Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Арулар аз болды ма, атқа қонған…

«Өтті ғой соғыс, арман не құрбым» деп тамылжыта ән салған арулардың қатарында бұрынғы теңіздік, қазіргі құрманғазылық әйел-ана, қыздардың болғандығын тасқа басылған тарих айғақтайды. Отан–Анаға қауіп төнген сол бір сұрапыл шақта атпал азаматтар, бозбала боздақтар көзінен тізіліп сыпырыла майданға аттандырылды. Қалыс қалуға болмайтын ел дүрліккен аласапыранда ездік танытқан жан баласы болмады. Елдің елдігі, ердің ерлігі айна-қатесіз көрініс берді. Күші басым, тұтқиылдан тап берген басқыншы фашистерге қарсы бұрынғы одақ қарамағындағы республикалардан мың-мыңдап боздақтар араға күн салмай аттандырылуы тән жағдай, қалыпты үрдіске айналды.

Уәделерінде тұрған қаһармандар

Дыңғызыл ауылынан Секер Жайлауова да бұл кепті басынан кешкен. Өкініштісі, 1945 жылғы сәуірдің аяғында, соғыс енді-енді бітеді деп тұрғанда ұлы Тәжімұрат Қамариденовтың ерлік өліммен көз жұмғанын белсенділер «мал сауыны қалып қояды» желеуімен кейіннен айтқан. Жалғыз қызы Зібира Қамариденовамен мал шаруасына бірге жегілген Секер апа ұлы Тәжімұратты өлдіге қимай, өмір бойы қара жолдан қылпы көрінген адамның алдынан жүгіре шығып, ол еместігіне көзі жеткен соң салы суға кетіп, кері қайтқан. Жасы жетіп жантәсілім болар алдында да құранның сүресін емес, ұлының атын қайталап айтып барып ақтық демі үзілген.

Секер апа секілді аналар әрбір қазақ ауылында аз болмаған ғой! Мүмкін, сан жүздеп, тіпті сан мыңдап бар шығар? Секер апаны ортақ образ етіп, барлық осындай кейуаналар мен жесірлерге, жетімдерге арнап поэма жазып, оны кітабыма шығарғаным, таусылып біткен сол бейбақтарға арнап салған бір уыс топырағым, тағзым еткенім!

Бүгінгі әңгімеміз «оянкүметтің» есігін тоздыра жүріп, «зұлым жаудан өшімді алмай қоймаймын» деген уәделеріне ақыры жетіп тынған қаһарман, майдангер арулар жайында болып отыр.

Жаудың зәре құтын қашырып…

Әрине олардың алдыңғы легінде теңдессіз ұшқыш батыр, жаудың зәре құтын қашырған, олардың өз тілімен айтсақ, «түнгі мыстандардың» бірі де бірегейі, Талғат Бигельдинов ағасының ерлігіне пара-пар ерлік жасаған қаһарман қазақ қызы Хиуаз Доспанова маңдайы жарқырап алдымыздан шығады.

Хиуаз Хайырқызы Доспанова 1922 жылдың 15 мамырында әлі күнге жұртшылық жабайы демалыс орнына айналдырып алған Құрманғазы ауданындағы тоғайы мүлгіген, сылдырап аққан суында балығы шоршып ойнаған Зормата деген ғажайып мекенде туған.

Хиуаз Хайырқызы Орал қаласындағы №1 орыс мектебінде оқиды. Мұндағы оқуымен қатар осы Оралдағы аэроклубтан да білім алады. 1940 жылы аэроклубты үздік тәмамдап, «Запастағы ұшқыш» куәлігіне қолы жеткізеді. Бұдан соң Хиуаз Хайырқызы мектептегі жақсы оқығанының дәлеліндей, Мәскеудің бірінші медициналық институтына еш қиындықсыз оқуға түседі. Ол бірінші курсты бітірген жылы соғыс өрті бұрқ ете түседі.

Әйгілі ұшқыш Марина Раскованың 46-ы гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарын жасаған Хиуаз Доспанова теңдессіз ерлігімен кеңес әскери басшылығын қайран қалдырады. Оның кеудесіне ілінген «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл ту», «Отан соғысының бірінші, екінші дәрежелі» ордендері, «Қызыл Жұлдыз» ордені, ондаған медальдары – көзсіз батырлығының айғағы. Бірақ сол соғыстың «қанатты қызы» атанған дүниежүзінде тұңғыш жасақталған авиаполктың даңқты ұшқышы, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, батальон комсомол ұйымын басқарған белсенді Хиуаз Доспановаға, барлық ұшқыш құрбыларына берілген «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеді, ақыры.

Ерлі-зайыпты майдангерлер

Ауданда ерлі-жұбайлы майдангерлер Хамит Жәудәұлы-Мәрия Айсақызы соғыстан кейін де еңбек етіп, өмір сүрді, ұрпағына-ұрпақ жалғап, көбейгендердің қатарында болды. Хамит көкеміз 1945 жылдың сәуірінде бір аяғын Курск түбінде жерлеп, «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» ордендерін, медальдарын сыңғырлатып, протезін сықырлатып елге оралысымен, еңбек етіп «Мемлекеттік банк үздігі», «Социалистік есептің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған, аудандағы белгілі де беделді қариялардың бірі еді.

Ал оның аяулы жары Мәрия Зорманова 1924 жылы 25 желтоқсанда көршілес Астрахан облысының  «Красный Яр» ауданында туып, Байбек ауылындағы мектепте оқыған. Ата-анасынан жастай айырылған Мәрия ағайын-туыстарын сағалап, 1940 жылы Теңіз (Құрманғазы) ауданына келіп, аудандық қаржы бөліміне есепшілік жұмысқа орналасады. Соғыс басталғанда «мені майданға жіберіңіз» деп аудандық әскери комиссариаттың есігін тоздырағанның бірі – Мәрия Айсақызы. Аз уақыттан соң Мәрия атқыштар дивизиясының 416 полкіне байланысшы болады.

1945 жылы мамырда кеңестік қызыл Ту Рейхстаг төбесінде желбіреді деген хабарды естіп, «бітті ғой, соғыс, арман не құрбым…» деп ағыл-тегіл көз жасқа ерік берген майдангер қыз – Мәрия Зорманова. Көз көргені – Хамит көке протезін сықырлатып, Мәрия ана майдангер қартын жетелесіп, ауданда өтетін парадқа бір үйден ерлі-жұбайлы екі қаһарман келіп қосылатын.

Ерлі-жұбайлы майдангерлердің қатарынан Махмуд Димұхашев – Әсима Димұқашева да орын алады. Махмуд әкей Батыс Қазақстан облысының тумасы, Әсима ана Астрахан облысы, Қызыл жар ауданы, Исламғазы ауылында дүниеге келген. Соғыстан кейінгі жылдарғы өмірі Құрманғазы ауданында өткендіктен осы жердің тұрғындары саналады. Махмуд Димұқашев майдангер де 2-гвардиялық атқыштар корпусы 91-атқыштар дивизиясы 275-атқыштар полкі құрамында Калинин, І Прибалтика майданында ұрысқа қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдармен марапатталған.

Жұбайы Әсима Димұқашева 1942 жылы өз еркімен Отан қорғауға аттанып, Оңтүстік, Солтүстік майдандарындағы Әуе қорғанысы құрамаларында әскери байланыс техникасының құпия тілін қабылдайтын 17-і жеке прожектор батальонының дыбыс қабылдағыш бөлімін басқарады. Майдандағы ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін», т.б. медальдармен марапатталған.

Бір әулеттен шыққан  қос батыр

Бір әулеттен шыққан қос майдангерді айтқанда Мақым Шамханов пен оның жұбайы Валентина Шамхановаға да қолымыздағы дерекке сай қысқа да нұсқа тоқталып өтпекшіміз. Майданға 1941 жылы аттанып, Беларусь, ІІ Украин майдандарында ұрысқа қатысқан. Кескілескен ауыр шайқаста екі аяғына бірдей оқ тиіп, жарамсыз ретінде 1943 жылы 25 наурызда елге қайтарылады. «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдармен ұлығыланады.

Ал оның өмірлік серігі Валентина Шамханова анамыз 1924 жылы ауданның Ботақан ауылдық кеңесінде туған. Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға өз өтінішімен қоймай жүріп аттанады. 416-зенитті-артиллериялық полк, 430 дивизион құрамында Украина майданында ауыр ұрыстарды бастан кешіреді. Қайратты да қайтпас қаһарман қазақ қызы ерлермен бірдей ауыр артиллерияны сүйресе жүріп, Румыния, Венгрия жерлерін жаудан тазартысып, екі мемлекетті жаяу аралап шыққан.

Ұстаздықтан – майданға

Өткен соғыстың от жалынын бастан кешірген жерлесіміз Қазима Нұртазина 1922 жылы ауданның Нұржау ауылында жарық дүниені көрген. 1940 жылы Гурьевтен қысқа мерзімдік оқытушылар даярлайтын курсты бітірген соң, 1940-1942 жылдары сол туған ауылы Нұржауда ұстаздық қызмет атқарады. 1942 жылы майданға сұранып барып, 3-авиажөндеу пойызының Чернышевка, одан Қиыр Шығыс бағытындағы әскери жұмыстарда 1945 жылдың қараша айына дейін болады.

Әскери пойызды құртуды мақсат тұтқан жаудың талай мәрте төбеден тастаған бомбасының, нөсерлеп себелеген оғы астында жүріп, 1944-1945 жылдары Польша жеріндегі шайқастарға, кейін милитаристік Жапониямен соғысқа бастан-аяқ қатысып, ерлік көрсеткен қаһарман қыз.

Туған елге келген 1946 жылдан 1978 жылға дейін Н.Крупская орта мектебінде жұмыс жасап, зейнеткерлікке шығады. Алдынан білім алған шәкірттері өмірден өз орындарын тауып, аяулы да айтулы ұстаздарын әлі күнге мақтан тұтады.

Сержант шеніндегі байланысшы

Майдангер Нина Потемкина туралы да айтуға тиіспіз. «Қайран ерлер – қаһармандар» кітабында «1925 жылы Астрахан облысының Қаражар ауданында туған» деп жазылады. Бірақ, өзін құрманғазылық санауы өте орынды. Өйткені, соғыстан кейін тағдыры оны қазақ топырағына тап келтіріп, зейнеткерлікке шыққан 1980 жылға дейін «Жаңа тұрмыс», одан кейін Ленин атындағы колхоздардың айтулы егіншісі болған. Соғыста – сержант шеніндегі байланысшы. Бірінші Украин майданының, 64-і дивизиясының 286-ы атқыштар полкы құрамында ауыр жорық жолдарын бастан кешірген нәзікжанды «Сталинградты қорғау» аталған алапат қан майданның бел ортасында жасқанбай шайқасып, зұлым жаудың әлегін аспаннан келтіруде ерекше ерлік үлгісін көрсеткен.

Ерлігімен паш еткен қайсар жауынгерлер

Соғыста қазақ деген халықты ерлігімен паш еткен қайсар жауынгерлердің бірі Хамета Ингамова (Манаева) еді. 1921 жылы Құрманғазы жерінде жарық дүние есігін ашқан. Соғысқа дейін Алматыда педагогикалық курста оқып, оны бітірген соң еңбек жолын 1941 жылы Еңбекшіқазақ ауданында мұғалімдіктен бастады. Жиырмаға толар-толмастан мөлдір бойжеткен өз еркімен майданға аттанған. Соғысқа барған соң қажеттілікке орай шоферлік курста оқып, бірден Сталинград майданының қайнап тұрған кезіне тап болады. Сталинградты жаудан аластауда жанқиярлықпен шайқасты. 1944 жылдың тамызында Қиыр Шығыстағы әскери күшке қызмет етуге жіберілді. 1947 жылы ғана ефрейтор Хамета Ингамова туған жеріне оралды.

Құрманғазылық қайсар қыздың бірі – өз еркімен майданға сұранып барған, аудан орталығы Ганюшкинде 1921 жылдың 17 желтоқсанында туған Варвара Ефремова болатын. Көп балалы отбасының қызы, алты бірдей апа-сіңлілерінің екіншісі. Матвей Ефремов әке осы өңірдің кәнігі балықшысы. Варвара 7-сыныпты аудан орталығындағы Молотов мектебінен бітірген соң, поштаға телефонистка болып орналасады.

Майдангер Татьяна Туминаны да білетін құрманғазылықтар, әсіресе аудан орталығы тұрғындары ерекше құрметтейтін. Ол енді дала госпиталінде жаралыларды емдеуге атсалысты.

Құрманғазы ауданының орталығы бұрынғы Ганюшкин ауылында 1924 жылы 20 желтоқсанда өмірге келген Мафишдаш Шынтемірова да өз еркімен сұранып майданға барған арулардың бірі. Ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен қызы «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені және бірнеше медальмен марапатталған.

1925 жылдың түлегі Валентина Кикаева – ефрейтор шеніндегі майдангер. Соғыстан кейін аудандық ауруханада 20 жыл үзбестен мейірбике болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.

Есімдері белгілі, өмірдеректері, майдан жолдары беймәлім құрманғазылық қаһарман арулардың ұзын саны көш құлаш тізімді құрайды. Оларды: А.Кучьянова (Кудряшов ауылы), К.Мирасова, Горбачева Ольга Ивановна – 1921 ж.т., Горбачева Александра Федоровна – 1922 ж.т., Иванова Лидия Матвеевна – 1915 ж.т., Кирпичникова (Скрипник) Вера Александровна – 1926 ж.т., Малыгина Просковья Тимофеевна – 1915 ж.т., Федотова Анна Васильевна – 1922 ж.т. деп одан әрі жалғастыра беруге болады.

«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмауы тиіс» ант-сөзінің аясында сіз-біз болып, 18-ге толмай ұрандап өз еркімен жауға аттанған, алапат шайқаста ерлермен бірдей ерлік көрсеткен құрманғазылық арулардың есім-сойларын анықтау, майдан жолдарын жарыққа шығару – үлкенді-кішілі бүгінгілердің қасиетті борышы демекпіз.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

ақын, «Құрмет» орденінің иегері

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT