Наурыз айының басында Миялы ауылында өткен тұрғындар жиынында сөз сөйлеген аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаевтың түсіндіруінше, негізінен ауылдық жерлердегі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі – жазғы маусым кезінде сауын және бойдақ малдарды бақтыру, яғни бақташы шығару. Бұл ретте, алдымен округ әкімі аппараты, мал иесі және бақташы болып үш жақты келісім жасалынғаны жөн.
Бұл біріншіден, мал ұрлығын болдырмаса, екіншіден мал иесінің де, бақташының да жауапкершілігін сезіндіреді. Келісімшарт мал иесіне де, бақташыға да тиімді. Өйткені, бұл құжат негізінде мал иелері бағымдағы жоғалған малын өндіріп алуға немесе бақташылар еңбекақысын бермей жүргендерден еңбегін толықтай өндіріп алуға мүмкіндігі бар. Құжатта ауылдық округтің тиісті маманы мал бағу орнымен қамтамасыз етуге жауапты болса, бақташы таңертеңгілік сағат 07.00-ден 21.00-ге дейінгі уақыт аралығында өзіне тапсырылған малды бағуы және жоғалтпауы, ал мал иесі уақытылы малын шығарып және күтіп алуы, малының ауырғаны немесе жарақаттанғаны жөнінде бақташыға хабарлауы, уақытылы мал дәрігерлік тексеруден өткізуі және сырғалап, таңбалауы, мал бағу ақысын бір айдан бір күн кешіктірмей төлеуі тиіс деп көрсетілген.
Сондай-ақ, ауыл ішінде қараусыз жүргендіктен кейбір малдар көліктердің қозғалысына кедергі келтірсе, адамдар демалатын саябақтарға, мекеме аулаларына кіріп кетіп, бүлдіретіндері бар. Сондықтан, аудан орталығында ауыл көшелерінде қараусыз жүрген малдарды уақытша ұстау алаңы ашылды. Мұндай жағдайларға жол берген мал иелеріне Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 505 бабында көзделген әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, алаңға қамалған мал иесіне бірінші мәрте ескерту беріліп, қайталанса айыппұл салынады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден