы Құрылтайды бақылап отырмын, қатысқан әр сала мамандары кешегі өткен секциялық отырыста келелі мәселелерді көтерген екен. Айтылған мәселелердің шешімін табуына мүдделіміз.
Қысқасы, Ұлттық Құрылтай елдік мәселелерді көтеретін платформаға айналды. Ал, Парламент Құрылтайдың мәртебесін арттыруда заң нормаларымен қолдап келеді. Бұл Құрылтай мен Парламент арасындағы байланыстың нығайғанын және халықтың ұсыныстарының ескеріліп жатқанын көрсетеді.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT