Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАҚТАШЫСЫЗ МАЛ - БАРЫМТАШЫҒА ОЛЖА

Қыс мезгілі аяқталып, күн жылынып, мал өріске шығар кезде ауыл тұрғындары бақташы іздеп сабылады.

Қазір бұрынғыдай қыс қыстауда, жаз жайлауда көшіп жүре беретін заман емес. Сондықтан қой-ешкіні кезекпен бағатын тұрғындар бойдақ ірі қара малдарын алты ай жазға қыр төсінде отырған шаруа қожалықтарына ақысын төлеп қосса, сауын сиырларын «құдай сақтасын» деп өріске айдап жібереді. Көктемде қабылдап алған малдарын жаз бойы келісілген бағаға баққан шаруа қожалықтары күз болғанда кері тапсырады. Сөйтіп, жекенің малы мен шаруа қожалықтарының малы осылайша жаз бойы араласып жүреді. Осы орайда, малды өріске айдап жіберіп, артынан малын таба алмай, құқық қорғау органдарына жүгінетіндер де табылып жататыны жасырын емес. Бұл ретте, «Бақташыға неге бақтырмайсыңдар?» дегенге: «Бақташы шықпайды» деп келте қайырады. Сонда шынымен бүгінде бақташы табу қиын ба? Әлде басқалай себептері бар ма? Міне, біз осы сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.

Кезекпен бақтыруды ұйымдастырған жөн

Өткен жылдың аяғында газет редакциясына келіп, елдімекен тұрғындарының жеке малдарын бақтыруға бақташы шығару жөнінде пікірін білдірген Тасшағыл ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Оңғар Жанықұлов: «Қазір ауылдық жерлерде ешкім мал бақпайды, бағуға деген ұмтылыстары да жоқ. Қол аяғы балғадай, зіңгіттей жігіттер жан қинамайтын ақылы негіздегі қоғамдық жұмысты немесе анда санда болатын көтерме жұмысты місе тұтып, ауылдан шықпайды. Ал, қараусыз мал қайда бармайды? Әрине, кооперативтің, серіктестіктің, шаруа қожалықтарының шабындықтарына барып жайылады. Әсіресе, далалықтан, шабындықтан үйір-үйірімен жүрген жылқылар көп кездеседі. Жылқының ешқандай есебі де жоқ, белгісі де жоқ. Көктемде өр суы келе қалған жағдайда шабындықтарына қаржысын төлеп, суды айқай-шумен әрең шығарған шаруашылық иелеріне жерлерін таптатып қою оңай емес.

Бұрындары ауыл әкімдерімен бірлесіп, бақташы шығаратынбыз. Соңғы жылдары неге екені белгісіз, ешкім бақташылыққа шыққысы келмейді. Сөйтіп, оңай олжа іздеген ұрыларға өзіміз мүмкіндік береміз. Мал бағып, еңбек етемін деген жанға ауылға жақын жерден қауымдастықпен белгіленген жер де бар. Мал бақтыру жөнінде 2017 жылы күшіне енген облыстық мәслихаттың қаулысында көрсетілгендей белгіленген уақытқа дейін бағымдағы мал бақташының жауапкершілігінде болса, осы уақыттан кейін жүрген төрт түлік жазатайым бірдеңеге ұшырап жатса, онда оған мал иесінің өзі жауап береді. Яғни, жоғалып кетсе немесе көлік астына түссе дегендей. Сондықтан, ауыл тұрғындары қой-ешкі малын кезекпен бағып жүргендей, сиырды да кезекпен бақтыруды ұйымдастырса қалай болады?» деген еді.

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT