Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жұмысшы табу өзекті мәселе

Біраз жылдан бері халыққа қызмет көрсетумен, мал шаруашылығымен айналысып келе жатқандықтан бүгінгі таңда менде заңды тіркелген 42 жұмысшы бар.

Алайда, осы кәсіпкерлік саласындағы шешімін таба алмай келе жатқан бір өзекті мәселе – жұмысшы табу қиын. Шаруа қожалықтарына мал бағуға, сиыр саууға, шөп шабуға адам бармаса, мейрамханаларда даяшы, аспазшы, ыдыс жуушы, дүкендерде касса операторлары, жүк түсіруші, көлік жүргізушілері жетіспейді. Маман болмағасын пластиктен есік-терезе жасайтын цехтың жұмысы жүрмей тұр. Бұрын әскер қатарынан келгендерді немесе жұмыссыз жүргендерді тиісті орындар шақыртып алып, жұмысқа орналасуын қадағалайтын. Аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмысшы сұрап хат жібергенімізбен, келген адамдар жұмыстың ауырлығын алға тартып немесе жұмыс уақытымен келіспей көп тұрақтамайды.

Жалпы, жұмыссыздарда тіркеулі тұрған 882 адамның ең болмаса 1 пайызын жұмысқа келтіре алмадық. Менің ойымша, олар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, тер төкпей ақша алуды үйреніп қалған секілді. Ал, адам күші жетіспесе қай саланың да дамуы қиын болары сөзсіз. Мәселен, жіберген жұмысқа бармағандарды жұмыссыздар санатынан шығарғанымен екі айдан соң қайтада тіркейтін көрінеді. Бұған үйренген олар шама келгенше жеңіл-желпі жұмыстарға кіріп алуды ойлайтыны сөзсіз. Сондықтан, ең бірінші осы жұмысшы мәселесін шешу қажет. Бұл бағытта бізде заңды қатайтқан жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, сауда орындарынан шығатын тұрмыстық қалдық заттарды шығаратын қоқыс жәшіктері (контейнер) қажет. Тағы бір айта кететін жайт, бұрындары әрі кеткенде 30 шақты кока-кола сусындарын әкелетінбіз. Қазір ауылдағы басқа дүкендерді қоспағанда, тек қана менің дүкендерім арқылы айына 40 тоннадай кока-кола сусыны сатылады. Бұл деген масқара ғой. Жаның ашығанмен халықтың сұранысын қанағаттандырамыз. Неге біз оның орнына қымыз, шұбат секілді табиғи әрі экологиялық таза ұлттық сусындарды ішпейміз? Ауданда мал көп, бірақ өнімін пайдаланбаймыз. Жылқы, түйе малдары жеткілікті, қымыз бен шұбат жоқ. Сиыр сауамыз, сүтті дүкеннен сатып аламыз. Менің ойымша, мал басын босқа көбейте бермей, оның өнімін де үйлестіруіміз керек. Бұл ретте, ауыл шаруашылығына ден қойып, шопандарға жеңілдіктер қарастырылса деймін.

Қайырбек БАЙМҰРАТОВ,

«Бәйтерек-Строй-Сервис» ЖШС-нің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT